Соның ішінде Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушы Роман Скляр депутаттарға әуе кемелерінің бортында жасалатын қылмыстар және кейбір басқа да актілер туралы конвенцияны және осы конвенцияны өзгертетін хаттаманы ратификациялау туралы Қазақстан Республикасы заңының жобасын таныстырды. Халықаралық конвенцияның өзі 1963 жылы Токиода қабылданған екен. Қазір оған әлемнің 186 мемлекеті қосылған көрінеді.
Р.Склярдың баяндамасынан заң жобасы әуе кемелерінің бортындағы тәртіп бұзушылықтардың жолын кесуге бағытталғаны белгілі болды. Мұнда әуе кемесі командирінің тәртіп бұзушыларға қарсы әрекет ету өкілдіктері анықталған. Сондай-ақ экипаж мүшелеріне де осы тарапта берілетін құқықтық нормалар қамтылған. Конвенция мен хаттаманы ратификациялау Қазақстан тарапынан қосымша шығындар талап етпейді, деді ол.
Баяндама аяқталысымен депутаттар бірнеше сұрақ қойды. Оларға жауап берілген соң, кейбір түсінбестік туғызған тұстарды отырысқа қатысып отырған Әділет министрінің орынбасары Эльвира Әзімова тарқата айтып берді. Осыдан кейін талқылауға қатысқан депутат Абай Тасболатовтың ұсынысымен заң жобасы мақұлданды.
Жалпы отырыста әуе кемелерін заңсыз басып алуға қарсы күрес туралы конвенция мен оны толықтыратын Хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы да көптеген сұрақтар беріліп, біршама мәселелері түсіндірілген соң мақұлданды.
Сондай-ақ кешегі отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» конституциялық заң жобасына, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына, «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы Уақытша күштеріндегі (БҰҰЛУК) үндістандық батальон құрамында қазақстандық бітімгершілік контингентті бірлесіп өрістету тәртібі туралы өзара түсіністік туралы меморандумды ратификациялау туралы» заң жобасына қорытынды әзірлеу мерзімдері белгіленді.
Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болған соң депутаттардың орталық атқарушы органдарға жолдайтын сауалдары жарияланды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»