«Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі еңбекақы 1,5 есеге көбейеді. Бұл облыстың 32 мың тұрғынына, бюджет саласындағы 25 мың адамға қатысы бар. Осы мақсаттарға 2 млрд теңге бөлінеді», деді облыс әкімі Ерлан Қошанов.
Е.Қошанов «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша Қарағанды облысының орасан зор тиімділікті сезініп отырғанын айтты. «Бірнеше цифр келтірейін: 8 жыл ішінде бағдарламаны қаржыландыруға 17 млрд теңге бағытталды, 1,5 мың кәсіпкерге қолдау көрсетілді, бюджетке 24 млрд теңге салық төлемдері аударылды, 20 мың жаңа жұмыс орны ашылды, 168 млрд теңге инвестиция салынды», деп атап өтті облыс әкімі.
Бұдан соң Жолдауда туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп, оның экономиканың жылдам дамушы секторларының бірі ретінде аталғанын айта келіп: «Президент бірінші кезекте еліміздің топ-10 туристік нысан қатарына кіретін Балқаш маңы аймағында туризмді дамыту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Біздің мақсат – 2023 жылға дейін Балқаштағы туристер ағынын 2 есеге көбейту», деді.
Өңір басшысы білім беру саласындағы негізгі бағыттардың анықталғанын, енді тек оларды сапалы орындауға кірісу керектігін айтты.
«Бүгінде 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды оқумен қамту 98,9%-ке жетті. Жылдың соңына дейін Мемлекет басшысының бұл жастағы балаларды 100% қамту жөніндегі тапсырмасын мерзімінен бұрын орындаймыз деген жоспарымыз бар. Биылғы оқу жылында оқушылардың 70 проценті жаңарған мазмұн бойынша білім алып жатыр. Жаңа бағдарлама бойынша біліктілікті жетілдіру курсынан жылдың басынан бері 5 мың мұғалім өтті. Тағы не істеу керек? Жаңа бағдарламалар енгізу керек, білікті мамандарды тартып, оларға Назарбаев зияткерлік мектептері үлгісінде жағдай жасау қажет», деді Е.Қошанов.
Өңір басшысы Елбасының «7-20-25» ипотекалық бағдарламасының орындалуына айрықша мән беріп отырғанына тоқталды. Жылдың соңына дейін тұрғындарды несиелендіру үшін 324 пәтер, ал 2019 жылы 1 мыңнан астам пәтер бөлінетіндігін айтты. Сондай-ақ бүгінде алғашқы жарнаны субсидиялау мәселесінің шешіліп жатқанын да мәлім етті.
Сонымен қатар облыс әкімі өңірде мемлекеттік қызметтердің 74% электронды түрде көрсетілетінін, ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 90 процент электрондық пішімде болатынын жеткізді. Экспорттық әлеуетті күшейту керектігіне де баса мән беріп, бұл саладағы мәселелерге кеңінен тоқталды. Аграрлық сектордағы «нақты егіншілік» – жоғары технологиялық кешенді жүйе жобаларын жүзеге асыру ісінің жалғасатынын мәлімдеді. Аймақта кәсіпкерлікті қолдау әрі қарай жалғасын табатынын айтты.
Е.Қошанов өңірде бұқаралық спорттың қолжетімділігін арттыруға баса көңіл бөлу керектігін атап өтті. «Бүгінде облыста 17 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуға сұраныс бар. Биыл 3 кешен, келер жылы тағы үшеуін саламыз. Жыл сайын бюджет есебінен қалалар мен аудандарда 15 спорттық алаң мен 20 хоккей кортын орнатамыз», деді ол.
Жиын барысында Е.Қошанов Жолдауда айтылған негізгі алты міндет бойынша тиісті салалардың басшыларына нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалу барысын тікелей өзінің бақылауына алатынын мәлімдеді.
Сондай-ақ актив жиналысында сөз сөйлеген облыстық мәслихаттың депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының Қарағанды облыстық филиалы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков, «Шахтерское» ЖШС-нің директоры Георгий Прокоп, №1 «Білім инновациясы» облыстық лицей-интернатындағы химия пәнінің мұғалімі Абылай Саматов, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Ақжол Құрмансейітов Жолдаудың басым бағыттары туралы ойларын ортаға салды.
«Облыста жұмысты бүгіннен бастауға әзір ақпараттық-насихат топтары құрылған. Біздің бәріміз, бүгінгі актив жиналысының қатысушылары, мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері бұл іске бір кісідей жұмылуымыз қажет. Жолдауда айтылған әлеуметтік міндеттерді облыстың әрбір тұрғынына жеткізудің маңызы зор», деп қорытты жиынды Е.Қошанов.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