Әлем • 25 Қыркүйек, 2018

Оңтүстік Кореяның «дәнекерлік дипломатиясы»

679 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биылғы қыркүйектің 23-і күні Оңтүстік Корея президенті Мун Чже Иннің  АҚШ-қа сапары басталды. Ол Сеулден Нью-Йорк қаласына аттанды. «Президент Мун Чже Ин алдағы күні БҰҰ Бас Ассамблеясының 73-ші сессиясына қатысады. Сонымен қатар Мун Чже Ин мен АҚШ президенті Д.Трамп келіссөз жүргізеді», деп хабарлады Корея үкіметінің баспасөз қызметі. Оның сапары бес күнге жалғасады. 

Оңтүстік Кореяның «дәнекерлік дипломатиясы»

Трамп және Мунның арасын­дағы келіссөз 25 қыр­күйекте таңертең болады. Келіссөз барысында Мун Чже Ин 3-ші Корей саммитінің нәтижесін Трампқа өзі тікелей түсіндіріп, Корей түбегін ядролық қарудан арылту­дың келіссөз мәселесін жеделдету үшін нақты шараларды талқы­лайды деп күтілуде. 

Бұған дейін Мун Чже Иннің өзі Пхеньян сапарынан кейін ресми түрде мәлімдеме жасады. Онда ол: «Ким төрағамен арада болған әңгіменің ішінде келісім мен құжатқа кірмеген бейресми мазмұндар да бар. Егер алда-жалда президент Трамппен келіссөз  жүргізуге қол жеткізсек, сол кезде АҚШ тарапына әлгі мазмұндарды бүге-шүгесіне дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз» деп хабарлады. Мун Чже Иннің бұл сөзіне мән беріп қара­сақ, Ким Чен Ын төрағаның Трамп­қа бейресми өтініші мен ай­тары бар.

Пхеньянға жасаған сапары­нан кейін Мун Чже Ин тілшілер­дің алдында сөйлегенде айтқан бір сөзінде Солтүстік Кореяның басшысы өзі өтініш білдірген бір шаруаның шетін шығарды. Ким Чен Ын «АҚШ пен Солтүстік Корея арасында дәнекерлік жа­сауы­мызға өтініш білдірді», деп жеткізді. Иә, бұған дейін де Мун мырза дәнекерлік жасап Трамп пен Кимді жолықтырды. Алдағы уақытта да АҚШ пен Сол­түстіктің екінші саммитін өт­кізуге және ядролық қарудан арылу процесін жеделдету үшін дәнекерлік дипломатиялық мін­детін атқарады. Өткен айларда басталған АҚШ пен Солтүстік Кореяның үзіліп қалған келіс­сөз­дерін қайта жандандырып, үзілген дипломатия желісін қай­та жалғап, іске қоспақ. Бұл егер оның қолынан келсе, онда оның тағы да мәртебесі өседі. Мун үкіметінің ұстанып отырған дәне­керлік дипломатиясы туралы қоғам ішінде түрлі пікірлер бар. Бір топ оның дәнекерлік дипломатиясы нәтижелі болмайды десе, келесі топ АҚШ пен Солтүстік Кореяны бір үстел басына отырғызып, тарихи оқиға жасады, қазірдің өзінде үлкен жетістікке жетіп отыр, әлі де көп жемісті жұмыстар істейді деген уәждерін алға тартады. Егер оның жүргізіп отырған дәнекерлік дипломатиясы ойдағыдай жүзе­ге асса, ол қандай нәтиже бере­ді деген сауалдар туындайды. Мун өзінің дәнекерлік дипломатия­сы арқылы АҚШ пен Сол­түстік Кореяны көндіріп, бірін ядро­лық қарусыз елге айналдырса, бірін оған уәде еткен эко­но­мика­лық көмек пен сауда, халық­ара­лық деңгейде қауіп­сіздік, халық­аралық сахна­дағы имиджін қал­пына келтіруге және достық орнатуға тартады. 

Қазіргі таңда Мунның ел ішін­­де беделі өсе бастады. Пхеньян сапарына дейін ел ішін­де беделі 30 процентке күрт түсіп, саясаттанушылар қат­ты алаң­дау­шылық танытты. Қазір­гі таңда Пхеньян сапарынан кейін бедел көрсеткіші 60 процентке жетті. Бұл көрсеткішке билік партиясы Минчжудан – «Демократиялық партиясын» серпілтіп, саяси ортада қайтадан белсенділігін арттырды деген пікірлер айтылды. 

