Қазақстан • 11 Қазан, 2018

Қазақстан халқы жазушы Шерхан Мұртазаны ақтық сапарға шығарып салды

255 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

 

Жазушымен қоштасуға  зиялы қауым өкілдері, жазушылар, қаламгерлер, Алматы әкімі Бауыржан Байбек, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы келді.

Қазақстан халқы жазушы Шерхан Мұртазаны ақтық сапарға шығарып салды

Мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Бір кем дүние деп шырылдап өткен Алаштың арысы Шерағаңды ақтық сапарға шығарып салуға жиналып отырмыз. Бұл - баршамызға ортақ орны толмас қаза. Шерхан Мұртазаның еңбектері ел тағдырымен тамырлас. Сонымен қатар ол кісі ортамызда отырған көптеген азаматтардың рухани ұстазы болған», - деді.

Сонымен қатар, Мəдениет жəне спорт министрі министрі  Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту жеделхатын оқып берді.

«Шерхан Мұртаза бүкіл ғұмырын төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына арнаған біртуар азамат, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған нар тұлғалы қаламгер, қарымды қоғам қайраткері болды. Ұлт руханиятында өзіндік қолтаңбасы бар заңғар жазушы соңына мол мұра, өрісті өнеге қалдырды. Шерхан Мұртаза қазақ журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелеген ұлттық баспасөздің биік бәйтерегі еді. Қашанда әділдік пен ақиқаттың алдаспаны болғаны үшін қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазаны халқы «Шерағаң» деп қадір тұтты. Сонау Теміртаудағы еңбек жолымның тікелей куәсі болған ол Тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалаған жылдарда да жанымда жүріп, елді ілгерілету ісіне зор үлес қосты».

Айта кетейік, Қазақстанның белгілі жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза 9 қазан күні 86 жасында дүниеден өтті.