Жазғы спорт • 21 Қыркүйек, 2018

Алексей Луценко: «Алматы турын» апталық жарыс қылса керемет болар еді

527 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Алматы туры» веложарысының соңғы төрт маусымы «Астана» командасының көшбасшысы Алексей Луценконың есімімен қатар аталып жүр. Бұл, әрине, таңқалдыратын дүние емес. Себебі шабандоз қызу бәсекелестік жағдайында суырылып шығып, қатарынан төрт мәрте чемпион атанды. 

Алексей Луценко: «Алматы турын» апталық жарыс қылса керемет болар еді

- Алексей, бірінші дәстүрлі сұрағымыз – маусым аяқталуға таяу. Өзіңіз үшін қалай бағалайсыз?

- Биыл спорттық оқиғаға қанық жыл болды: Азия ойындары, футболдан әлем чемпионаты. Бұл жөнінде жанкүйерлерге қызыға қарайсың. Осындай айтулы шаралардың арқасында уақыт жылдам өте шыққан сияқты. Ал мен үшін жыл әлі аяқтала қойған жоқ. Қазір мен Италияда әлем чемпионатына дайындалу үстіндемін. Бұл жыл мен үшін сәтті басталды. Омандағы бірінші жарысымда-ақ жеңдім. Одан кейін Қазақстан чемпионаты, «Аустрия туры» және бұл жерде айта кету керек, негізгі мақсатым Азия ойындары болатын. Діттегеніме қол жеткіздім. Индонезияда екі алтын медаль алдық. Алдыда әлі әлем чемпионаты, әрдайым үлкен жауапкершілікпен қарайтын "Алматы туры" бар. Сосын ақырғы жарыс. Қазір «Астананың» басшылығымен «Түркия туры» мен «Қытай турына» дайындалып жатырмыз. 

- «Алматы туры» Сіз үшін несімен бағалы? Сіз неге мұнда ұмтыласыз? Жарыстың қиындығы неде? Азияның басты кәсіби жарысы атағын алу үшін не жетпейді деп ойлайсыз?

- «Алматы туры» - алтыншы рет ұйымдастырылып жатқан Қазақстандағы алғашқы кәсіби веложарыс. Үйдегі жарыстарға мен ерекше сезіммен қараймын. Біріншіден, мен команда директорлары жарысты менің күнтізбеме кіргізгеніне қуаныштымын. Мұнда менде әрқашан үлкен мақсаттар бар.

Жарыс таулы-қыратымен, әсем Алматыда өтіп жатқандығымен күшті. Егер бұл жолы ауа-райы әбден қолайлы болса, әлем оның көрікті пейзаждарымен сүйсінеді. Мен көптеген шетелдік шабандоздармен араласып тұрамын. Бес жыл ішінде келгендердің барлығы «Алматы туры» қай жағынан алып қарама ұнайтынын айтады. Қиындығы, ұйымдастыру жағы, жанкүйерлер жағы болсын...

Қиындығы жағынан оңай емес. Әсіресе, мәре сызығындағы Медеуге дейінгі екінші кезең. Онда шынымен барыңды салуың керек.

Не жетпейді дейсіз бе? Жұлдызды құрамды шақыру керек. Биыл әлем чемпионатына дайындық жүріп жатқандықтан көптеген топ спортшылар «Алматы турын» жіберетін шығар. Бір жағынан мен енді ғана күш алып келе жатқан жарыстың бірден маусым рейтингісінің күнтізбесінен ойып тұрып орын алу оңай шаруа емес екендігін білем. Алайда ол үшін барлық тиісті жұмыстар жасалып жатыр деген естуім бар. Жалпы, қазақстандық ретінде мен Алматы туры жарысының мәртебесінің жоғары деңгейде болуы үшін мүмкіндігінше айтулы кәсіби командалардың келгендерін қалаймын. Жарысты екі күндік емес, көп күндік жеті күн етіп жасаса мықты болар ма еді.