30 Желтоқсан, 2011

Өзге ұлт өкілдері – тіл жанашыры

677 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Семейде ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған 20 жарқын іс акциясы аясында мемлекеттік тілді меңгерген және оны қоғам­дық жұмыста,  күнделікті өмірде белсенді түрде пайдаланып келе жатқан өзге ұлт жастарының қа­тысуымен «Бір отан, бір тіл – тәуел­сіз Қазақстан» деген атпен облыс жастарының форумы бо­лып өтті. Облыс әкімінің бастамасымен өткізілген бұл игілікті шараға 18 бен 30 аралығындағы мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт жастары түрлі қоғамдық ұйым­дар­дың өкілдері, басқа да тіл жа­нашырлары  қатысты. Форум жұ­мысы осы шараға орай Абай атын­дағы драма театрында ар­найы ұйымдастырылған көрмені тамашалаудан басталды. Көрмеге мемлекеттік тілді насихаттаудағы оңды тәжірибелер жинақтал­ға­нын да айта кетсек дейміз. Форумға қатысушыларды құт­тық­таған облыс әкімінің орын­ба­сары Түсіпхан Түсіпбеков мұндай алқалы жиынның ұлылардың ізі қалған қасиетті Семей қаласында өтуі заңдылық екенін айта келіп, облыс бойынша мемлекеттік тілге байланысты атқарылған шаралар­ға қысқаша тоқталып өтті. Оның айтуынша,  бүгінгі күні 700-ден ас­там өзге ұлт өкілдерінің бала­лары қазақ тіліндегі балабақ­шалар мен мектептерге  барады екен. Ал форум делегаты Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Алексей Кливенко өз сөзін қазақ­ша өлеңмен бастап, мемлекеттік тілді орнықтыруда жастар бас­тамашы болу керек екендігін айт­т­ы. Ол химия пәнінен дәрісті қазақша оқиды екен. Отбасында да қазақша сөйлесеміз. Ал шетелдік көлікпен жүйткіп, тілге келгенде мүдіріп жататындарға қар­ным ашады. Сонан соң қит етсе бүй­ректен сирақ шығарып жата­тын орыс тілді басылымдарға да өк­пем қара қазандай. Елбасымыз қазақ қазақпен қазақша сөйлессін деді. Дұрыс сөз, бірақ елімізде тұратын орыс, неміс, корей және тағы басқа ұлт өкілдері қазақпен неге қазақша сөйлеспеске деген оның сөзін құп көргендер де аз болмады. Форумда жастардың құрғақ сөз, жалаң сезімнен аулақ бол­ғанына сүйсіндік. Айталық, Бородулиха ауданына қарасты Новопокровка ауылдық округінің аға маманы Индира Бельская облыс­тық мекемелерге деген өкпе-рені­шін де жасырып қалмады. Мә­селен, облыс іс қағаздарын мем­лекеттік тілде жүргізуге үш жыл бұрын көшкенмен, кемшілік жеткілікті. Айталық, биылғы жылы аудандық әкімдікке келіп түскен барлық құжаттың 60 пайызы ресми тілде жазылған. Соған басқа ұлт өкілі болсам да менің қарным ашады деді ол. М.Әуезов атындағы колледж­дің 4-курс оқушысы Виктория Парасюкованың сөзі де көп көңі­ліндегі ойды қозғады. Ол осы кол­ледждің  қазақ тілі мен әде­биеті бөлімінде оқиды екен. Жал­пы біздің колледж бойынша сабақтың 75 пайызы мемлекеттік тілде жүргізіледі деді ол. Орыс мек­тептеріндегі гуманитарлық пән­ді неге мемлекеттік тілде жүр­гізбеске! Бұл да тілді жете үй­ренудің бір кілті болар еді. Виктория солай дей келіп, орыс тілді жастарды Жидебайға, хакім Абайдың басына апарып келуді дәстүрге айналдыру қажет деген өз ұсынысын айтты. Ал оның да тәрбиелік мәні өте зор. Форум соңында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Шығыс және Солтүстік аймақтары бо­йын­ша вице-президенті Орал Шә­ріпбаев бірқатар өзге ұлт өкіліне қоғамның мүшелік куәлігі мен «тіл жанашыры» лентасын сал­та­натты жағдайда табыс етті. Және осы азаматтың бастама­сымен қо­ғам жанынан өзге ұлт өкілдерінің жастар қанаты ұйымы құрылды. Осы игілікті шаруа басқа облыс­тарда да жалғасын тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. СЕМЕЙ.