Әлем • 11 Қазан, 2018

«Алтын Адам» Польшаның Гданьск қаласында

521 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазан айының 10 күні Польшаның Балтық теңізіндегі қақпасы, елдің ірі ғылыми – мәдени орталықтарының бірі – Гданьск қаласы, Гданьск музейінде ҚР Ұлттық Музейінің «Ұлы Дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» атты көрмесі өз жұмысын бастады.

«Алтын Адам» Польшаның Гданьск қаласында

Қазақстан Республикасы Президентінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізінде, «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасының аясындағы шара шетелдік БАҚ  үшін ұйымдастырылған баспасөз конференциясынан басталды. Журналистермен кездесу барысында мемлекетіміз тарихының сақ – савромат кезеңі, сол көне дәуірден бүгінге жетіп, отандық ғалымдардың қажырлы еңбегінің арқасында зерттеліп, зерделенген алтын бұйымдар, олардың жасалу технологиясы мен ерекшеліктері, қазақ халқының арғы бабалары болып табылатын сақ тайпаларының өмірі мен дүниетанымы тұрғысында кешенді ақпараттар берілді. Сонымен қатар, көрмеге қойылған қазақ халқының күмістен жасалған әшекей бұйымдары  да таныстырылып, поляк еліне жалпы саны 300 - ге таяу экспонаттардың жеткізілгендігі айтылды.

Баспасөз конференциясының соңын ала ҚР Польша Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Марғұлан Баймұхан, Гданьск қаласы басшысының орынбасары Петр Ковалчук, Гданьск музейінің директоры Леонид Оссовский мырзалардың, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Археология ҒЗИ –ң директоры Марал Хабдулинаның, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Ұлттық Музейі өкілдерінің қатысуымен өткен көрмені ашу салтанатына: Польша парламентінің депуттаттары, шет мемлекеттер елшіліктерінің өкілдері, жоғары оқу орындарының профессорлық – оқытушылық құрамы, кәсіпкерлер мен білім алушы жастар қатынасты.

Келушілердің үлкен қызығушылығын тудырған көрменің ашылуы барысында өнер көрсетіп, ұлттық және әлемдік музыканың классикалық туындыларын орындаған  алматылық «Сазген сазы» фольклорлық – этнографиялық ансамблі жиналған қауымның ықыласына бөленді.

Осыған дейін Мәскеу, Баку, ҚХР-дың Сиань шаһарларында қойылған көрменің Гданьск музейіндегі жұмысы желтоқсан айының 10 жұлдызына дейін жалғасатын болады.     

Жандос Әуелбекұлы,

«Егемен Қазақстан»

Гданьск, Польша