Әлем • 27 Қыркүйек, 2018

5.0. қоғамы және ЭКСПО-2025

693 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Астанада өткен ЭКСПО халықаралық көрмесі «Болашақтың энергиясы» тақырыбын тереңнен талқылауға арналған әлемдік деңгейдегі өте керемет алаң болды. Онда біздің Жапония да бұл саладағы өзінің айтулы жетістіктерін әлем назарына паш етуге мүмкіндік алды. Ең бастысы, осы көрме арқылы көптеген жапон тұрғындары Қазақстанның тартымдылығымен талайды тамсандырған астанасымен танысты. Елдер арасындағы ымыралы ынтымақтастық арта түсті. Осы ретте жылы қабылдаулары үшін Қазақ еліне ерекше алғыс айтқым келеді.

5.0. қоғамы және ЭКСПО-2025

Көрменің тақырыбы әлем жұртшылығы үшін аса маңызды әрі өте қызықты еді. Бұл тақырып тіпті, бізді келешекте күтіп тұрған «5.0. қоғамының» міндеттеріне жету мақсаттарымен ұштасып жа­тыр. Ал бұл қоғамның тұжы­рым­дамасы қазіргі таңда бүкіл әлем бойынша белсенді дамып келеді. Мәселен, Жапонияда мемлекеттік және жекеменшік секторлар осы ұлттық жоба бойынша бірлесіп жұмыс істеуде. 

«5.0 қоғамы» дегеніміз – аң аулау, ауыл шаруашылығы, ин­дустриялық және ақпараттық қоғамдардан кейінгі бесінші кезең болып табылатын озық ақпараттық қоғам. Ол физикалық кеңістікті (шынайы қауымдастық) кибер-кеңістіктпен (виртуалды қауымдастық) біріктіретін интернет заттары, жасанды интеллект, роботтар сондай-ақ үл­кен деректер (Big Data) сияқты ин­новациялық технологиялардың барлығын қамтиды. 

Бұл болашақтың қоғамы ден­сау­лық сақтау және медициналық көмек, азық-түлік және ауыл шаруашылығы, қоршаған орта сонымен қатар климаттың өзгеруі, энергетика және басқа да табиғи ресурстар, қауіпсіздік пен табиғи апаттардың алдын-алу, адам құқықтары саласындағы теңдік және гендерлік теңдік сынды салалардағы жаһандық проблемаларды шешеді. Шын мәнінде ол Біріккен Ұлттар Ұйымының тұ­рақ­ты даму мақсаттарына қол жет­кізе алатын өркениеттер көкжие­гіндегі кемел қоғам болмақ.

«5.0. қоғамының» мақсаттары озық ғылым мен техниканың нә­ти­желерін енгізу арқылы тұрақ­ты даму жолына түскен Қазақ­стан­ның негізгі стратегиясына сәй­кес келеді. Оның ішінде «Цифрлы Қазақстан» сияқты жо­ға­ры басымдыққа ие мемлекет­тік бағдарламаның бағыттарымен са­бақтасатыны қуантады. Мұның бәрі келешекте адам өмірін мей­лінше жақсартуға үлкен мүм­кін­діктер ашады. Ол қазақ қоға­мын­дағы «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасымен де ұштасып жатыр.

«5.0. қоғамын құру» идея­сы Жапон үкіметінің инвес­ти­циялық стратегиясының басты мақ­саты. Оны жүзеге асыру үшін мемлекеттік және жеке мен­шік секторлар арасындағы ын­ты­мақтастық шеңберінде әлеуметтік жүйені толыққанды өзгерістерге әкелетін серпінді жобалар қолға алынуда. Ал ЭКСПО өтетін 2025 жыл – біздің стратегияның кемел кезеңіне сәйкес келіп отыр.

Жалпы, Жапония әлемді өзгертуге, жарқын болашаққа жол ашуға айтарлықтай үлес қос­қы­сы келеді. Ал бұл ретте 2025 жылға жоспарланған Дүние­жү­зі­лік көрменің маңызы зор деп ойлаймын.

Өткен жылдың сәуір айында біздің Кансай облысының Оса­ка қаласы 2025 жылы «Біздің өмірімізге арналған қоғамның болашағын жобалау» ұранымен Дүниежүзілік көрмені өткізуге өз кандидатурасын ұсынды. Яғни, Жапония биылғы жылдың 23 қарашасында өтетін Халықаралық көрме бюросының отырысында 2025 жылғы көрмені өткізу орны ретінде Осака қаласы таңдалғанын қалайды.

Бұл ЭКСПО-ны өткізуде бас­ты мақсат ұлттың беделін көтеру ғана емес, оның негізінде бүкіл адамзатқа тән мәселелерді шешуге жұмыс істейтін идеяларды жүзеге асыруға ірі ғылыми-техникалық инновацияларды жүзеге асыру міндеті жатыр. Жапонияда өтетін Дүниежүзілік ЭКСПО сонымен бірге әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдарға Біріккен Ұлттар Ұйы­мы қабылдаған орнықты дамуға, бақытты және салауатты өмірге жетуге жол сілтейді. 

Меніңше бұл көрме болашақта жүзеге асырылатын «5.0. қоға­мына» деген көзқарасты айқын­дауға тамаша мүмкіндік болады. Осака қаласында ЭКСПО-2025 көрмесін өткізу Жапонияның экономикалық өсуіне серпін беріп қана қоймай, жаһандық инновация деңгейін көтеруге де ықпалын тигізеді деп сенемін. 

