Тарих • 28 Қыркүйек, 2018

«Отырар жәдігерлері» альбом-кітабы жарыққа шықты

1041 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жарыққа шыққан «Отырар жәдігерлері» альбом-кітабы Отырар өркениеті қалып­тастырған материалдық және рухани мәдениет жайлы сыр шертеді. 

«Отырар жәдігерлері» альбом-кітабы жарыққа шықты

Кітапта Әбу Насыр әл-Фараби және оның арғы-бергі ізбасарлары мен мұралары, олардың өзі және отбасы тұтын­ған қолөнер бұ­йым­­да­ры мен тұр­мыс­тық заттары, шаруашылық құрал-сайман­да­ры, ­Отырардың құ­пия көмбелері, сондай-ақ 1930 жылға дейін Арыс­­­танбаб ке­сене-мешіті жанында рухани ағарту ошағы бол­ған шағын мұсыл­ман кітапханасы, Ел­ба­сының киелі өңірге сапарлары мен зиялы қауыммен кездесуі, ұлы­лардың ұлағатты ізін жалғап ке­ле жатқан буынның да өткенге із қал­дырар істері туралы сөз болады. Де­рек­тер қазынасын құнды кітап етіп, көпшілікке ұсынған мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов және әдебиет зерттеушісі, Мәдениет қайраткері Абдулла Жұмашев. 

Ежелгі Отырар қаласының дүние­жүзілік өркениетке қосқан үлесі, онда­ғы алар орны бүкіл әлемге аян. «Ғалымдардың айтуынша, жазба дерегі аз, бірақ ескерткіштерге ең бай елміз. Жазба дерегіміз жиырма процент десек, 80 процент тарихымыз ескерткіштерде тұр. Еліміздің қайсы бір төбесі мен жәдігерлерінің сырына үңілсеңіз тұнып тұрған тарихы бар. Ал Отырар жайлы аз айтылып, жазылып жатқан жоқ. Бірақ сол деректердің бәрінің басын қосып, келер ұрпақтың еншісіне қалдыру жұмысы Отырар ауданының тумасы, қоғам қайраткері Қуаныш Айтахановтың бастамасымен жүзеге асты. «Отырар жәдігерлері» биыл деректермен, тарихи құндылықтар жайлы ақпараттармен толықтырылып, үлкен энциклопедия түрінде жарыққа шықты»,  дейді «Руханият Әбу Насыр әл-Фараби» музейінің негізін қалаушы Абдулла Жұмашев.

1000 дана таралыммен жарық көрген «Отырар жәдігерлері» кітап-альбомына қызығушылық танытып, оң пікірлерін білдірушілер көп. 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы