30 Желтоқсан, 2011

Бал мен марал – Алтай бренді

842 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Дүйсембай Селиханов ауыл шаруашылығының білгір маманы, ғылым-зоотехник, заңгер, ұзақ жылдар Үржар ауданының әкімі, облыс әкімінің орынбасары қызметінде ысылған, тәжірибелі маман. Соңғы үш жылдан астам уақыттан бері облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын іскерлікпен басқарып келеді. Жемісті қызметі үшін тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Құрмет» орденімен және  «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерейтойлық медалымен марапатталды. Ендігі әңгіме төркіні Алтайдың бренді бал мен марал шаруашылығын дамыту, агроөнеркәсіп саласындағы ізденістерге арналмақ.

– Дүйсембай Мағзұмұлы, есіңізде болар, осыдан бір жа­рым ай бұрын сіздің қызмет бөл­меңізде еліміздегі «Бал ара­сы» ұлттық омарташылар ода­ғының вице-президенті Игорь Рукавицин мырзамен әңгімеле­сіп, ол кісінің Аргентинада өт­кен халықаралық омарташы­лар конгресі сапарынан түйген ой­ларын ортаға салуды өтінген едік. Омарташылардың халықара­лық 42-ші конгресіне 75 елдің өкіл­дері қатысыпты. Буэнос-Ай­рестегі әлем­дік омарташылар қауым­дас­тығы­ның президенті француз Жиль Ратиа мырза жиналған­дар­ды құт­тық­тап, мәртебелі жиын­да қа­зақ­стан­дықтарды көріп отырға­нына риза­шы­лығын білдіріпті. Осы жайлы тарқатып айтып берсеңіз? – Игорь Рукавицин «Бал арасы» ұлттық омарташылар одағының вице-президенті қызметін бірнеше жыл­дан бері жемісті атқарып келеді. Қазақстан халықаралық  конгреске мүше. Осы уақыт ішінде омарта ша­руашылығын дамыту, аралардың тұқымын асылдандыру бағытында көп істер жүргізіліп келеді. Облыс әкімі  Б.Сапарбаев Алтайдың балын халықаралық аренаға шығаруда көп игі істерді жүзеге асыра бастады. Мәселен, қатарынан екі жыл бойы Өскеменде халықаралық бал фестивалі өтті. Осыған Ресей, Беларусь, Украина, басқа да шетелдерден қо­нақтар шақырылып, тәжірибелері­мен бөлісті. Бал фестивалінде аудандар мен қалалардағы омарташы­лар өз өнімдерін жарнамалап, тұ­тыну­шыларын тауып алды. Әрине, бал­дың сапасы жоғары болып, тіл үйір­генде ғана тұтынушыларын табады. Ал енді Аргентинаға оралайық. Игорь Рукавицин келген соң Кенді Алтайдағы омарташылармен кездесіп, сапардан алған әсерлерін бөлісті. Аргентина – бал өндіру және экспортқа шығару жөнінен әлемде көш басында тұр. Ол жылына 225 мың тонна бал өндіреді. Өз кезегінде балдың 70 пайызы шырайлы Шы­ғыста өндірілетінін еске алсақ, біз жылына 2,5-3 мың тонна ғана бал өндіреміз. Балдың сапасы жоғалмай, төгілмей жеткізілудің өзі табыс кө­рінеді. Шығыста омарта шаруашы­лығын дамытуға  бетбұрыс жасалуда деп айтуға негіз бар. Бүгінгі күні Алтайда 56 мың бал ұясы бар. Олар негізінен алғанда Катонқарағай, Зырян, Күршім, Көкпекті, Шемонаиха, Үр­жар, басқа да аудандарда орналас­қан. Биыл облыс басшысы омарта шаруашылығын өркендету үшін бюд­жеттен 24 миллион теңге субсидия бөлгізді.  