Көрменің өтетін орыны Осака қаласының жанындағы Юмэсима жасанды аралы болмақ. Ал 2025 жылғы мамырдан бас­тап қараша айына дейінгі 185 күн­де оған келушілер саны 28 мил­лион адамға жетеді деп күті­луде. ЭКСПО-ны өткізу үшін Жапон үкіметінің және жергілікті өзін-өзі басқару ор­ган­дарының іскер топтардың ара­ласуымен «ЭКСПО-2025 дүние­жүзілік көр­месі комитеті» құ­рылды. Өткен жылдың нау­рыз айынан бастап мен осы комитеттің төрағасымын.

Өзім технолог маман ретінде инновацияларды бірлесе, жұ­ды­рықтай жұмыла жүріп жүзеге асыруға болатынын білемін. Оған өзімнің компаниямда (Toray Industries, Ind.) іске қосылған жо­баларды мысал ете аламын. Мә­селен, оның біріншісі – теңіз суын тұщытуға және сарқынды суды тазартып, қайта пайдалануға жарамды етуге арналған кері осмосты мембраналық техно­ло­гиялардың дамуы. Бұл жоба бүкіл дүние жүзінің адамдарын біріктіру арқылы жүзеге асырылды, нәтижесінде бүгінгі таңда бүкіл әлем бойынша 370 миллионнан астам адам таза сумен қамтылды. Тағы бір жоба – әуе кемелері мен көлік құралдарының салмағын азайтатын көміртекті талшықтың дамуына қатысты инновация. Сондай-ақ отынды тұтынуды елеулі түрде азайту арқылы парниктік газдар шы­ғарындыларын азайтуға көмек­тесетін технологияны айрықша айтуға болады. 

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, БҰҰ-ның орнықты да­му стратегиясына осы бірігудің арқа­сында ғана қол жеткізуге бола­тынына сенемін. Ал оны жү­зеге асыруға ең қолайлы алаң – «ЭКСПО Осака-2025» көрмесі болмақ. 

ЭКСПО-2025 халықаралық көрмесі келешектегі өркендеу мен қолайлы өмірге арналған қо­ғамды құруға үлес қоса алатынына сенімдімін. 

Мен осы жылдың мамыр айы­на дейін 4 жыл бойы Жапо­ния­ның Экономикалық ұйым­дар федерациясының (КэйДан­Рэн) төрағасы болдым, оның құрамында жапон компания­лары­ның 1500 өкілі бар. Ал Бүкіл­әлемдік көрмені өткізу кезінде адам­заттың ақыл-ойын біріктіру үшін әртүрлі саладағы осындай ірі ком­паниялардың белсенділік таны­туы өте маңызды деп есеп­теймін. 

«КэйДанРэн»-ның кор­по­ра­тивтік нормаларды анықтайтын «Ұжымдық тәртіп жарғысы» жасалған. Өткен жылдың қараша айында ол жарғыны қайта қа­ра­дық және әрбір компанияны инновациялық әрі креативті жетістіктерге басымдық беруге шақырдық. Жаңартылған «Ұжымдық тәртіп жарғысы» халық­аралық қоғамдастық алдында тұрған мәселелерді шешуде жетекші рөл атқаруға ынталандырады. Онда ұжымдық этикаға және әлеуметтік жауапкершілікке, оның ішінде тұрақты қоғамға қол жеткізуге баса назар аударылған.

Сонымен қатар келешектің кемел қоғамын құруға бағытталған ғаламдық көрмеге жастардың белсенді қатысқанын қалаймын. Осакадағы ЭКСПО-2025 көр­ме­сі бүкіл әлем жастарының асқақ армандары мен үп еткен үміт­терін үкілейтін, жарқын болашақ­тарына сенім ұялататын шара бо­луға тиіс. Ол болашақтың қоға­мын құрудағы көшбасшы болуы қажет. Сондай-ақ әйелдер жаңа нарықтар мен инновациялық шешімдерді құрудың басты қоз­ғау­шы күші болғандықтан, ЭКСПО-2025 көрмесіне әлемнің түкпір-түкпіренен көптеген қыз-келіншектер қатысып, жаңа идея­ларды жүзеге асырады деген үміттемін. 

Осылайша, Жапония әлемнің орнықты дамуына, өркендеуіне, қоғамның жетілуіне, кемел келе­шекке қадам басуына өз үлесін қосатын болады. «5.0. қоғамы­ның» бастамасын алға жылжытып, БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарына жету шараларын күшейту арқылы, сондай-ақ оны Қазақстанмен және бүкіл әлеммен жаһандастыру нәтижесінде іске асыра алады. Мен бәрімен бірге «ЭКСПО-2025, Осака, Кансай» жобасын жүзеге асыру арқылы болашақтың қоғамын құруға тырысамын.

Садаюки САКАКИБАРА, 

Жапониядағы «ЭКСПО-2025» бүкіләлемдік әмбебап көрме комитетінің төрағасы, Жапонияның Экономикалық ұйымдар федерациясының (КейДанРэн) құрметті төрағасы, «Toray Industries, Inc.» компаниясының арнайы кеңесшісі