Өнер • 26 Қыркүйек, 2018

Дирижердің бақытты сәті

351 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Дирижердің бақытты сәті

Суретті түсірген Болат ОМАРӘЛИЕВ

Өзі де таланттан кенде тумаған Қанабек Байсейі­товше айтқанда: «Ой, ол иттің тұла бойы толған дыбыс қой. Оның денесінен бір үзіп алып лақтырып тастасаң, ол-екеш оған дейін бүлкілдеп өлең айтып жатады» дейтін композитор Нұрғиса Тілендиевті бұл қазаққа таныстыру артық. Ән сала алмайды деген адамның өзі композитордың «Құстар әніне» келгенде, қалай шыр­қап кеткенін байқамай қалады. 

Жаз өмірін, мәз өмірін 

қысқартып,

Бара жатыр, бара жатыр 

құс қайтып.

Зымырайды менің бала 

кезімдей,

Бір жалт етіп өте шыққан, 

өте шыққан сезімдей,

– деп тап осы сәтте-ақ сіздің де мұңды ыңылға басатыныңыз сөзсіз.

Орайы келіп тұрғанда, Қа­зақ­станның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұр­пейісовтің бұл әннің қалай туғаны жайлы естелігіне орала кетуге болады.

«...Осындай көңілсіз күз күндерінің бірінде Нұрғиса киностудиядан қайтады. Күн кешкіріп қалған. Суық жел Арқа жақтан шығып алып, бұл шақта жапырағынан арылып, жіңішке бұтақтары сидиған-сидиған жұпыны теректерді сықырлатып майыстырып тұр. Панфилов паркін кесіп өтпек болып, қа­лалық музейдің биік мұнарлы үйіне тақап келе бергенде… композитордың көзі тырнаға түседі: үйірінен адасып қалған жалғыз тырна. Байғұс әлде ауру, әлде жаралы. Арғы жақтан қанатын сөлекет қағып, қатты жел ас­тында бойын билей алмай қалбалақтап ұшып келіп, музей үйінің мұнарасына шаншылған ұзын сырықтың ұшар биігіне қона кетеді. Сол, сол-ақ екен, әлдеқайдан бір қарға шыға келеді. Оның барқылдаған байбаламын ести салысымен тез құлақтанған тө­ңіректегі қара қарғалар жан-жақтан пырылдап келе бас­тайды. Басында біреу болса, енді қара пәлелердің қарасы көбейіп, әне…екеуі, үшеу, төртеу… он, жиырма, отыз. «Терең батырады, көп қорқы­тады». Көп қарға үйірінен адасқан жалғыз тырнаға жабылып, қайта-қайта шүйлігіп төніп келіп, қана­тымен қағады. Төсімен соғады. Ал жалғыз тырна кө­теріліп ұшып кетуге әл-дәр­мені жоқ па, әйтеуір, қанаты салбырап, сырық ағаш­­ты аяғымен қысып, жанталасып жабыса түседі.

Композитор үйіне келеді. Еш нәрсеге зауқы жоқ. Кө­ңілсіз. Тұнығын лайлаған кө­ңілсіз ойды ұмытайын деп көзін жұмса да, жаңағы үйірінен адасып қалған жал­ғыз жаралы құс пен жаман қарғалар… қара қарғалар көңілінен кетпейді. Иә, сен қанша биік ұш, жыл­дам ұш, өнерлі бол, ажарлы бола бер тірлікте, әл­деқалай жазатайым үйіріңнен адасып жалғыз қал­саң, басыңа қай-қайдағы қиындықтың бәрі тү­седі. Тіпті болмағанда, барқылдақ жаман қарғалар жи­на­лып келіп жабылып, аспандағы аққуға да зәбір көрсетеді.

Композитор осы көріністен кейін «Құстар әнін» жазды». 

Осының бәрін еске алғы­зып отырған қызыл­орда­­лық фототілші Болат Омар­әлиев­тің жалғыз суреті. 

– Қазіргі Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» Қазақ мемлекеттік акаде­миялық фольклорлық-этно­графиялық халық аспаптары оркестрі 1984 жылы Қы­зылордаға гастрольдік сапар­мен келді. Осы концертте халық қайталанбайтын ерекше дәуренді бас­тан кешті. Концерт кезінде «Құстар әні» орындалып, бү­кіл зал бір кісідей қосыла шырқағанда дирижерлік етіп тұрған Нұр­ғиса ағамыз сахнадан түсіп кетіп, халық­тың қақ ортасында дирижерлік жасап кетті, – дей­ді осы ғажайып сәтті тарихқа сыйлаған ба­йырғы фототілші. 

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