Алтайдың бренді –  бал табиғи гүлден, қарақұмық, күнба­ғыс, әртүрлі гүлдерден жиналады. Біздің бал бірнеше халықаралық жәрмең­келерде арнайы медальдарды жеңіп алуда. Қазір өңірде 31 шаруа­шылық асыл тұқымды ара өсірумен шұғыл­дануда, яғни 8 мың асыл тұқымды бал ұясы бар деген сөз. 2013 жылы Украинада, 2015 жы­лы Оңтүстік Кореяда әлемдегі омарта шаруашылығын өркендету, бал экспорты кезінде тасымал­дау, жеткізу мәселелерін қамтитын ха­лықаралық конгресс өтпек. Сол пай­далы кеңеске Қазақстаннан да бал өндірумен шұ­ғылданып жүрген азаматтар көптеп барса, ұтарымыз анық. – Бесінші түлік – марал мен теңбіл бұғы осыдан бес-алты жыл бұрын екі есеге дейін азайып, алты мыңнан сәл асқаны белгілі. Қазір адам ағзасына аса зәру дәрумендік қасиеті мол маралдан алынатын панты өндіру, шипажайлар жағдайы қалай? – Нарық табалдырықтан аттаған кезде марал өсірушілер дағдарыс жағ­дайында қалды. Күнкөріс нашар­лаған соң көптеген марал сатылды, қасқыр жеп кетті дегендей, күрт азайды. Соңғы екі-үш жылдан бері марал мен теңбіл бұғы тұқымын асылдандыру, бесінші түліктің са­нын арттыруда көптеген игі шаралар жүзеге асырылды. Марал мен теңбіл бұғыны дамытуға облыс басшысы 35 миллион теңге қаржы берді. Міне, осындай шаралардың нәтижесінде бүгінгі күні маралдардың саны 8607-ге, ал теңбіл бұғы саны 1380 басқа жетті. Барлығы 10424 марал мен бұғы  күтуде тұр. Оның үстіне Алма­ты, Ақмола, басқа да облыстар біздің маралды алып, өздеріне өсіріп жатыр. Бесінші түлікті өсірудің қиын­дығы мен жауапкершілігі жетіп ар­ты­лады. Олар биік таулар мен жем-шөбі құнарлы, суы мол құз жартастарда жайылуды ұнатады. Міне, осын­дай азапты жұмыстағы азамат­тардың ерлігі қалай мақтауға да тұрарлық. Биыл алты тонна панты өндірілді. «Ақсу Дэн» фармацевтік цех пантыдан бірнеше түрлі дәрілер шығарып, елімізге және шетелдерге сатуда. Катонқарағай ауданында пантымен емдейтін «Екі дос», «Баян», «Ақсу», «Үшбұлақ», басқа да шипажайлар жаз маусымында жұ­мыс істеп тұр. Қысы-жазы жұмыс істейтін екі шипажай ашылды. Нұрлан Тоқтаров басқаратын теңбіл бұғы паркінде де дәрі-дәрмек, пайдалы шөптерден және пантыдан шипалық заттар шығарыла бастады. Бүгінгі күні облыста 16 шаруашылық марал өсірумен шұғылданса, олардың то­ғызы асыл тұқымды шаруа қожа­лық­тары. Марал өсіру тек Катонқа­рағай ауданында емес, Көкпекті, Зайсан және Ұлан аудандарында да дамып келеді. – Шығыс Қазақстан ауыл ша­руашылығы дамыған өлкеге жата­ды. Биыл табиғат ана жомарттық танытып, ауа райы жауынды бо­лып, астықтан мол өнім –  620 мың тон­на дән маржаны жиналды. Ел­басы тапсырысы­мен үдемелі ин­дустриялық иннова­ция­лық даму­дың  2010-2014 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдар­ла­ма­сы қабыл­данғаны белгілі. Бұл ба­ғыт­та қан­дай іс-шара қабыл­данды? – Аталған бағдарлама аясында ин­дустрияландыру картасына АӨК-ті дамыту бойынша 9 инвестиция­лық жоба енді. Оның екеуі респуб­ликалық маңызға ие. Аталған жоба­лар­дың құны 13,8 миллиард теңге. Былтыр Семей қаласында сыйымды­лығы 4 мың тонна көкөніс қоймасы,  макарон өнімдерін шығаратын желі, «Ертіс Таннур плюс» ЖШС-де 3 мың тоннаға арналған қойма іске қосылды. Өскемендегі «Шығыс сүт» серіктестігі ультрапастерленген сүт өндіруді жолға қойды.