Аударма • 12 Қазан, 2018

Жанға бататын бүйрек тастарының әсемдігі

55 реткөрсетілді

Әлем халқының 10 процентінің бүйрегінде тас бар. Бір қызығы, несеп жүйесінде кездесетін мұндай тастар көз тартардай әдемі, микро әлемдегі маржан рифтері секілді. Осы науқас түрін емдеу мен диагноз қоюды жетілдіру мақсатында жүргізілген таяудағы зерттеу барысында осындай күтпеген жаңалық ашылды. 

Майанди Сивагуру, Джессика Соу, Брюс Фаук зертханасы; Carl R. Woese гендік биология институты, Иллинойс университеті. Зерттеушілердің айтуынша, бүйректегі тастар «бүйрек психологиясының қатпарлы тарихының әр минутын» көрсетеді.

Эмили БАУМГАРТНЕР, «Нью-Йорк Таймс»

Scientific Reports журналында жарияланған мақалаға сүйенсек, бүйрек тасының біркелкілігі және ерімейтіндігі жөніндегі пі­кір шындыққа сай келмейді. Кері­сінше, бүйрек тастары өте кіш­кентай маржан рифтері немесе әк­тас құрылымына ұқсайды. Қат­пар­ланған күрделі тастар уақыт өте жиналып, қайта еріп отырады. 

«Дәрігерлер ұсқынсыз, қы­зық­сыз кесекті тауып, оған мән бермеген кезде, олар ең құнды деректер кітабы – бүйрек психологиясының қатпарлы тарихының әр минутын лақтырып тастайды», дейді жобаны басқаратын Брюс Фаук. Ол – Иллинойс университетінің геология және микробиология профессоры. 

«Бүйрек тастарын мұқият бө­ліп қарағанда, олардың кейбірі расында әдемі екенін байқауға болады. Олар жеодаға, ағаштағы са­қинаға ұқсайды. Кейбірі қабыр­ғаға іліп қоятын түрлі зат секілді. Сондықтан зерттеу – өте қызық әрі жаңа сала», дейді доктор Брайан Матлага. Ол Мэрилендтегі Джонс Хопкинс ауруханасында уролог және бүйрек тасын алумен айналысатын хирург. 

Доктор Фауктың зерттеу жұмысы оны Йеллоустон ұлт­тық саябағы (АҚШ) және Аус­тр­а­лиядағы Үлкен тосқауылды ри­фіне жетелеп әкелді. Ол бүйректегі тас­тар мен маржанның сүйегі, ыс­тық бұлақ травертині, тіпті жер қабатының астында жатқан мұнай мен газ арасындағы байланысты байқады. Тірі ағзалар, су және минералдың қалыптасуы ортақ екен. 

«Йеллоустон ұлттық саябағы бұ­лақтарынан шығатын су ыстық әрі тұзды. Яғни, теңіз суы және несеп секілді», дейді ол. Бұ­лақ суы күрделі тастарды қа­лып­тас­тырады. Доктор Фауктың айтуын­ша, олар бүйрек тастарына қатты ұқсас. 

Доктор Фаук және оның әріп­тестері 6 науқастан алынған 50-ден астам бүйрек тастары бөл­шектерін түрлі жарық және электрон микроскоптары арқылы зерттеді. Олар органикалық заттар мен кальций кристалдарын ультракүлгін сәулелер арқылы анықтады. Мұндай сәулелердің жиілігі кейбір минералдарды жарқыратады. 

Airyscan super-resolution microscopy деп аталатын жоғары сапалы тәсіл арқылы бүйрек тастарындағы органикалық заттар мен кристал қатпарлары түрлі-түсті суретке түсірілді. Доктор Фауктың айтуынша, олардың пішіні әртүрлі: жырықтармен, үшбұрыштармен және басқа да геометриялық фигуралармен айшықталған. Тастардағы бұзылу іздері сондағы материалдардың басым бөлігі уақыт өте жойылып, қайта түзіліп отырғанын көрсетеді. 

Дәрігерлер науқасқа жүргі­зілетін емді оның несеп анали­зіне қарап белгілейді. «Қазір тастардың неліктен өсетінін білеміз. Ендігі мәселе осы процесті кері айналдыруға, яғни тастарды ерітудің жолын анықтауда жатыр», дейді доктор Матлага. 

Зерттеу жұмысы түрі гипо­тезалар жасаған геологтарға ар­налған. Әсіресе ол 1667 жылы қат­парланған тастар тарихи де­ректердің жылнамасын көрсе­те­ті­нін ұсынған даниялық анатом Николас Стеноның құр­меті­не жүр­гізілген (Бір қызығы, ол бүй­рек тастары ауруынан қайтыс болды). 

© 2018 The New York Times News Service

Мақаланы аударған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

UAE and Kazakhstan discuss bolstering ties

Саясат • Бүгін, 16:40

Балапан мен тауық үлестіріп жүр

Аймақтар • Бүгін, 15:41

Ұқсас жаңалықтар