Аймақтар • 11 Қазан, 2018

Сүйікті қалаға сыйлық

410 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл күндері Екібастұзда  қаланы көріктендіру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа-мемлекеттік мекемелермен бірге жеке меншік иелері, кәсіпкерлер де  үлес қосуда. Аулаларда баламалы энергия көзінен қуат алатын жарықшамдар орнатылуда.  Бұл мақсат та мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қолға алынуда.

Сүйікті қалаға сыйлық

Бұл күндері Екібастұзда «Қазақстан Халық банкі» АҚ- бөлімшесінің бастамасымен  «Сүйікті қалаға сыйлық» атты шара өткізуде. Жалпы, екібастұздықтар  «Сүйікті қаламыз»  деп  өз туған қалаларын  жақсы көреді. Биыл  61 жыл толған туған күнін де атап өтті.

Ал, банк  өз қаражаттарының есебінен  қаладағы Мәшһүр Жүсіп атындағы көше 75  тұрғын үй ауласында, Энергетиктер көшесінде балаларға арналған ойын алаңдарын орнатып беріпті.

Филиал директоры Дәурен Шешембековтің айутынша, банк бастамасымен өткізілетін шаралар  кеншілер қаласының кішкентай тұрғындары-балаларға арналуда.  Балалар ойын  кезінде жарақат алып қалмас үшін, қауіпсіздік шарасы ескеріліп, үй аулаларындағы ойын алаңдарына  резеңке жабынды орнатылды.

Банк өкілдерінің  «Сүйікті қалаға сыйлық» шарасы әр алуан, қала тұрғындарын қыста  тегін коньки тебуге, туған өлкенің  шежірелі тарихын көріп білу үшін «Туған өлкеңді біл» атты жергілікті музей жәдігерлерін көруге шақырады. Соғыс және еңбек ардагерлеріне де уақыт бөледі, орталық қалалық ауруханада емделіп жатқан кішкентайларға барып қайтты. Мешіттің ауласына ағаш егу сияқты көгалдандыру жұмыстарын қолға алуда.

Қалада әлі де болса,  жөндеу көрмеген  тұрғын үй аулалары бар. Банк өкілдерінің  «Сүйікті қалаға сыйлық» бастамасын қолдайтын басқа да  ұйымдар, кәсіпкерлер назары түсер деп сенеді тұрғындар.  Қалалық әкімдіктің Тұрғын –үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметтерінше, енді «Халық» банкінің  жергілікті бөлімшесі биылғы жыл соңына дейін 10 тұрғын үйдің ауласына балаларға арналған ойын алаңдарын орнатуды жоспарланып отыр.  Алдағы жылы қаладағы барлық  тұрғын үйлер аулалары  толық жөнделіп,  қосымша футбол және спорт алаңдары құрылады. Сонымен қатар, жалпы ауданы 29 гектарды құрайтын бақ жобасы-қаланың өзгеше сәнді  демалыс орны құрылысы да басталмақ.

Фарида БЫҚАЙ,  

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы