– Жеңіс Махмұтұлы, Мемлекет басшысы 5 қазандағы Жолдауында «Нұрлы жер» бағдарламасының табысты іске асып жатқанын айрықша атап өтті. Алдымен бағдарламаның нәтижелеріне тоқталып өтсеңіз. Қандай жетістіктер бар?
– Мемлекет басшысы күні кеше ғана халыққа Жолдауында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы мен «7-20-25» бағдарламасын одан әрі өзектендіріп, жалғастыру жөнінде тапсырмалар берді. Әрине оған негіз бар. Өздеріңіз жақсы білесіздер, әсіресе қалалық жерлерде азаматтарымызды баспанамен қамтамасыз ету – үлкен мәселелердің бірі. Жылдан-жылға халық саны да өсіп келеді. Оның үстіне қалаларға көшіп келушілер де көп. Сол себепті баспанаға деген қажеттілік те арта түсуде. Сондықтан қазақстандықтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге айрықша назар аударылып, осы мәселелерді шешу жүйелі түрде қолға алынды.
Елбасының бастамасымен түрлі деңгейдегі табысы бар барлық қазақстандықтың тұрғын үйге қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда және жаңадан «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы іске қосылды. Осы бағдарламаларды сәтті жүзеге асыру арқылы баспанаға мұқтаж отбасылардың мәселесін шешуге болады. Биылғы 8 айдың өзінде 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Былайша айтқанда, республика бойынша барлығы 67 мыңнан астам баспана тапсырылған, оның ішінде 27 мыңға жуық жеке үй бар. Былтыр біз 11,2 млн шаршы метр тұрғын үй салып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізген едік. Биыл сол рекордты жаңартатын сияқтымыз. Яғни, жыл соңына дейін 12 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салу көзделіп отыр.
– Мемлекет басшысы 5 қазандағы Жолдауында халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайту қажет деді. Осы бағыттағы жұмыстың аяқ алысы қалай?
– Иә, Елбасы қоғамымыздағы баспана сатып алуға мүмкіндіктері жоқ азаматтарды қолдауды, олардың жалға берілетін баспанамен қамтамасыз етілуін тапсырып отыр. «Нұрлы жер» бағдарламасының бірінші бағыты осы мәселеге арналған. Яғни, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй құрылысы. Бұл бағыт бойынша әкімдіктерде кезекте тұрған әлеуметтік жағынан әлсіз, пәтер сатып алуға мүмкіндігі жоқ адамдар баспанамен қамтамасыз етіледі. Оларға арналып жыл сайын шамамен 3 мың пәтер салынады, бұл – тұрғын үй мәселесін шешуге үлкен қолдау. Аталған баспаналар тегін, сатып алу құқығынсыз беріледі. Мемлекет басшысы Жолдауында осы бағытты одан әрі жетілдіру керектігін айтты.
«Нұрлы жер» бағдарламасының іске асырылып келе жатқанына 2 жыл болды. Осы аралықта 3,5 мыңнан астам пәтер салынды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 6182-ге жеткізу жоспарланған. Мұндай әлеуметтік тұрғын үйдің 1 шаршы метрін жалдау төлемақысы шамамен 100 теңгені құрайды. Мысалы, аумағы 50 шаршы метрді құрайтын 2 бөлмелі пәтерді жалдау төлемі айына 5 мың теңге ғана. Осы шаралар арқылы 250 мыңнан астам отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартамыз. Елбасының осы тұрғыда алдымызға қойған міндеттерін орындауға әлеуетіміз жетеді, толық мүмкіндігіміз бар.
– «Нұрлы жер» бағдарламасының бұдан басқа іске асырылып жатқан тағы үш бағыты бар екенін білеміз. Сол бағыттардың қазіргі іске асырылу барысы мен нәтижелері жөнінде не айтасыз?
