Биылғы жылы облыс орталығының бірқатар көшелерінде жаяу жүргіншілер мен көлік жүретін жолдар жаңартылып, күрделі жөңдеуден өтті. Сондай-ақ орталық парк алаңының тас төсеніштері толықтай жаңартылған болатын. Жаңа үлгідегі жұмыстар кезінде қызыл және сары түсті кірпіштер ою-өрнек түрінде айшықталған. Бүгінде бұл жұмыстар аяқталып та қалған еді. Бірақ олай емес екен.
Жұмысшылар жолдағы жаңа тас төсеніштердің кей бөліктерін қайтадан алып, «Астана Led Сервис» фирмасынан жеткізілген жарықдиодты шыны текшелермен алмастыруда. Фирма қызметкерлерінің айтуынша, бұндай тапсырма негізгі жұмыс кезеңінде емес, жақында ғана берілген. Алайда қолға алынған іс бір-екі күннің ішінде аяқталмақ. Бүгінде жеті бірдей жолаққа арнайы кабель тартылуда. Нәтижесінде алуан түсті жарық беретін жол қаланың ажарын аша түспек.
Айта кеткен жөн, жұмыстар үшін мемлекеттік бюджеттен ақша жұмсалмайды. Бұл - астаналық мердігердің қостанайлықтарға тартуы болғалы тұр.
Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ
«Егемен Қазақстан»