Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2018

Сеніммен өткен өмір

1312 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Биылғы тамыз айының соңғы күндері Сейілбек Шаухаманұлы дүниеден өтті деген суық хабарды мен іссапарда жүріп естідім.

Сеніммен өткен өмір

Күні кеше ғана телефонмен сөйлескенде елдің белгілі ақсақалы Ыдырыс Қалиевтің асына қатысып, ол кісі туралы тебірене сөйлегенін айтып, қамшының сабындай қысқа өмірде бәрінің өткінші екендігін, сондықтан да тірі күніңде сыйластыққа ешнәрсе жетпейтінін ортаға салған  еді. Бұл менің қатар жүрген сыйлас ағамен соңғы тілдесуім екен. Сейілбек ағаның 75 жылдық тойын абыроймен өткізгеніміз кеше ғана сияқты еді. Содан бері де біраз жыл сырғып өте шығыпты-ау. 

Асқаралы той иесін сол мерейлі мерекеде аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев және Әбіш Кекілбаев, Ұзақбай Қараманов, Иран-Ғайып бастаған зиялы қауым өкілдері мен Парла­мент Сенатының депутаттары құттықтап еді. Аймақ басшысы Елбасының мерейтой иесіне арнап жіберген құттықтау хатын оқып берген болатын. Сондай-ақ облыстың Құрмет грамотасымен және «Нұр Отан» партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен марапаттаған-ды.

Өтпелі өмірдің азаматтық асыл күндерінің 60 жылын ат үстінде өткізу шынында оңай емес. Секеңнің өмірі жастарымызға үлгі боларлық көркем парақтардан тұрады. Әрине ащы-тұщыны қатарынан тата жүріп, елге, жерге деген қалтқысыз адал жүрегінің әмірінен айнымай еңбек ету бақыты осы Секеңе бұйырды.

Сейілбек Шаухаманов 1939 жылы 15 мамырда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының Өзгент ауылында дүниеге келген. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы инс­титутын,  1982 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітірген.1962-1965 жылдары Қызылорда облысы Шиелі ауданында «Қазауылшаруатехникасы» бірлестігінде механик, жетекші инженер болып қызмет етті. Қарапайым инженерден облыстың бірінші басшысына дейін өсті. 1965-1991 жылдары Кеңес Одағы коммунистік партиясының мүшесі бола жүріп, Қызылорда облысының Сырдария, Тереңөзек аудандарының комсомол жастарына жетекшілік етіп, хатшылық қызмет атқарды, 1975-1980 жылдары Жалағаш аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып жұмыс істеді. 

Тәуелсіз Қазақстан Республикасы көк байрақ көтер­ген тарихи кезеңде, яғни, 1992-1995 жылдар аралығында ол Қызылорда облысының әкімі бол­ды, 1998-1999 жылдары Қазақстан Парламеті Сена­тының депутаты қызметін абыроймен атқарды. 

Әрине өткен ғасырдың 30-шы жылдары дүние­ге келіп, балалық шағын сұм соғысқа ұрлатып, жа­лаңаяқ, жамау-жамау киіммен, аш құрсақ болып өскен бала ұрпақтан бүгінгі ата ұрпаққа айналу бары­сын қазіргі орта буын өкілдері жақсы біледі деп ойлаймын. Сол буынның ортасында өзінің нар тұлғасымен халық жүгін қажымай көтерген атпал азаматымыз Сейілбек Шаухаманұлы сол буынның өкілі. 

Секең осы ұзақ, қиын, бейнеті мен зейнеті алма-кезек келген тайталас­ты ғұмырында, даңқ пен дақ­пыртқа бой алдырмай, табиғи мінез қалпын еш өзгертпей, өзі межелеген биікке «ақырын жүріп, анық басып» жетті. Егемендігіміз бен елдігіміздің алғаш қалыптасу барысындағы тар жол, тайғақ кешуде саяси-экономикалық реформаларды тұңғыш ұйымдастырушылардың, мемлекеттігімізді нығай­туға белсенді ұйытқы болған тұлғалардың  бірі  болып, тәуелсіз елдің тұғырын бекемдеуге айрықша ең­бек етті.

Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Қазақстан Республикасы Тәуел­сіздігінің 10 жылдығы қарсаңында отандық «Құр­мет» орденінің иегері атанды. Қазақстан мен Өзбекстанның Құрмет грамоталарымен марапат­талған. Хорезмнің Құрметті азаматы. Қы­зыл­орда облысы, Жаңақорған ауданының «Ғасыр адамы».

