ЭКСПО-2017 • 03 Қазан, 2018

Қырық градус аязда энергия өндіреді

551 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халықаралық ма­ман­дандырылған көрмесіне Шығыс Қазақстаннан «Тұрғысын-СЭС-1», «Тұрғысын- СЭС-2» су электр стансалары құры­лы­сы және Өскемендегі Сәрсен Аман­жолов атындағы Шығыс Қазақ­стан мемлекеттік университетінің ға­лымдар тобы «ауа райын талға­майтын» гибридті жел электр стансасы секілді 3 жоба ұсынған еді. 

Қырық градус аязда энергия өндіреді

«100 жаңа есім» жобасына енген ғалым

Көрмеде көрсетілген бұл жо­балардың барлығы қағаз жүзінде қалмай, біртіндеп жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – Риддер қаласы маңындағы Кедровка өзеніне салынатын қуаты 500 кВт болатын «Ертіс-Шығыс» бөгетсіз шағын су электр стансасы жобасы. Бұл жобаны ЭКСПО көрмесінде университет ғалымдары ұсынған ауқымды жобаның жалғасы деуге де болады.

Облыстық энергетика жә­не тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылығы басқармасы энерге­тика бөлімі мамандарының айтуынша, жоба бойынша бизнес-жос­пар жасалып, барлық қа­жет­ті есептеулер, сондай-ақ электр желілеріне қосылу жүйесі әзір­леніпті. «ВостокЭкоЭнергия» ЖШС шағын СЭС орналасатын жерді анықтау үшін жобалау-із­деу жұмыстарын жүргізіпті. «Са­лыну құны 254 миллион теңге­ні құрайтын жобаның негізгі мақ­саты – электр энергиясын өндіре оты­рып, студенттер мен жас ғалым­дар­дың білімдерін арттыру үшін тә­жірибелік сабақтар өткізу алаң­дарын құру.

Қазір жобаны жүзеге асырумен аталған оқу орнының ғалы­мы Әлмира Жылқашинова айна­лысып жатыр. Алдағы уақыт­та ғалым мемлекеттік грант алып, техникалық-эконо­ми­калық не­гіздемесін жасап, жобаны толық аяқтап шығуға бел буып отыр. Жоба еліміздің «жа­сыл эко­номикаға» өту тұжырым­дама­сына сәйкес келеді. Құры­лыс-мон­таж жұ­мыстары 2019 жылдың екінші жар­тысында басталады. Бизнес-жос­парда көрсетілгендей, бұл электр стансасын 2020 жылы іс­ке қо­су көзделген», дейді атал­ған бас­­қарманың энергетика бөлі­мі­нің басшысы Нұрлан Рама­занов.

Бұл жобаның авторы жас ғалым, өнертапқыш Әлмира Жыл­қашинованың Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың бастамасы­мен қолға алынған «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясындағы «Қа­зақстанның 100 жаңа есімі» жоба­сына енгенін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. 1981 жы­лы Өскемен қаласында дүние­ге келген ғалым бүгінде Сәр­сен Аманжолов атындағы Шы­ғыс Қазақстан мемлекеттік уни­вер­ситетінің ұжымдық ұлттық лабораториясының зерттеуші-инженері болып еңбек етеді. 


Аталған білім ордасын физик-инженер мамандығы бойынша бі­тіріп, кейін оқуын физика маман­дығы бойынша магистратурада жал­ғастырған өнертапқыш Ресей­де, Ұлы­британияда, АҚШ-та, Ауст­рияда тағылымдамадан өтіп, бір­неше грант жеңіп алып, бір­неше стипендияның иегері атаныпты. Мұның бәрін жіпке тізе берсек ұзаққа кетерміз. Оның ізденісі, еңбегі елімізде де ескерусіз қалмай, тиісті бағасын алып келеді. Ә.Жыл­қашинова – республикалық «Made in Kazakhstan» байқауының үздік инновациялық жоба жеңім­пазы. Рес­публикалық «Үздік иннова­ция­лық бизнес-жоба» және Әділет министр­лігі ұйымдастырған республикалық «Шапағат» (бұл сыйлық жас физиктің 40 градус аязда энергияны өндіретін жел генераторын ойлап тапқаны үшін берілген) байқауларының да жеңімпазы. «Өнертапқыш әйел – 2015» номинациясының иегері, «С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың үздік зерттеушісі». 2015 жылдан бері халықаралық информатизация академиясының академигі.

Ойлап табудан, оны жүзеге асыру қиын

Елде алған білімін шет мемлекеттерде шыңдаған ғалым жел генераторы арқылы энергия алу жобасымен айналысады. Өзі ойлап тапқан генераторға «Желкен» деген ат қойыпты. Ғалымның талпынысына таңғалмасқа шара жоқ. «Алғаш желден қуат өндіру туралы ой келгенде әлемдегі тәжірибелерді зерттеу қажет екенін түсіндім. Ол үшін ең әуелі ағылшын тілін меңгеру керек еді. Сөйтіп инновация биігін бағындыруды тіл үйренуден бастадым. Уақыт таңдаған бағытым­ның дұрыс екенін көп кешікпей-ақ көрсетті», дейді ол. 

Елуден астам ғылыми жұмыстың авторы, 14 патенттің иесі Әлмира Жылқашинованың жел генера­торы өзі жұмыс істейтін С.Аман­жолов атындағы ШҚМУ-дың №7 ғимаратына орнатылған. Қуаты 5,5 кВт болатын құрылғы желді желкендерімен тосып, горизанталь орналасқан білік бойымен айналады. Қапалақты генераторлардың пайдалы әсер коэффициенті 38-40 процент болса, желкеннің арқасында бұл көрсеткіш Әлмираның қондыр­ғысында 49 процентке тең. Осыған сәйкес генератор жел секундына екі метр жылдамдықпен соққан кезде де тоқ өндіре алады. «Желкеннің» тағы бір ерекшелігі, тоқ өндіру процесіне маңайындағы ауа ағын­дарын мейлінше мол үйіре алатынында. Осы қондырғы арқылы оқу ғимаратының екі бөлмесі электр қуатымен қамтылған. 

Шет мемлекеттерде көп болып, жақсысын үйренген жас ғалым біздің елде өнертабысты ойлап табудан, оны өмірге кіріктірудің қиын екендігіне, кедергілердің көптігіне қынжылады. «Мәселен, Францияда баламалы электр қуатын пайдалану қарапайым жолмен заңдастырылған. Кез келген франциялық шағын генератор сатып алып, орталық желіге қосыла алады. Осының арқасында қуатты тегін тұтынып қана қоймай, артылғанын электр компанияларына сатады. Бұдан түскен қаржымен қондырғының шығынын біртіндеп ақтауға да болады. Ал Үндістанда жел қуатын пайдалану үшін әуелі алманиялық технологияны патентімен қосып сатып алған да, оған IТ-технология жетістіктерін енгізген. Бүгінде аталған елде тұтынылатын энергияның 30 проценті жел генераторларына тиесілі. Бізде инновациялық идеяларды қаржылай қолдау аздап болса да қолға алынғанымен, оны нақты өмірге кіріктірудің заңнамалық тетіктері реттелмеген. Мысалы, жел генераторын сатып алып, пайдалану үшін ортақ желі мен трансформаторға дейін кабель тарту шығындарын кім көтеретіні нақтыланбаған. Тіпті, үйіңізге тікелей жалғау үшін де арнайы рұқсат керек. Бұл тұрғыдан алғанда электр қуатын өндіріп, таратушы монополистердің мүддесі мықтап қорғалған деуге болады», дейді өнертапқыш.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН