Жиын барысында Рымғали Нұрғалидің рухани інісі, ақын, С.Сейфуллин музейінің директоры Несіпбек Айтұлы інілік ілтипатын білдіріп, ғалымның ғибратты ғұмыры жайлы естелігімен бөлісіп, ұстаздық болмысынан бөлек, ағалық қамқорлығының биік екенін жеткізді.
«Рымғали ағаның үйіндегі сырмаққа аунап өскен бауырларының бірі менмін. Ол кісі өткен ғасырдың екінші жартысы, ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің үлкен тұлғасы. Оның кітаптары, әсіресе драматургия жөніндегі еңбектері, әдеби сындары, басқа да шығармалары қазақ әдебиетінде, жоғары оқу орындарының оқулықтарында ел барда, жұрт барда оқытыла береді, жүре береді деп ойлаймын. Біз ағаның тәрбиесін көп көрдік. Ағаның жетекшілігінде қаншама докторлар осы әдебиет саласында еңбек етіп жүр. Ол кісі қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абыралы ауданы, Қайнар ауылында туған. Бірақ мектепті Шұбартау ауданы, Баршатас ауылында бітірген. Мұхтар Мағауин, Төлек Тілеуханов барлығы бір мектептің түлектері. Мен де сол оқу ордасында оқығаныма мақтанамын. Сондықтан біз ағаның тәрбиесін көп көрдік. Ол кісі өте сұңғыла адам еді, терең адам еді. Інілеріне қамқор бола білді. Әсіресе, ұлт тағдырына, ел тағдырына қатысты мәселе туындаса, алдыңғы шепте жүретін жауынгер сияқты еді. Рымғали аға ғылым мен білім жолында табаны таймай өткен тарландардың бірі. Ол кісінің ерен еңбегі елдің санасында сақталып, жадында жатталып тұратынына мен сенімдімін. Бүгінгі қойылып жатқан тақта ағаның атын ұрпақтан-ұрпаққа жалғайтын алтын көпір болып, оның азаматтық тұлғасын асқақтатып тұратын белгі болмақ», деді Н.Айтұлы.
Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Бәтташұлы ғалымға арналған шарапатты шараның тағылымы мен тәлімі мол оқиға екенін алға тартып, ескерткіш тақта сәндік үшін орнатылмайтынын тілге тиек етті.
«Рымғали аға талантты жастарды таба білді, тани білді. Оларды өсіріп, ғылым жолында табанды болуға тәрбиеледі. Еңбекке енді араласып, ғылым жолындағы бағытымыздың қалыптасу кезеңінде ол кісінің қасында жүргенімізге өзімізді бақытты санаймыз. Аға Астанаға алғашқылардың бірі болып қоныс аударды. Әрине Алматыда жылы ауа райы, таудың баурайында жайлы өмір сүре беруіне болатын еді. Бірақ ол кісі жайлылықты іздеген жоқ. Керісінше, қай жерде қиыншылық бар, қай жерде күрес бар соны шешу жолдарын қарастырды. Ол кісінің бойынан Алаш қайраткерлерінің қасиеті көрініп тұратын. Астананың қазақы қала болып қалыптасуына үлкен үлес қосып, рухани өміріне тың серпін берді», деді Ерлан Сыдықов.
Салтанатты жиынға қатысқан Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев Рымғали Нұрғалидің ғылымды сүйетін, білімді, білікті жастардың шоғырын тәрбиелеп шығарғанын, қазіргі уақытта оның тәрбиесін көрген тәлімгерлері дүниенің әр түкпірінде елеулі еңбек етіп жатқандарын тілге тиек етті.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»