Секеңе осынау өмір, халқы, өзінің жүріп өткен жолдары қандай қымбат, қадірлі болса, оны қалам ұстап қағазға түсіруде де ерекше еңбек ете білді. Жай ғана қайраткер емес, қаламын да қолы­нан тастамаған көрнекті тұлғаға айналды. «Қайрат­кер», «Бақытыңды бағалай біл», «Парыз бен парасат», «Алтын алма, ақыл ал», «Ер қанаты», т.б. көптеген кітаптар жазды. Ұлт тарихы мен тағды­рына толғанып, өзінен кейінгі буынға өшпес өнеге қал­дырды.

Өзінің ұзақ жылдық өмірінде басып өткен жолдарын ағамыз бір күнгідей жеңіл, бақытты сезінсе керек. Өйткені «Бақытыңды бағалай біл» атты кітабында: «Өмірде жолым болды!» деп ағынан ақтарылады. Айтуға оңай шығар, бірақ Секең ғұмырының қиындықтарын біреу біледі, біреу білмейді. Осы орайда өткен күнге тағы бір көз тастайықшы.

80-жылдардың соңындағы жағдай әлі күнге көз алдымызда. Бүкіл ел көлемінде тұралау байқал­ды. Дүкен сөрелері жып-жылмағай. Кеңестік ақ­ша­ға алатын тауар жоқ. Анау жетпейді, мынау жет­пейді, барлығы тапшы. Әр жерде жұмысшылар, теміржолшылар дүрлігуде. Қызылорданың шағын так­си паркі шу-шұрқанның ұясына айналды. Обкомның алдында көліктерін тізіп тас­тап шеруге шықты. «Басшы ұнамайды, өз қалауымызбен сай­лап алуымыз керек!» Қауіпсіздік органдарына қарай­тын түрі жоқ, ағылған арыз, тоқтамас айқай. Ала­сапыран жағдай қалыптасты. 

Обкомның жаңа бірінші хатшысы Сейілбек Шаухаманов міне, осылайша қып-қызыл шоқтың үстінде тұрды.

Ә дегеннен жаңа басшы өзі білетін, өзі танитын елдің сан-салалы жұмысын бағдарлап, ділгір мәсе­лелерді шешуге білек сыбанып кірісті. Халықтың үміт шырағы жана бастаған сәтте, Кеңес  Одағы тарады. Шаруашылық қайта күйзеліске тап болып, құл­дыраудың көкесі енді басталды. Осындай қиын-қыстау өліара шақта халықтың бәрі «құтқарса осы құтқарады-ау» деп Шаухамановқа үмітпен жау­таңдады.

Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылған Се­кең ел еңсесін көтеруге барынша атсалысты. Жан жүрегімен күйініп еңбек етті. Ақпарат құрал­дары мен айналасын дәйекті ой-орамдарымен ұстам­дылыққа, сабырға шақырды. Ақыл мен қайратты серік етті. Бойында қазақтың ділі мен дәстүрі тұ­нып тұрған, сөз саптауы бөлек, сөзімен де, ісімен де басқаны иландырып сөйлейтін оған басқалар құрметпен қарай бастады. Ол жұртты қалай тү­сін­се, жұрты да оны солай ыстық ықыласпен қабыл­дады. Осылайша Сейілбек осы өңірдің бас­ты идеологына айналды. Тұлғасы күн сайын биіктей берді. Халықтың талай мұқтажы шешімін тапты.

Кеңестік жүйе тарағанға дейін ол облыстық кеңестің төрағасы қызметін бірінші хатшылыққа қосып атқарған болатын. Компартия тарағаннан кейін облыстық кеңестің төрағасы болды. Одан кейін облыстың тұңғыш әкімі болып тағайындалды. Бір орынтақта отырып, оның лауазымы ауысқанмен адамдық келбеті, елге деген шынайы көңілі мен еңбегі еш өзгермеді. 

Өзінен бұрынғыларды өзіне қалай өнеге етсе, өзінен кейінгілерге де сондай өнегелік, ізгілік көр­се­тіп абыз ақсақалға айналды.

Өз кітаптарында Дінмұхамед Қонаевтан бастап Әбіш Кекілбаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Мақтай Сағдиев, Тәкей Есетов, Еркін Әуелбеков, Елеу Көшербаев, Еламан Жүнісбаев, Сүлеймен Сейітов, Ержігіт Бозғұлов, Көбейсін Исаев, т.б тұлғалар мен еңбек адамдары Шаймағанбет Есов, Аманкелді Құдайбергенов, Жаңаберген Ахатов сынды игі-жақсылардың өмірін қаламымен өрнектеді. Сөйтіп ол адами ой шыңының биігіне көтеріліп үл­кенге «құрметті іні», кішіге «аяулы аға» болып қалып­тасты.

