Қазақстан • 27 Қыркүйек, 2018

Әлемдік нарықта алтын саудасы қызып тұр

1839 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан 100 мемлекеттің ішінде алтын қоры бойынша 15-орынға табан тіреп, алтынға малынған елдерді басып озды. Таяуда Ұлттық банк алтын құймаларды жаппай сатып алудың себептерін түсіндіріп, әлемнің назары неліктен алтынға ауып отырғанын айтып берді.

Әлемдік нарықта алтын саудасы қызып тұр

Белсенді төрт елдің біріміз 

Ұлттық банк келтірген ақпарат бойынша, 2011 жылдан бастап Қазақстанның сатып алған алтын мөлшері 219 тоннаны құраса, биыл бұл көрсеткішке тағы 33 тонна алтын қосылып отыр. Оның барлығы дерлік отандық өндірушілерден сатып алынған. Сөйтіп елдегі алтын құймалардың жалпы үлесі күрт артып, тіпті алтынға малын­ған ел­дерді де басып озды. Ұлт­тық банк ен­ді бұған дейін сатып алын­ған қор­да­ғы алтын­ның азда­ған көлемін шетел­ге сатуды жоспар­лап отыр. 2018 жыл­дың басынан бері алтын­ның әлемдік бир­жа­лардағы бағасы шамамен 8 про­центке түсті. Бұған себеп, АҚШ Фе­д­е­ралды резервтік жүйесі мөл­шер­­леме­лерінің өсуі және АҚШ эко­но­ми­касындағы оң өзгерістердің белең алуы деу­ге болады. Соның нә­ти­жесінде доллар нығайып, алтын бағасы төмендеп отыр. Ал Қазақстанның алтын сатып алудағы белсенділігін Ұлттық банк былай тү­сін­діреді: «Біріншіден, алтын ар­қылы елдегі резервтерді әрта­рап­­­тан­­дыруға мүм­кіндік туып отыр. Бұған қоса, ал­ты­нның сауда на­ры­ғы валюта бағамы­ның құ­бы­луы­­на, қор ин­декстерінің өз­ге­руі­не ай­­­та­р­­лық­тай ықпал ет­пейді. Осы­­­лай­­­ша ал­тын­мен көр­сетіл­ген актив­­­тер шет­­елдік валю­талар мен баға­лы қа­ғаз­­дарға балама ретін­де қол­­­да­­ныл­­м­ақ. Екін­шіден, алтын на­рығы мұ­­най сау­дасы сияқты уақыт жоғалт­­пай­тын, тиімді бағада сатуға қаб­і­­лет­ті табыс көзі. Үшіншіден, бүгін­­де ал­тын инфляцияның күрт өзгеруі­нен қор­ғайтын қабілетке ие болып отыр. 

Әлемдік экономикалық және саяси тұрақсыздыққа тап болған шақта валюта және бағалы қа­ғаз­­дар нарығындағы сан түрлі өз­геріс­ке алтынның төтеп берері анық. Сол себепті алтын мен ба­ға­лы метал­дардың рөлі артып отыр». Әлем елдерінің орталық банк­терінде алтын қорлары ұзақ мер­зімді бас­ымдықпен сақталатын, өтімді әрі кірісті сақтандыру актив­тері ре­тінде пайдаланылып отыр. Әлем­дік деңгейдегі бағалы металға деген сұраныстың артуы 2009 жы­лы басталды. Соңғы 5 жылда ал­­тын­­м­ен жи­нақталған резерв­­тер көп­теген да­мушы елдерде бай­қала­ды. Осы кезеңде алтын­ды не­ғұр­лым бел­сенді сатып алу­шы­лар Ресей, Түркия, Қытай және Қазақ­­стан орталық банк­тері екен­дігі анық­талған. Алтын­ның нақты көле­мінің 2011-2017 жылдар ара­лы­ғындағы өсу қарқыны бойынша белсенді сатып алушылардың арасында Қазақстан көшбасшы. Алайда абсолюттік көрсеткіш бойынша осы кезеңде тазартылған алтынды Ресей (6 жылда қосымша 956 тонна) және Қытай (осындай кезеңде қосымша 789 тонна) сатып алған. 

Ал жалпы әлемдік көрсеткіште АҚШ-тың ұлттық резервтік жүйе­сін­дегі алтын қорының үлесі – 73,75 процент, Германия – 69 процент, Италия – 65,82 процент, Франция – 59,27 процент, Ресей – 17 процент, Қытай – 2,25 процент, Швейцария – 5 процент, Жапония – 2,39 про­центті құрайды. Қазақстанның алтын қоры 326,45 тоннаны құрап, алтынның ұлттық резервтегі үлесі – 42 процентке жетті. Айта кетерлігі, өткен жылы Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев елдегі алтын өн­діру­ші­лерінен жаппай бағалы метал­­ды сатып алуға кіріскенін, Қазақ­станда осы қарқынмен жұмыс жүр­­гіз­і­летін болса, алдағы 10 жыл­­да ал­тын қоры бойынша әлем­­дік ті­зім­­де 15-орыннан көріне­ті­нін жет­­­кізген-ді. Енді міне, жер қой­­науы­­нан 10 жыл көлемінде өн­ді­рі­луі тиіс алтынды 1 жылдың ішін­де алып, ұлттың қордың салма­ғы ауыр­­лай түсті. Содан да болар халық­­ара­лық резервтің 40 проценті де Қазақ­­стан­­ның еншісіне тиесілі болып отыр.  

Қандай банктер алтын сатады? Биылғы күзге дейін еліміздегі қаржы институттары 166,9 кило құрайтын 4303 құйма алтынды сатып үлгерген. Алтын құймаларды бүгінде кез келген азамат Ұлттық банк, Еуразиялық банк және Цесна­банктен сатып алуына болады. Сатылымдағы құймалардың сал­мағы 10, 20, 50 және 100 грам­дық бо­лып бөлінген. Саудада ал­тын­­ның 1 грамы 14,4 мың тең­геге ба­ға­лануда. Салыстырмалы түр­де ай­та кетсек, өткен жылдың мамыр айы­ның соңында алтынның 1 грамы 12 790 теңгеге сатылған бола­тын. Айта кетерлігі, алдағы уа­қыт­та Қазақ­станда ақша айырбас­тау орын­дарында алтын құйма­ларды сату жоспарланып отыр. 

Доллардың нарықтағы құны мен АҚШ-тың монетарлық саясаты, капитал нарығындағы ахуал, әлемдік экономикалық және геосаяси жағдайды басшылыққа алған әлемнің сақа сарапшылары алтын бағасы алдағы уақытта өседі деген пікір білдіруде. Екінші тарап, соңғы жылдардағы дамушы елдер тарапынан бағалы металға сұраныстың артуы бағаны ұзақ уақытқа дейін жоғары деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік бермейді деген ойда. CPM Group және Julius Baer деректері бойынша алтын өндірісінің құны 2000 жылдан бас­тап өсіп, 2012 жылы 1200 АҚШ долларын құраған. Араға төрт жыл салып, алтын бағасы 900 АҚШ долларына дейін төмендеді. Соңғы 1-2 жылда бағалы металл қайта бағалана бастады. Тіпті Bloomberg агенттігі 2018-2022 жылдарға арналған консенсус-болжамында алтынның құны 2018 жылы – 1280 АҚШ долларын, 2019 жылы – 1276, 2020 жылы – 1275, 2021 жылы – 1305, 2022 жылы – 1251 АҚШ долларын құрайды деп бекітіп отыр. Бұл болжам алтынға инвестиция салушылардың бағдары дұрыс екенін көрсетіп отыр. 

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»