– Бұл мәселелерге рет-ретімен тоқталайын. Екінші бағыт – несиелік тұрғын үй құрылысы. Бұл бағыт бойынша салынатын үйлердің 1 шаршы метрінің бағасы 140-180 мың теңгеден аспайды. Мұндай үйлер әкімдікте кезекте тұрған азаматтар (тұрақты табыстары бар мұғалімдер, дәрігерлер, мемлекеттік қызметкерлер) мен Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі салымшыларына арналған. Бастапқы жарнаның және несие мөлшерлемесінің төмендігіне байланысты бұл механизм үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бүгінгі күні «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» несиесі арқылы осы несиелік үйлерге жинақтаудың қажет сомасы 20%-ке дейін төмендеді. Бұл үлкен жеңілдік екеніне ешкімнің дауы жоқ қой деп ойлаймын. Бағдарлама іске асырыла бастаған 2 жылға жуық уақыт ішінде 18,5 мың пәтер пайдалануға берілді.
Ал үшінші бағыт – жеке тұрғын үй құрылысын дамыту. Мемлекет басшысы 5 қазандағы Жолдауында: «Бюджет есебінен салынатын жаппай құрылыс алаңдарына арналған инженерлік инфрақұрылым жүргізуді қоса алғанда, мемлекет бес жыл ішінде 650 мың отбасына немесе 2 миллионнан астам азаматқа қолдау көрсетеді», деп атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар белгіленген жоспарға сай атқарылып келе жатқанын айтқым келеді. Мысалы, өткен жылы біз жеке үй салуға арналған 70 мың жер телімін инженерлік желімен қамтамасыз еттік. Биылдан бастап жыл сайын 40 мың телімге инфрақұрылым желілерін тартуды жоспарлап отырмыз. Қажетті инфрақұрылымы дайын болған кезде 10 сотық жер кезекте тұрған азаматтарға берілетін болады. Бұл – бағдарламаның негізгі талаптарының бірі. Бүгінгі таңда 40 мыңнан астам жер телімін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.
Тағы бір айта кететін жайт, 14 облыс орталығында 1 шаршы метрінің құны 120 мың теңгені құрайтын бірыңғай сәулеттік стильде қанатқақты жобаларды іске асыру жалғасуда. Бұл жерде құрылысқа тек отандық құрылыс материалдары пайдаланылатынын атап өту керек. Барлығы 2 мыңнан астам қанатқақты үй пайдалануға берілді.
Төртінші бағыт жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру мәселесіне арналған. Яғни, құрылыс салушыларға 7%-ке дейін субсидия төлеу арқылы несиелік шығындар өтеледі. Бұл жерде құрылыс салушыға маңыздысы – банктің қолдауына ие болу. Одан кейін әкімдік субсидия алуына мүмкіндік береді. Салынған үйдің 50%-і «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына белгіленген бағамен ұсынылатын болады. Биыл 1 қыркүйекте құрылыс компанияларынан 70,4 млрд теңгенің 72 жобасы тапсырылды. Оның ішінде 45 жоба бойынша субсидиялау келісімі жасалды (42,8 млрд теңге). Бұл бағыт бойынша 120,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
– «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасын дайындаған – Ұлттық банк. Бірақ бұл Инвестициялар және даму министрлігіне қатысы жоқ дегенді білдірмесе керек. Өйткені тұрғын үй құрылысына сіздердің министрліктеріңіз жетекшілік етеді. Жалпы, «7-20-25» бағдарламасының қандай артықшылықтары бар?
– Мемлекет басшысы «7-20-25» бағдарламасына баса назар аудару керектігін қадап айтты. Елбасы бұл бағдарлама арқылы кез келген азаматқа қолжетімді баспанаға ие болатындай мүмкіндік жасалуын тағы ескертті. Мәселен, «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасы арқылы 7%-пен займ алуға ешқандай кезек жоқ. Займ алушының бағдарламаға қатысуы үшін бірқатар критерийлер қарастырылған: банкке қарыз алуға өтініш берген сәтте иелігінде мүлкінің және өтелмеген ипотекалық қарыздарының болмауы, сатып алынатын баспана құнының 20%-ін құрайтын ақшалай қаражаты болуы маңызды. Қарыз беру кезінде ешқандай комиссиялық төлем алынбайды.