Осындай адамдық, ағалық, аталық тұлғаға кейінгі кезде Алланың ақ парызын орындау қосы­лып, оның келбетін одан әрі аша түсті. Қажы­лық сапарға барып келгеннен кейінгі басқосуда Шаухаманов жастар алдында: «Қажылық сапарынан алған әсерімді сөзбен жеткізу қиын. Өзде­ріңізге белгілі Алла тағала адамзат баласына ис­лам­ның парыздарын өзінің даналығымен бөліп берген. Яғни, намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру. Ал қажылықтың жөні бір бөлек. Қажылықты өтеу менің сонау жылдардан бергі арманым. Мен ол үшін 6 жыл көлемінде дайындалдым. Бес уақыт намазымды оқып, ораза ұстадым. Және мұны Алла тағалам маған нәсіп етті. Қажылық барысында аптап ыстықта жалаңаяқ қасиетті топырақты басып, миллиондаған адамның арасында жү­ріп құлшылық жасадық. Еліміздің тыныштығы мен ынтымағы үшін дұға тіледік. Ылайым сіздерге де Алла қажы­лықты нәсіп етсін!»,  деп ағалық тілегін арнаған болатын. Бұдан үлкен сөз бола ма?!

Секеңнің аузы дуалы абыз ақсақалға айналуы­ның аржағында осындай тектілік жатыр деген ойдамын. Мұны ағамыздың сөз саптау мәнерінен үнемі байқап әрі сүйсініп жүретінмін. Таратыңқырап ай­тар болсам, қағазға қарап сөйлеуді кәсіп етпеген С.Шаухаманов жаңылуды білмейтін, төгі­ліп тұрған шешен, көсіліп тұрған көсем, бата сөз­дің дүлдүлі. Ол ағылып, төгіліп сөйлеген кез­де тыңдарманын бей-жай қалдырмайды. Сабақ­ты сөзінің, айтқан ойының арнасына тартып, тыңдау­шысын ұйытатын. 

Сондай-ақ ол кісінің бойында адамды өзіне тартып тұратын әлдеқандай бір тылсым жылылық бар-тын. Аракідік Қызылорда жаққа жолымыз түсіп, іссапарда болған кезімізде ағамыздың қолтықтан демеп, бабымен айтатын әңгімесі қандай еді, шіркін. Сол кезде сұхбатқа мейірім шуағы төгілген аурасы араласып, адамды одан са­йын қанаттандырып жіберетін. Сондай сәттерде Секең басынан өткізген үлкен өмірлік мектеп айтар сөзге де, ықылас-пейілге де тұздық болып, сезіміңді сергіте түсетін. Ойға жүйріктік пен сөзге шешендік тоғысқан тұста ағамыз қасиетті қазақ тілінің ұшан-теңіз мүмкіндіктерін қапысыз танытып, ойды тиянақтап жеткізудің үлгісін көрсетіп, таң-тамаша қалдыратын.

Сейілбек Шаухаманов  облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде ардагерлер ұйымын ұжымдастырып, елдің ауызбіршілігін сақтауда, сала­уатты өмір салтын қалыптастыруда сан қырлы жұмыстар атқарды. Облыс­тық ардагерлер кеңесінің оңды жұмы­сы Орталық кеңесте мақұлданып, тәжі­рибесі республикаға таратылды.

Жары Жұпаркүл, перзенттері – Нағима, Фатима, Нұрлан, Шолпан, Ұлбосын, немерелері – Әділет, Құдірет, Дінмұхаммедтердің ортасында саялы бәйтеректей бүрін жарып, жапырағын жайды.  Әкесі Шаухаман – 95 жас, анасы Айнакүл 85 жас жасады. Ал ағамыз аман болса алдағы жылы 80 жасқа толар еді. 

Секең шынымен де бақытты өмір сүрген адам. Үкідей үлбіреген төрт қызы – төрт құбыласы. Көзі­нің қарашығындай Нұрланы қолтығынан демеу­шісі, сүйіп қосылған қосағы Жұпаркүлі – отба­сының  жебеушісі әрі берекесі болды. Адам ұрпа­ғымен бақытты деген сөз осыны меңзесе керек.

Бүгін асыл аға туралы өткен шақта жазуға, айтуға мәжбүрміз. Дей тұрғанмен оның атқарған қызметі, халқына сіңірген еңбегі қомақты. Сондықтан да ол кісінің есімі мен еңбегі замандастарының жадында мәңгі сақталатынына сенімдімін. Ағамыздың пейіште нұры шалқығай!

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,

профессор, Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымы Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары