Қазақстан • 04 Қазан, 2018

Бес бастаманың нақты нәтижесі

318 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мүшелерімен бірге Астана қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Сондай-ақ ол аталған Кеңестің отырысына қатысты.

Бес бастаманың нақты нәтижесі

Алдымен Мәулен Әшімбаев пен Кеңес мүшелері «Millennium Park» тұрғын үй кешенінде болды. Себебі онда «7 – 20 – 25» бағ­дарламасы бойынша баспаналы болған отбасылар тұрады. Со­лардың бірі жас отбасы Азамат пен Жанар Астанаға Балқаш қала­сынан көшіп келген. Бір жыл бойы пәтер жалдап тұрған олар мем­лекеттік бағдарлама арқылы өз пәтерлеріне қол жет­кіз­гендеріне ерекше қуанышты. Олар­дың айтуынша, «7 – 20 – 25» бағ­дар­ламасы бойынша ай са­йын­­ғы төлем пәтер жалда­ған кез­дегі ақыдан аспайтын көрінеді.

«Нұр Отан» партиясы Төр­аға­сының бірінші орынбасары жас отбасын құттықтап, бұл Елбасы бастамаларының нақты нәтижесі екенін айтты. 

Сондай-ақ М.Әшімбаев атал­ған бағдарламаның құрылыс өн­дірісінің жаңаша қарқын алуына да жол ашқанын, сол арқылы ел экономикасының дамуына ықпал етіп отырғанын тілге тиек етті.

Сәулеті ерекше жаңа тұрғын үй елордамыздың дәл жүрегінде – «Қазақ елі» алаңында орналасқан. «Millennium Park» кешенінің әкім­шілік ғимаратында ірі ком­па­ния­лардың кеңселері, білім беру орталықтары, спорт және ба­лалардың шығармашылық үйірмелері, инфрақұрылымдық тұрмыстық нысандар, химиялық тазалау, тігін ательесі, шеберханалар орналасқан. Ал үйдің дәл іргесінде қалалық саябақ пен бірқатар мектеп орын тепкен.

«7 – 20 – 25» бағдарламасы­ның операторы «Баспана» ипо­текалық ұйымының мәліметіне сүйенсек, биылғы 1 шілдеден бас­тап Астанада жалпы сомасы 12,7 млрд теңгені құрайтын 840 өтінім қабылданған. Оның ішін­де 8,8 млрд теңгені құрайтын 584 өтінім мақұлданды. Бұл шамамен бүкіл еліміз бойынша қаралған және мақұлданған өтінімдердің үштен бір бөлігі.

Бұдан кейін делегация «Жо­ғары білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру және студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бастамасын іске асыруға қатысушы «Әл-Қуат» хостелінде болды. Кешен директоры Гүлжанат Маусымбаеваның айтуынша, 400 орынға арналған бұл хос­тел 2015 жылы ашылған. Оның жалпы ауданы 5 мың шаршы метрді құрайды. Яғни мұнда 90 бөлме, 150 орындық асхана мен 120 орындық мәжіліс залы бар. Нә­тижесінде хостел арқылы «Әл-Қуат» компаниясы 18 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Бөлмелерді аралап, студенттерге жасалған жағдаймен танысқан делегация Астанада 35 колледж бар екеніне және оларда 26 мың студент білім алатынына назар аударды. Олардың 2 мыңнан астамы жатақханамен қамтамасыз етілмеген. Осы ретте қалада ЭКСПО халықаралық көрмесінен кейін босап қалған жалпы қоры 9 000 орын болатын 100-ге жуық қарапайым қонақ үйлер мен хостелдер бар екенін ескерген жөн.

Студенттерді жатақханамен қамту да Астана үшін аса маңызды мәселе екені белгілі. Тіпті бүгінде елордада жоғары оқу орындары мен колледждердің 16 мыңға жуық студенті жатақханаға мұқ­таж. Осы мәселені шешу үшін қалалық әкімдік ЭКСПО ха­лықаралық көрмесінен кейін бос қалған хостелдерді уақытша жа­тақхана ретінде пайдалануды қолға алған. Бұл әрине қанат­қақты жоба. Яғни алдағы уақыт­та жаңа жатақханалар салынады. Бірақ соған дейін студенттер осын­дай орындарда тұрмақ.

Жұмыс сапары барысында аталған топ Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық уни­вер­си­тетке барды. Бүгінде мұнда елі­міздің әр өңірінен келген 12 881 студент білім алуда. Сон­дай-ақ университеттің 2012 жыл­дан бері «ТОП 800» әлем­дегі ең үздік жоғары оқу орын­дарының қатарына енетінін атап өткен жөн.

«Нұр Отан» партиясы Төра­ға­сының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Респуб­ли­калық қоғамдық кеңестің төра­ғасы, Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов және партияның Астана қалалық филиа­лының төрағасы, Астана қала­сының әкімі Бақыт Сұлта­нов аталған жоғары оқу ор­нында өткен Елбасы баста­ма­ларының елордада жүзеге асырылу барысы туралы отырысқа қатысты.

Жиында Мәулен Әшімбаев қала бойынша атқарылған жұ­мыс­тарға бағасын беріп, бес әлеу­меттік бастаманы одан әрі тиім­ді жүзеге асыруға қатысты ұсы­ныстарын айтты.

– Ақпараттық-түсіндіру жұ­мыс­тарын жүйелі жүргізіп, халық­тың әлеуметтік бастама­лар­дың игілігін молынан көруін қам­тамасыз етуіміз қажет. Осы жолда республикалық және өңір­лік кеңестер белсенділік таныт­қаны абзал, – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.

Өз кезегінде қала әкімі Бақыт Сұлтанов елордада бес әлеу­меттік бастаманы іске асыруға арналған нақты жұмыстар қолға алынғанын жеткізді.

– Халықты баспанамен қам­тамасыз ету, жалақысы төмен азаматтарға салықтық жеңіл­діктер жасау, жастардың сапалы білім алуы үшін жатақ­ха­на­лармен қамту және ынталы адам­дардың кәсіпкерлікпен айна­лысуына қолдау көрсету әкім­дік жұмысының басым ба­ғы­тына айналды. Сол арқылы жас­тардың өз тағдырын Астанамен тығыз байланыстыруына тың мүмкіндіктер туып отыр. Сон­дық­тан Елбасы айқындап берген бастамаларды сапалы әрі уақтылы орындау үшін бар күш-жігерімізді салып жұмыс істейміз, – деді Бақыт Сұлтанов.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»