Аймақтар • 21 Қыркүйек, 2018

Бурабайда жаңа мешіт ашылды

958 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бурабай баурайындағы исі мұсылман қауым үшін ақ түйенің қарны жарылған айтулы оқиға – еңселі, ажарлы мешіттің салтанатты ашылу рәсімі өткізілді.

Бурабайда жаңа мешіт ашылды

Бұрынғы ағаштан қиып салған мешіттің ғимаратын өрт шалғалы елді мекеннің тұрғындары біраз қиындықты басынан кешірген болатын. Енді міне, Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының «Кәсіпкерлік бастамаларды дамыту қорының» ұйытқы болуымен жаңа мешіт салынып, ел игілігіне жаратылатын болды. Мешіт құрылысын Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы қадағалаған. Жалпы алаңы 1659 шаршы метрді құрайды. Мешіт маңындағы жер телімінің өзі қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, ат шаптырым. Төңірегі тегіс абаттандырылған, дәл жанында автомобиль тұрағы, гүлзарлар және жаяу жүргіншілерге арналған жол салынған. Нысанның ішінде бұл өңірде кездесе бермейтін  Променад, Конгресс-холл болғандықтан, айрықша сәулетті кешен деп те айтуға болады.

Мешіт тез салынды. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың қаңтар айында басталған болатын. Тез болса да, сапалы екендігі байқалып тұр. Мұнаралары алыстан менмұндалаған Алланың жердегі үйі келімді-кетімді кісісі көп Бурабай ауылының бұрынғы сәулетіне жаңа реңдегі әдемі кейіпті еселей түседі екен.

Ашылу салтанатында Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин ел бірлігін нығайту тарапында атқарылып жатқан саналуан жақсы істер жайын жиналған жамағатқа жеткізе келе, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын асқаралы міндеттердің оң шешімін тауып жатқандығына тоқтала келе, бүгінгі мешіт үйі жас ұрпақтың тәрбиесіне қалтқысыз қызмет ететін орын екендігіне тоқталды.

Мұнан соң сөз алған Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз өз сөзінде:

– Бүгінгі таңда бірлігіміздің мызғымас берік екендігінің бұлтартпас айғағы тәрізді имандылық үйлері көптеп салынып жатыр,–деді ол,–бұл мешіттер сан ұрпаққа қызмет ететін болады. Осы мешітті салуға қаржылай көмек көрсеткен адамдардың да өздерінің иманды шаруасын жарнамалап айтпауының өзі көп жайды ұқтырса керек. Бұл жайлы Құранда да айтылған. Мәселен, кімде-кім мешіт салса, Алланың құрметіне ие болып, жұмақтан орын тиеді. Дәл осындай мешітке ие болуымыздың өзі қасиетті тәуелсіздігіміздің арқасында. Мешіт – ұлы мәдениеттерге, адамгершілік пен ізгілікке, рухани құндылықтарды қасиеттей білуге тәрбиелейтін орын.

Сөз соңында бас мүфти мешіттің кілтін табыс етті. Бурабай баурайын жайлаған дүйім ел атынан ауданның құрметті азаматы Нұрсейіт ақсақал Қасенов жамағаттың шексіз ризашылығын жеткізді.

– Бұрынғы ескі мешітке отыз-ақ адам сиятын еді. Жұма намазына жиналған жұрт далада тұратын. Енді міне, 150 орындық, үш қабатты мешіт пайдалануға беріліп отыр. Ішінде ерлер мен әйелдерге арналған екі ғибадат бөлмесі, кітапханасы, 140 орындық ас беретін залы бар. Осындай ел игілігі үшін иманды шаруа істеген барша азаматтарға ақ алғысымызды білдіреміз,–деді ол.

Мұнан соң жиналған жамағат сәулелі мешіттің ішін аралап көрді. Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Ақмола облысындағы өкіл имамы Қуаныш Сәбит құран бағыштап, Серікбай қажы Ораз ақ батасын берді. Жаңа мешіттегі жұма намазына жиналған жамағат бірін-бірі осы бір қуаныштарымен құттықтап, жақсылық тілесті.     

 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы.