Бүгінде мәдени әлеуетті дамыту әлемнің көптеген мемлекеттерінің негізгі даму басымдықтарының қатарына жататыны белгілі. Астана қаласы Суретшілер одағында өткен алқалы жиында ел Президентінің Жолдауы аясындағы атқарылатын шығармашылық және өндірістік мүмкіндіктер мен мәдениеттің рөлін арттыру жөнінде сөз болды.
Астана қаласы Суретшілер одағының басқарма төрағасы Жанұзақ Мүсәпір Жолдаудағы шығармашылық қауымға қарата айтылған міндеттемелер жаңа бағыт-бағдарды айқындап отырғанын айтты. «Қоғамның басты байлығы – адам болса, сол адамды тәрбиелейтін мәдениет пен өнер. Мемлекет басшысының жыл сайынғы жолдаулары еліміздің рухын асқақтатып, күш-қуатын біріктіретін маңызды құжатқа айналды», деген басқарма төрағасы аталған реформаларды жүзеге асыруда әркімнің өз рөлін айшықтаудың маңызы туралы сөз қозғады. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Айтуаров еліміздегі мәдениет саласын дамытудың жалпы қағидаттары мен жетілдіру жүйесі турасында айтып өтті.
Жиынға қатысушылар әлеуметтік-мәдени орта қалыптастыру бойынша тың ойларымен бөлісіп, халықаралық көрмелер мен симпозиумдарға қатысу, әсіресе жастар үшін шығармашылық шеберхана құру және аға ұрпақты біріктіру сынды ұсыныстарын ортаға салды.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»