Өнер • 04 Қазан, 2018

Қостанайда республикалық айтыс басталды

596 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның концерт залында ине шаншар орын жоқ. Мұнда қостанайлықтар «Тобылым – Торғайым, Жүректен жырлайын!» атты республикалық айтысты тамашалауға жиналды.

Қостанайда республикалық айтыс басталды

«Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында өтіп жатқан айтыс батыр Шақшақ Жәнібектің 325 жылдығы, ақын Ақсұлу Орысбайқызының 145 жылдығы және ақын, ғалым Қайнекей Жармағамбетовтың 100 жылдығына арналды. Аламан додада есімі елімізге танымал айтыс ақындары Мұхтар Ниязов, Қазірет Бердіхан, Айбек Қалиев, Мейірбек Сұлтанхан, Салтанат Өтелбаева, Әсем Ережеқызы, Шұғайып Сезімхан, Тоба Өтепбаев, Батырлан Сағынтаев, Азамат Мәлжанбай, Медет Байзақов, Марат Ахметов, Қанат Мырзахан, Марғұлан Оспанов өнер көрсетеді.

Әділқазылар алқасының құрамында халық ақындары Әсия Беркенова мен Әселхан Қалыбекова, «Алаш» сыйлығының лауреаты Ақылбек Шаяхмет,  ақын Нұрқанат Құлабаев, айтыс ақыны Бауыржан Қалиолла бар. Жыр додасын Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман жүргізіп отыр.

«Айтыс облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың тікелей қолдауымен өтіп отыр. Қостанайда бірінші айтыс 1943 жылы өткен екен, оған да биыл 75 жыл толды, өңірден шыққан ірі тұлғалардың мерейжасымен қатар, осы бұл да ескерер мәртебе деп білеміз. Бұл айтысқа Жүрсіннің жеті жүйрігіне Қостанай жеті жүйрігін қосып отыр» деді жұртшылықты айтыстың басталуымен құттықтаған облыстық мәдениет басқармасының бастығы Ерлан Қалмақов.

Айтыс ертең жалғасатын болады, жыр жүйріктерінің де аты ертең аталады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай