Қоғам • 26 Қыркүйек, 2018

Машина жасаушылар аллеясы ашылды

80 реткөрсетілді

Елордамыздағы ботаникалық саябақта Машина жасаушылар аллеясы ашылды. «Қала көркі – тал» демекші, бұл игі бастаманы Қазақстан машина жасаушылар одағы көтеріп, оған одаққа кіретін екі жүзден астам кәсіпорын қолдау көрсетіп, нәтижесінде, қасиетті жұма күні арқаны қарып өтер асау желдің ұйытқып соққанына қарамастан Астанада өткен Машина жасаушылардың VI форумына қатысушылар 30 қайың және 30 шетен екті. 

Ізгілікті шараға Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр, Қазақстан Машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы, Мәжіліс депутаты Мейрам Пішембаев қатысты. «Бүгін біз елордамыз – әсем қала Астананың 20 жылдығы құрметіне Машина жасаушылар аллеясын тарту етіп отырмыз. Қазақта «Бір тал кессең, он тал ек» деген аталы сөз бар. Бүгінгі игі бастамаға одақ құрамына кіретін барлық кәсіпорын қуана қолдау көр­сетті. Біздің бұл бастамамыз алдағы жыл­дарда жалғасын табатынына және өзге­лерге үлгі болатынына сенім­ді­міз. Елімізді көгалдандырып, қор­шаған ортаны ластанудан сақтап, эко­логияны қорғау Қазақстанның әрбір азаматының парызы, міндеті деп білемін! Аллеямыздағы ағаштар жайқалып өсіп, халыққа сая болсын», деп жүрекжарды лебізін білдірді басқарма төрағасы. Ал вице-министр Роман Скляр машина жасаушылардың екі күндік форумы мазмұнды өткенін атап өтті. 

«Биыл Қазақстан машина жасау­шылар форумы алтыншы рет өтіп отыр. Екі күнде секциялық жиындар өтіп, отандық машина жасауды әрі қарай дамытудың практика­лық ұй­ғарымдары шығарылды, саланы да­мытудағы ең өткір және өзекті мәсе­лелер талқыланды. Міне, 2019-2030 жылдар аралығында Қазақстан­дағы машина жасау саласын дамыту­дың кешенді жоспарының жобасы таныстырылды. Әрине бұл нобайлы жоспар. Бірақ біз бірігіп, оның кем­шін тұстарын толықтырып, жеткізіп, қабылдап жүзеге асыратын боламыз. Ал Астанада машина жасаушылар аллея­сының ашылуы, бұл осы салада түрлі өндірістің тізгінін ұстаған кәсіпорын­дар мен одақ арасында ынты­мақ­тастықтың, ауызбірліктің, ұйым­шыл­дықтың бар екенінің жарқын көрі­нісі», деп атап өтті Роман Скляр. 

Қазақстан машина жасаушылар ода­ғы­ның атқарушы дирекциясы дирек­торының орынбасары Айбек Қаж­кеновтің айтуынша, бұдан былай одақ өз аллеясын өз қамқорлығына алып, оның абаттандырылуын, тазалығын, суарылуын бақылап отыр­мақ. Келер жыл­дың көктемінде енші­леп алған 20 сотық жерге тағы да түр­лі ағаш кө­шет­терін отырғызып, бұл аллея­ны ша­ғын саябаққа айналдыру жос­пар­да бар екен. Тіпті машина жасау­шы кә­сіп­орындар өз қызметтерімен бай­ла­ныс­тырып, мәселен, темір жол өн­ді­­рі­сін­дегі­лер вагонға ұқсатып, авто­көлік жа­сау­шылар автомобильге ұқ­са­тып арт-ны­сандар орнату жағын да ой­­лас­тыр­мақ. Айтуларынша, күзде қа­йың, ше­тен ағаштарын отырғызған қолай­­лы, өйт­кені олар суыққа төзімді келеді екен.

Атап өтерлігі, аллея ағымдағы жыл­­дың 20-21 күндері Астанада өткен Машина жасаушылардың VI форумы аясын­да ашылды. Әлемнің 20 елінен 1200-ден астам адам қатысқан форумды Үкіметтің қолдауымен Инвестициялар және даму министрлігі, Қазақстан машина жасау­шылар одағы және бас серіктес «Самұрық-Қазына» АҚ ұйымдастырып отыр. Сонымен қатар форум шеңберін­де студент­тер үшін бос орындар жәр­мең­кесі өтті. Пленарлық жиындарға Қара­­ғанды, Павлодар, Астананың тех­никалық жоғары оқу орындарының жетекшілері қатысып, олар машина жасау саласына қандай кадрлар қажет және де қазіргі заманауи талаптарды ескере отырып, түлектерді қалай тәрбиелеу керектігі туралы маңызды мағлұматтар алды. 

Сұлугүл БАКЕСОВА

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Біз - «BIRGE»!

Сайлау • Бүгін, 12:43

Мергендер Мюнхенде жүр

Спорт • Бүгін, 11:58

Мас араны омартаға кіргізбейді

Экология • Бүгін, 10:29

Сексеуіл, тораңғы және ілбіс

Экология • Бүгін, 10:24

Байқаушылар іске кірісті

Сайлау • Бүгін, 09:46

Сауаптан құр қалмаңыз

Руханият • Бүгін, 09:41

Игі істердің ұйытқысы

Руханият • Бүгін, 09:32

Сайлау негізі – дауыс беру

Сайлау • Бүгін, 09:22

Телегей-теңіз телехикая

Кино • Бүгін, 09:02

Ұқсас жаңалықтар