Сонымен қатар займ алушыға ипотекалық займды өтеуге жеткілікті расталған кірістері болуы шарт және қосымша кепіл болатын тұлғаны тартуға мүмкіндігі бар. Несие 25 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Халыққа несие берудің шекті сомасы Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларында – 20 млн теңгеге дейін. Бұл қалаларда несие алғандардың орташа мөлшері 12,8 млн теңгені құрады. Сәйкесінше ай сайынғы төлем 90 мың теңгеден келеді. Ал қалған өңірлерде 12 млн теңгеге дейін болып белгіленді. Мұнда азаматтар алған несие мөлшері 9 млн теңге. Олар ай сайын 63 мың теңге төлейді.
«Баспана» ипотекалық ұйымының дерегі бойынша, бағдарлама іске қосылғаннан бергі 2 айда халықтан қатысушы-банктерге ипотека алуға 2562 өтініш түскен. Бүгінгі таңда жалпы сомасы 20,0 млрд теңгеге 1695 ипотекалық қарыз беру қолдау тапты. Қалған өтініштер екінші деңгейлі банктердің қарауында жатыр.
– «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ «7-20-25» бағдарламасы бойынша алғашқы жарна 20 проценттен 10 процентке төмендетілді деп хабарлаған еді. Оның механизмдері туралы не айтасыз?
– «Баспана» ипотекалық ұйымы жас отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлеріне қаржылық жүктемені азайту мақсатында «Жас арман» және «Қамқор баспана» өнімдерін әзірледі. Өнімдер «Баспана» және жергілікті атқарушы органдар арасындағы ынтымақтастыққа негізделіп, аталған санаттағы азаматтарға «7-20-25» ипотекасының алғашқы жарнасын екі есеге азайтуды қарастырады. Жергілікті атқарушы органдар облигациялар шығарады және халықтың аталған санаты үшін бастапқы жарнаның жартысын субсидиялауға міндеттеледі. Ал «Баспана» әкімдіктер облигацияларын сатып алып, «7-20-25» бағдарламасына қатысатын банктер арқылы халықтың осы санатын несиелеуге күш салады.
«Жас арман» мен «Қамқор баспана» өнімдері бірінші болып Шымкент қаласында қанатқақты режімде жұмыс істей бастады. Тараптар тиісті меморандумға 2018 жылдың 3 қыркүйегінде қол қойған болатын. Меморандумға сәйкес Шымкент әкімдігі қайтарымды негізде бастапқы жарнаны субсидиялау үшін биыл 500 млн теңге, ал 2019 жылы 1,5 млрд теңге бөледі. Әкімдіктің қолдауы 2 мыңға жуық жас отбасы мен бюджеттік сала қызметкерлерін қамтымақ. Менің ойымша, бұл бастаманы басқа өңірлер де қолдап әкетуі мүмкін. Мұндай шараларды қазір Ақтөбе облысының әкімдігі де қолға алып жатыр.
– Халық саны өсіп, баспанаға деген сұраныс жылдан жылға артып келе жатқанын айттыңыз. Халықты баспанамен 100 процент қамтамасыз етіп тастау мүмкін емес екені белгілі. Дегенмен басым көпшілігінің тұрғын үйге деген сұранысын қанағаттандыру үшін жылына қанша баспана салынуы керек және оған мүмкіндік бар ма?
– Мемлекет басшысы алдыңғы Жолдауында 2030 жылға қарай бір адамға шаққандағы баспанамен қамтамасыз ету көрсеткішін 30 шаршы метрге дейін жеткізуді тапсырған болатын. Осы міндетке жету үшін барлық жағдай жасалды. Атап айтқанда, тұрғын үй және ипотекалық бағдарламалардың механизмдерін жақсарту шаралары қабылданды. Енді сол механизмдерді өз деңгейінде іске асыру қажет.
Тәуелсіздік алғалы бері елімізде 1,1 млн пәтер салынды, яғни жыл сайын 40 мың пәтерден салынып отырған. Ал енді «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру көзделіп отырған 15 жылдың ішінде еліміздегі жаңа баспаналарды пайдалануға беру үлесін 2,5 есеге арттыру жоспарланып отыр. Демек Қазақстанда алдағы уақытта әлі де 1,5 млн пәтер, яғни жыл сайын 100 мың пәтерден салынатын болады. Осылайша азаматтарымызды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешуге болады деп есептеймін. Оған мемлекеттің әлеуеті де, мүмкіндігі де бар. Тек жоспарланған жұмыстарды жүйелі әрі сапалы орындау қажет.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»