Одан өзге бұл сапарда Оңтүс­тік Корея президенті тағы бір мәселені талқыламақ. Ол АҚШ пен Оңтүстік Корея арасындағы еркін сауда байланысын жасау туралы болмақ. Өткендегі сауда соғысының бір ұшқыны осы Оңтүстік Корея саудасын да шарпып өтті. Әсіресе бірқатар оңтүстіккореялық компания зиян шекті. Сондықтан Мун мырза Пхеньян келіссөзінің оң нә­ти­жесін жеткізе отырып, өзі­нің бұйымтайы ретінде «екі ел арасында еркін сауда» туралы сөй­лесіп, сауда байланысына бір­қатар өзгерістер енгізіп жеңіл­діктер алуға, АҚШ-тың Оңтүстік Корея саудасына деген позициясын жұмсартып, ел саудасының ахуалын жақсартып алу туралы Трамптың келісімін алуға талпынады. Бірақ Оңтүстік Корея қоғамында бірқатар халықаралық сауда сарапшылары Мунның бұл әрекетінің жетістікке жеткізер-жеткізбесі беймәлім деп бағалап отыр.

Сонымен қатар Мун Чже Иннің АҚШ-қа сапарының алдында бұл сапардың негізгі мақ­­саты­ның бірі туралы ел үкі­меті тар­апынан тағы бір ресми түсі­нік­теме берілді. Оңтүс­тік Корея­да Чонхвадэ – «Көк орда» деп аталатын «Көк шатырлы үйдегі» қауіпсіздік мәсе­лесі бо­йынша 2-ші дәрежелі қыз­меткер Нам Гуан Пеннің ай­туын­ша, Президент Мун Чже Ин ал­дағы сапарда «Корей түбе­гін ядро­лық қарудан арылту үшін Сол­түстік Корея мен Америка­ келіссөзінің беласу сәтін әзір­леу және Оңтүстік Корея мен Сол­түстік Корея, Сол­­­тү­с­тік Корея мен АҚШ бай­­ла­ны­сының аяқ алысын жедел­де­туге қол жеткізу үшін нақты ынтымақтастық жолын тереңірек талқылап, сөй­леседі». 

Қазір Оңтүстік Кореяда жалпыұлттық «Чусок» мерекесі. Биыл Чусок қыркүйек айының 23 күнінен 26 күніне дейін аталып өтеді. Осыған орай көпшілік корейлер ертерек қамданып, өткен аптаның жұма күнінен бастап демалысқа кетті. Корей салт-дәстүр мен ұлттық танымында «Чусок» мерекесі – мол өнімнің мерекесі. Бұрын корейлер отырықшылық өмір сүріп, күз мезгілінде астық мен күріш піскен мезетте одан өнім жинап алған. Өнімді жинауды аяқ­таған кезде мол өнімді ауыл-ауыл болып атап өту үшін мереке ұйым­дастырған. Шығыс еліндегі осы бір мереке қаһарлы қыс алдында тойланатын, жазды шы­ғарып салып, күзді қарсы алатын береке мерекесі болып саналады. Конфуций ілімін ұстанатын елде бұрынғы замандары патшадан бастап қарапайым халыққа дейін мереке күні ата-бабаларының басына барып тағзым еткен. Қазір де сол мерекелік салт-дәстүр қалпын бұзбай сақталып келеді. Аталған мереке кезінде елдің аузынан түспейтін әңгіме «Пхеньян саммиті мен АҚШ сапары, ал­дағы уақытта болмақ АҚШ пен Сол­түстік Корея келіссөздері, Ким төрағаның Сеулге сапары, Ким төрағаның сөздері мен қылықтары, Ким Чен Ынның зайыбы Ли Соль Чжу туралы» бола­ды деп корей баспасөздері зерт­теу жүргізді. 

Қалай десек те, «Чусок» мере­кесі қарсаңында Мун Чже Ин мен Ким Чен Ын билігінің екі ел­ге жасаған тамаша сый-сия­­паты – саммитті сәтті өткізуі және ядролық қарудан арылуға де­ген ниеті мен қадамдары. Ежелгі пәл­сапаға үңілсек, ел ой­ла­ған үдеден шығу және азамат­тық іс жасау – шығыс түсінігінде үл­кен орын алатын қасиеттің бірі. 

Дастан АҚАШ, 

«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Корея,

Сеул қаласы 

Соңғы жаңалықтар