Агенттік жазғандай, ТМД елдерінің газ нарығы алуан түрлі дамып келеді. Кейбір елдерде бұл салада соңғы жылдары айтарлықтай ілгерілеушілік байқалады. Яғни, көгілдір отынның әлемдік экономикадағы рөлі артқан сайын газ өндіру, тасымалдау, өңдеу және сатумен айналысатын компаниялардың да үлес салмағы арта түсуде.
Осы орайда Neftegaz.RU агенттігі ТМД-дағы ірі газ тасымалдаушы компаниялардың рейтингісін ұсынып отыр. Мақалада жазылғандай, сараптама компаниялардың нарықтағы даму серпініне, газ тасымалдау желілерінің (ГТЖ) және қызмет көрсетілетін магистральдық құбырлардың жағдайына, тасымалданған табиғи газ көлеміне және компанияның аймақтық және әлемдік газ нарығына тигізер әсеріне негізделген. Рейтингке 9 компания енгізілген. Біз атқарған қызметін сараптай отырып, агенттік таңдаған үздік 3 компания туралы жазуды жөн деп таптық.
1. «Газпром» (Ресей)
«Газпром» – газ кен орындарына геологиялық барлау жүргізу, өндіру, тасымалдау, сақтау, өңдеу және өткізу, газды мотор отыны, тағы басқа түрінде өткізумен айналысатын ресейлік алпауыт энергетикалық компания. Компания табиғи газ қоры, оны өндіру және халықаралық нарыққа шығару бойынша әлемдік көшбасшы. «Газпромның» иелігіндегі газбен жабдықтау желілері ауқымы және техникалық тұрғыдан жабдықталуы жағынан әлемдегі ең ірі жүйе. Одан бөлек, «Газпромның» қаржылық ахуалы да мықты – компанияның 2017 жылғы пайдасы 7%-ке өсіп, 6,546 трлн рубльге жетті. Компанияның газ тасымалдау бағытындағы әлеуетті жобалары ретінде бүгінде «Бованенково-Ухта – 2»; «Северный поток – 2»; «Сила Сибири»; «Турецкий поток» және «Ухта – Торжок - 2» жобаларын ерекше атауға болады. 2017 жыл – «Газпром» тарихында ең көп көлемде газ тасымалданған жыл болды. Оның жылдық көлемі 194,4 млрд м3 құрады.
2. «ҚазТрансГаз» (Қазақстан)
Қазақстан Республикасының ұлттық газ операторы – даму серпіні бойынша ТМД елдері ішінде ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Сарапшылардың пікірінше, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда компанияның қаржылық көрсеткіштері 88%-ке өсті.
Компания тауарлық газды магистральдық және таратушы желілер арқылы тасымалдайды, газдың халықаралық транзитін қамтамасыз етіп, экспортқа шығарады, ішкі нарықты толықтай газбен қамтамасыз етеді. Компания еншісіндегі газ тасымалдау желілері – Орталық Азиядағы ең ірісі (40 мың км астам газ тарату желілері, 19 мың км астам магистральдық құбырлар), ішкі нарықты газбен жабдықтайтын желілер де «ҚазТрансГазға» тиесілі. Соңғы жылдары «ҚазТрансГаз» да, жалпы, Қазақстанның бүкіл газ саласы да қарқынды дамып келеді. Бұл көгілдір отынның ішкі нарықта тұтыну көрсеткіштерінің артуы, Қытайға экспорт және өзге де себептерге байланысты.
2017 жылы «ҚазТрансГаз» газ тасымалдауды 12,7 млрд м3 көбейтіп, жалпы көрсеткішті 100,9 млрд м3 жеткізді. «Қазақстан жаңа магистральдық газ құбырларын, заманауи компрессорлық стансалар, газ айдайтын қуатты қондырғыларды салу және басқа да озық технологияларды пайдалана отырып, «Қазақстан-Қытай» тасымалдау дәлізін іске қосып, өзінің тасымалдау әлеуетін барынша тиімді пайдалана білгенін мойындау керек» деп атап өтеді сарапшылар.
3. SOCAR (Әзербайжан)
Ел аумағындағы (құрлық пен теңізде) мұнайгаз кен орындарын іздеу, барлау және өндіру, сондай-ақ мұнай, газ және газ конденсатын шығаратын, өңдеумен айналысатын және тасымалдайтын Әзербайжанның мемлекеттік компаниясы. SOCAR газды 4 магистральдық газ құбыры арқылы Грузия мен Түркияға (Шах-Дениз кен орны) және Иран мен Ресейге тасымалдайды. Қолданыстағы газ тасымалдау желілері мен магистралдық газ құбырларының ахуалы өте жоғары деңгейде. Одан бөлек компания жаңа бағыттарды игеру үшін құрылыс жұмыстарын жүргізуде: мемлекет үшін әлеуеті жоғары деп Трансанадолы газ құбыры (TANAP), Трансадриатика газ құбыры (ТАР) және AGRI газ құбырын біріктірген TAP-TANAP ГТЖ саналады. Дегенмен Әзірбайжан ішкі нарықтағы газ тапшылығына байланысты импорт көлемін арттыруға мәжбүр.
Аталған компаниялардан өзге, Neftegaz.RU агенттігі жариялаған рейтингте ТМД-ның өзге де газ компаниялары орналасқан:
4. Газпром Трансгаз Беларусь (Беларусь Республикасы)
5.Түрікменгаз (Түрікменстан)
6. Узтрансгаз (Өзбекстан)
7. Газпром Қырғызстан (Қырғыз Республикасы)
8. Газпром Армения (Армения)
9. Молдовагаз (Молдова Республикасы)
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»