Ауыл • 28 Қыркүйек, 2018

Жылқы – жайлаудың көркі

1545 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Төрт түліктің төресі, жайлаудың көркі ғана емес, ел ырысы, босағаңнан балталаса кетпес берекең екендігіне дау жоқ қой. Жолсапарда жүргенде алдына мың жылқы біткен шаруа қожалығы туралы естіп, елең еткеніміз де рас. Барып көрдік. 

Жылқы – жайлаудың көркі

Ілкі заманда Көкшетау мен Қара­өткелдің кең-байтақ даласында мыңды айдаған байлар аз болмаған. Ескінің есті әңгімесі бүгінге дейін үзілмей, аңызбен ай­шықтала әспеттеліп жеткен. Кешегі кеңес заманында бай біткен «балшық» бол­ды. Шық бермес сараң, аштан өліп бара жатсаң аузыңа су татырмайтын кі­сәпір. Ал шын мәнінде байдың бай­лы­ғы өз әулетінің ғана емес, ауыл-аймақ­тың сабасы сарқылмас қазынасы екендігі бүгін ғана айтылып жатыр. 

Әуелі жылқылы жігіттердің жұртын көрмек болғанбыз. Жөкей көлінен атшаптырым әрірек, кілең адырлы өлкенің алқымы еркекшөп пен изенге, ақселеу мен бетегеге тұнып тұр екен. Таулы-тасты, құмдақ жер. Құлағынан тартсаң да қыл­тиып егін шықпайтын жердің сауы­рын кеңес заманында солақай сая­сат­тың соқасының тісі аймаңдай еткен. Қазір ел тәуелсіздік алғалы малға жайлы бұл өңір төл шаруашылығын толайым өр­кендетуге біржола бет бұрып жатыр.      

Үйездеген мың қаралы жылқының жанына таяп қалдық. Дастарқанға шашылған бауырсақтай еркін жайылып, бытырай бауырлаған емес, шоқ жұлдыздай екшелген кезде жиырма үйірге таяу жылқының өзі бір-ақ уыс болады екен. Құрықсалым жерге жеткенде жауырына етжеңді кісі еркін жатқандай жаялы, сауырлы, шоқтығы анадайдан көз тартып тұрған құла айғыр жерден басын жұлып алып оқыранып, жер тарпыды. Өзге жылқы да балықтай семіз, қоңды көрінеді. Биыл күн салқын, жылқының еркін оттап, алаңсыз жайылуына қолайлы болып тұр.

– Біз өз кәсібімізді бастаған 2012 жылы алдымызда жиырма-отыз биеміз болған, – дейді «Қосдәулет» шаруа қожа­лы­ғының басшысы Жамбыл Жақыпов. «Қазір шынын айту керек, малсақ қауымға мемлекет үлкен қамқор­лық туғызып отыр. Біз де «Құлан» бағдар­ламасы ар­қылы несие алып, жүз бие сатып алған­быз. Содан өсірдік. Негізі өз төлі есе­бінен көбейтуді көздеп отырмыз. Жылқы тұқымын асылдандыру да жадымыздан бір шыққан емес. Төл малымыздың тұрқы кішірейіп, тұқымы тәнті етпеген соң мұғалжар тұқымды 15 айғыр са­тып әкелдік. Қазір сол айғыр­лардан туған жабағылар үйірде жүр», деп өз тәжірибесімен бөлісті. 

Сіңіре будандастырылған жабағылар­ға назарымыз түскен. Жабағы болса да жергілікті жылқының тай-құнанындай. Осы арада мал тұқымының, оның ішін­де жылқы жарықтықтың бағы нелік­тен байланғаны туралы бір ауыз сөз айта кетелік. Соңғы жылдары мал сүме­сі­мен күн көріп келе жатқан ауыл адамдары айғыр жаңаламайтын болды. Шын­туай­тында, бір-екі биенің бетіне қарап отырған адамға арқыратып айғыр ұста­ған тиімсіз. Одан гөрі жетекке жегілетін, жыл сайын құлындайтын бие дұрыс. Ал айғырды босағасына бие біткен ауыл адамдары орталарынан қаражат шығарып, шеттен тұқымы жақсысын сатып әкеліп үйірге салса, үйдей пайда болар еді. Әттең, әншейінде дастарқан басында күпініп көп отыратын қазекеңнің осы бір ортақ іске келгенде кежегесі кері тартып тұрады. Нәтижесінде жыл­қы малының құнаны тайдай, тайы жабағы­дай болып ұсақталып кетті.
Ал «Қосдәулет» шаруа қожалығы осы бір жайды қапысыз аңғарған екен. Алдағы уақытта тағы да тұқым жақсарту үшін айғыр жаңалауға аңсарлары ауып отыр. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі асыл тұқымды жылқы шаруашылықтарымен хабарласып, келіссөз жүргізе бастапты. 

Шаруашылықтың 49 жылға жалға алған бес мың гектар жері де бар. Жайы­лымы да, шабындығы да сонда. Қыраулы қыста жабағының бәрін Кішкентай ауылындағы мал қорасына қамай­ды. Ал ірі жылқы тебіндеп шық­пақ. Сөз арасында шаруашылық бас­шысы мұғалжар тұқымды жылқы Арқа қысы­ның боран-шашынына, сары шұнақ аязына шыдамды, тебінге мықты екендігін айтып қалды. Асылында, өндірілген еттің өзіндік құнын таразы басына тартқанда, қысы-жазы бақташыны бейнетке батырмай, тебіндеп шығатын, былайша айтқанда, өз аяғымен күн көретін жылқыдан тиімді түлік жоқ-ау, сірә.          

– Мал өсіру үшін, ең алдымен қораң сайлы, мал азығы мол болу керек, – дейді шаруа қожалығының басшысы, – қазір біз күні-түні шабындықтың үстінде жүрміз. Техникамыз жеткілікті, төрт бірдей «МТЗ-80», ауқымы тоғыз метрді қамтитын шалғымыз бар.

Шабындықта шөп буатын Герма­ния­ның «Класс» техникасы мен тасы­мал­дауға қажетті «КамАЗ» да тыным таппай жор­тып жүр. Мемлекет қам­қор­лығының арқа­сында мал басын көбейтуді, көбейтіп қана қоймай, асыл­дандыруды мұрат тұт­қан шаруа қожалығы алғашқы несие­лерінен құлан-таза құтылған. Тиімді еке­ні­не толайым көзі жеткен соң тағы да несие алып, жүз құлынды бие сатып алу­ды жоспарлап отыр. Жалғыз шешімін тап­пай тұрған мәселе – электр қуатының жоқ­тығы. Сол себепті бие байлап, қымыз бап­тай алмай отыр. Жайлау төрінде электр қуаты болмауы себепті саумалды сақ­тайтын мұздатқышы да жоқ. Мың жыл­қы айдаған мықтылардың мәселесін аудан орта­лығына соққанымызда, аудан әкімі Ермек Нұғымановқа құлаққағыс қылғанбыз. 

– Ескереміз. Бәрі де болады, – деді ол, ауданға жаңа келіп жатқандығын айтып. 

Жылқы баққан жігіттердің биесі сауынды, желісі құлынды болып, айы оңынан туатынына біз де сендік. 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан» 

Ақмола облысы, 

Біржан сал ауданы