Қазақстан • 27 Қыркүйек, 2018

Диагностикалау мен емдеудің эндоскопиялық әдістері жетілдірілуде

1077 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Президент Іс басқар­масы Медициналық ор­та­лығының ауруханасында «Энтероскопия, эн­до­с­­копиялық ультра­ды­быс­тық зерттеу және эн­дос­копиялық ретро­град­тық хо­лангиопанкреатография ерекшеліктері» атты ше­берлік сыныбы өтті.

Диагностикалау мен емдеудің эндоскопиялық әдістері жетілдірілуде

Фото: Майгүл СҰЛТАН

Израильдегі Бейлинсон меди­циналық орталығының гастро­энтеролог- эндоскописті Виолетта Габович елорда дәрігер­леріне эндоскопиялық ультрадыбыстық зерт­теу (УДЗ) арқылы асқазан-ішек және ұйқы безі мен өт жол­да­рындағы ісіктерді, энтероскопиямен аш ішектегі ісіктерді анықтау, сондай-ақ оған сол мезетте опе­рация жасау әдісін үйретті.

Президенттік клиника дәрі­гер­лері эндоскопиялық диагностиканың барлық заманауи әдістерін игерген. Аш ішекті зерттеу энтероскопиясы елімізде тұңғыш рет осы ауруханада бір ай бұрын жүзеге асқан болатын. Аз уақыт ішінде осы әдіспен 23 зерттеу жүргізілген. Эндоскопиялық ультрадыбыстық зерттеу де осы клиникада алғаш рет жасалып жатқан эндоскопиялық диагностиканың бір түрі. Прези­денттік клиникадағы заманауи жабдықтар зерттеулердің осы түрін күнделікті жүргізуге мүм­­кіндік туғызып отыр. Ал эндос­­копиялық ретроградтық холан­­гиопанкреатография болса асқыну қаупі жоғары, күрделі хирур­гиялық процедура. 

Шеберлік сыныбын жүргізген шетелдік дәрігер аталған әдістерді бір мезетте орындауды тәжірибе жүзінде көрсетті. «Қазіргі уақытта адамдар асқазан-ішек, ұйқы безі мен өт жолдары және аш ішек ауруларына жиі шалдығады. Олар осы әдіс-тәсілді қажет етеді. Бүгін көрсетіліп жатқан әдіс арқылы осы органдардағы ісіктерден анализ алып, түрін анықтауға болады. Сондай-ақ жылауық түріндегі және қатерсіз ісіктерді сол мезетте эндоскопиялық жолмен алып тастауға мүмкіндік бар. Бұған дейін науқастар шетелге барып тексерілетін. Болмаса науқас компьютерлік томография арқылы ісіктің түрін анықтап, хирургиялық ашық операция жасатуға мәжбүр еді. Тілік жасалатын хирургиялық операциядан кейін пациент бір апта бойы ауруханада жататын. Онда асқынулар да көп кездесетін. Ал 30 минуттан бір сағатқа дейін созылатын бұл әдіспен бір мезетте диагностиканы жасап, операция­ны да істеп, сол күні науқасты үйіне қайтаруға да мүмкіндік алып отырмыз», дейді Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасының дәрігері Жеңісбек Тыныкөзиев. 

Майгүл СҰЛТАН,

«Егемен Қазақстан»