Үстіміздегі жылдың маусымында Елбасы Н.Назарбаев сүт зауытында болып, жұ­мыс­шылармен әңгімелесті, олар­дың ісіне табыс тіледі. «Семейдегі тері былғары комбинаты» серіктестігі тері өндіруді қалпына келтіруді және жетілдіру жобасын пайда­ла­нуға берді. Сонымен бірге, «Приир­тыш» бройлер фабрикасы» ЖШС-нің қуа­тын арттыру жұмыстары аяқтал­ды. Жобаның құны 954,8 миллион теңге. Бұдан былай жы­лына 12 мың тонна құс еті өн­дірілмек. 2012 жылы Өскемен құс фабрикасының қуаты артып, жылына 20 мың тонна құс еті өндірілмек. Сондай-ақ, диірмен кешені пайдалануға берілмек. Ұлан ауданы Украинка ауылын­да­ғы сүт зауыты, Глубокое ау­данының Бобровка ауылында сүт ферма­сын құру, майлы дақылдар стан­сасында 220 басқа арналған тауар­лы сүт фермасын жабдық­тау, Семей құс фабрикасында 6 мың тонна құс етін шығаратын қуат іске қосылмақ. Міне, индус­триялан­ды­ру картасына енгізілген бұл жо­балардың барлығы жаңа­дан мың­даған жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туғызып отыр. – Әңгімеміздің аяғында мал ба­сын асылдандыру, өсімдік ша­руа­­шылығы жайында айта кетсеңіз? – Биыл өткен жылмен салыс­тыр­ғанда ірі қара, қой-ешкі, жылқы және шошқа саны артты. Талдау жүргізілген кезде тірі салмақтағы ет өндіру көлемі 1,6 пайыз, сүт өндіру 1,9 пайыз артты. Бүгінгі күні облыста 52 сүт тауарлы фер­малары, 245 мал бордақылау алаң­дары жұ­мыс істеп тұр. Биыл 29 мал борда­қылау алаңдары, 179 асыл тұқымды мал шаруашы­лы­ғы, 182 қолдан ұрықтандыру пунк­тері құрылды. Саланы қол­дау­ға және дамытуға респуб­ликалық бюджеттен 4 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр. Алайда, жұмыста кемшіліктер­дің бар екенін айтқан орынды. Шемонаиха, Жарма, Аягөз, Бородулиха аудандарында мал басы қысқарып кеткен. Үржар, Семейде, Зырянда, Шемонаихада мал саны азайып кетті. Таяуда облыс әкімдігінде Зырян және Зайсан аудандарының мал шаруашылығын және суар­малы жерлерді тиімді пайдалану мәселесі жөнінде сөз болды. Атал­ған аудандарда көп істер тын­дырылған, бірақ суармалы жерлер пайдаланылмай жатыр. Бүгінгі күні тамшылатып суару тәсілі небәрі 339 гектар ай­мақта игерілді. Бұл өте аз, өңір бас­шысы  тиімді тәсілді енгізу жөнінде нақты тап­сырма берді, оны орын­дауға тиістіміз. Шы­­­ғыста күнба­ғыс өсіру дең­гейі ұлғайып келеді,  соң­ғы жыл­дары көптеген шаруа­шы­лық­тар күнба­ғыс өсіруге ынта­лы. Ауыл­шаруа­шылық өнім­дерін қайта өң­деу, жаңа техника сатып алуда да оң істер бар. – Әңгімеңізге рахмет. Мерейлі жылда мерейлі жасқа келіп отырған сізге, отбасыңызға зор табыстар тілейміз.

Әңгімелескен Оңдасын ЕЛУБАЙ.

Шығыс Қазақстан облысы.