Аймақтар • 11 Қазан, 2018

Алматы ажарын ашатын ауқымды құжат

344 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматы қаласының әкімдігінде Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан­дықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» халыққа жолдауын талқылауға байланысты қала активінің отырысы өтті.

Алматы ажарын ашатын ауқымды құжат

Қала әкімі Бауыржан Байбек Елбасы жүргізіп отырған экономикалық тұрақтылық, бірлік пен келісім сынды салиқалы саясаттың арқасында халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында әлеуметтік қолдауға баса назар аударылып, осы бағыттағы мақсатты жұмыстарға 1,5 трлн теңгеден астам қаржы жұмсалатынын айтты.

Бүгінде Алматы қаласының басшылығы білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй са­лаларын сапалы дамыту мен қала тұрғын­да­ры үшін қолайлы жағдайлар туғызуға бай­ла­нысты 100-ден астам мақсатты жоспар қабылдаған. 

Жолдауда урбанизация мәселесін ойдағы­дай шешу мен қалаларды одан әрі дамы­туға ерекше көңіл бөлінді. Бүгінде әлем­дік экономиканың 70 пайызы қалаларда қа­лыпта­сатындығын негізге алатын болсақ, Алматы осындай 600 мегаполистің қатары­на енген. Осы деректерді негізге алған қала әкімі Елбасы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында ха­лық­аралық кеңесшілермен бірлесе Алматының 2050 жылға дейінгі даму жоспарының әзірленіп жат­қан­­ды­ғына көпшіліктің назарын аударды. Сарап­шылардың болжамы бойынша, 2035 жылы Алматы тұрғындарының саны 3 миллионнан асады. Демек, қаладағы экономикалық белсенді тұрғындар 700 мыңға көбеймек.  

Қазіргі кезде Алматы экономикасының 80 пайыздан астамын сауда мен қызмет көрсету саласы қамтиды. Осы орайда көлеңкелі айналымды 40 пайызға қысқарту міндеттелген Жолдауды жүзеге асыруға байланысты Алматы әкімдігі сауда саласын көлеңкеден шығару бағытында жүйелі әрі тұрақты шараларды жүзеге асырып, базарларды жаңғырту бағытында жұмыс істеп келеді. Соңғы 3 жылда сауда саласын дамытуға 240 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. 

Қала басшысының айтуынша, цифрлан­дыру – экономиканың ашықтығын қам­тамасыз етудің, кәсіпкерлікте және бизнестегі кедергілерді жоюдың ең ұтымды жолы. Қазіргі кезде Алматыда «Smart Almaty» бо­йын­ша 40-тан астам жоба жүзеге асуда. Ситуа­циялық орталық пен BigData жұмысы жолға қойылған. «Оңай» және «А-паркингтің» төлем­ді жүйелері іске қосылды. Нәтижесінде 9 ай ішінде салық түсімі өткен жылдың осы кезе­ңімен салыстырғанда 12,7%-ға артып, 1,3 трлн теңгені құрады. Өз кезегінде салықтың көп жиналуы бизнеске қолдау көрсетуге және қала тұрғындарының әлеуметтік шы­ғындарына жұмсалатын қаржыны арттырып отыр. 

Қала бюджетіне 8 ай ішінде өткен жылмен салыстырғанда 13,2 пайызға салық көп жиналған, шағын және орта бизнестен 6 пайызға артық салық түсіп отыр. 

Үстіміздегі жылы «Нұрлы жер» бағдар­ламасы бойынша 6 мың отбасы тұрғын үйге қол жеткізді, бұл өткен жылмен салыс­тырғанда үш есе көп. «7-20-25» бағдарламасы да белсенді жү­зеге асуда. Ескі үйлерді жаңғыртудың инвестициялық әлеуеті 320 млрд теңгені құраса, алдағы бес жылда жеке инвесторлар есебінен 23 мың жаңа пәтерді іске қосу жоспарланып отыр. 

Елбасы бастамасының маңызды бөлігі – ең төменгі еңбекақыны көтеру. Осы орайда алдын ала есептеу бойынша Алматыда бұл көрсеткіш 25 мыңнан астам адамды құрайды. Осыған орай Алматы жалақы төлеудің жаңа жүйесіне көшетін болады. Тиімсіз шығындарды оңтайландыру арқасында мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы орта есеппен 2 есе өседі. Жыл басынан бергі аралықта 24 мың жұмыс орны құрылса, жылдың соңына дейін тағы да 8 мың жұмыс орындары ашылады. Ал мемлекеттік кәсіпорындардың 49-ы қысқарып, 32-сі бәсекелес ортаға берілді. 

Қала кеңістігін жақсарту аясында мегаполис­тегі тарихи орталықтардың үштен екісі жаңартылып, 524 көше мен 1400 ескі аула­лар қайта жарақталған. Инженерлік жүйе­лер, жер асты жолдары күрделі жөндеуден өтті. Жыл аяғына дейін жаңа қоғамдық көлік­тің үлесі 80 пайызға жететін болады.

Орталықтандыру қағидасы бойынша қалаға қосылған Алатау және Наурызбай аудандарына 512 млрд теңгеден астам инвестиция бағытталып, 11 мектеп, 156 балабақша және 10 медициналық мекеме іске қосылды. Жеке инвестиция көлемі 252 млрд теңгені құрап, кәсіпорындар саны 4 есеге, салық кө­лемі 10 есеге өсті. Нәтижесінде қызмет көрсе­ту сапасы және аудандардың 400 мыңдай тұр­­ғы­нының әлеуметтік жағдайы жақсара түсті.

Қаланың соңғы кездегі жетістіктерін негізге алған қала басшысының айтуынша, Елбасы Жолдауы оңтүстік астанада қолға алынған әлеуметтік жобаларға серпін береді. 

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»