Аймақтар • 28 Қыркүйек, 2018

Түркістанда халықаралық инвестициялық-туристік форум өтуде

539 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Түркістанда халықаралық инвестициялық-туристік форум өтуде

Өткен жылы өңірге тартылған 482 млрд. теңге инвестицияның 129 млрд. теңгесі өңдеу өнеркәсібінің үлесінде, яғни 2,5 есеге ұлғайған. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта өсе түсері анық.

Олай дейтініміз, Түркістан қаласында өтіп жатқан «Көне Түркістан  – жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық жəне туристік форум жаңа келісімдерге жол ашатыны кәміл. Форумға Еуропа елдерінен, Түркия, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Сингапур, Иран,  Малайзия, Пәкістан, Өзбекстан  сынды басқа да  мемлекеттерден 250-ден астам делегат қатысуда. Өңірдің дамуы және инвестициялық тартымдылығы жөнінде баяндама жасаған Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірде шағын және орта кәсіпкерлік жақсы дамығанын атап өтті. Инвестиция тарту мақсатында Түркістан қаласында  «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын құру жұмыстары жоспарланған. Бұл аймақта кәсіпкерлерге 25 жылға дейін салық төлеуде жеңілдіктер қарастырылмақ. «Түркістан – талай жылдар бойы қазақ хандығының және түркі әлемінің саяси ордасы, рухани астанасы болған шахар. Елбасымыз осынау көне қаланы облыс орталығы етіп, оны дамытуға ерекше ықылас танытып отырғаны белгілі. Бүгінде мемлекет тарапынан жалпы құны 2 млрд. АҚШ долларын құрайтын инвестиция құю жоспарланып отыр. Яғни, мұнда әуежай, әкімшілік - іскерлік орталығы және тұрғын үйлер бой көтеріп, Түркістан заманауи үлгідегі технология енгізілген ақылды қалаға айналатыны сөзсіз. Қазірдің өзінде өңірдің экономикалық даму мүмкіндігіне қаныққан отандық және түрік компаниялары 100 млн. АҚШ долларынан асатын қаржы салып, 5 жұлдызды қонақ үйлер, ойын-сауық сауда орындары мен фитнес орталықтар ашуды көздеп отыр», – деді облыс әкімі.

Форумда Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Владимир Пискурев Түркістанның туризм саласындағы мүмкіндігін жоғары бағаласа, «DALHolding» компаниясының басшысы Демирджан Косе Түркістан облысында 200 гектар жылыжай мен цемент зауытын ашуға дайын екенін мәлімдеді. Ал, Малайзияның «Nagasteel Equipment Sdn. Bhd.» компаниясының президенті Зайнул Азизан инфрақұрылым және өнеркәсіп салаларына инвестиция құюға әзір екенін айтты. Сондай-ақ «RIXOS HOTELS» қонақ үйлер желісінің президенті Фетах Таминджи, Еуразиялық туризм ассоциациясының президенті Рысты Қарабаева, «Қазақ туризм» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Рашид Күзембаев және өзге де спикерлер баяндама жасап, келешекте Түркістанды туризм көшбасшысына айналдыру бағытындағы ойларымен бөлісті.

Сонымен қатар, қатысушылар В2В форматындағы кездесулерде «Туризм индустриясы — Қазақстан экономикасының жаңа драйвері», «Солтүстік-Оңтүстік экономикалық дәлізі» тақырыптарында және агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы адам капиталының рөлі жөнінде пікір алмасты.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы