31 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіздігіміз баянды болады

443 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік алуымызбен та­рихымызды таныдық. Шы­ғар­малары зынданға түскендей болған арыстарымыздың ақ­таң­дақ беттері ашылды. Та­ри­хымыз қайта жазыла бастады. Әсіресе, ана тіліміздің мемлекеттік мәртебе алғаны жүрегі қазақ деп со­ғатын әр адам­­ды қуан­та ал­ғаны дау­сыз. Әр өңір, әр кә­сіп­орын іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүр­гі­зуге талпы­ныс таныту­ын ана тілімізге құрмет деп түсінген жөн. Мұның бәріне тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізіп отыр­мыз.

Тұңғыш Президентіміз Нұр­­сұлтан Назарбаев мемлекеттік тілдің аясын кеңейтудің қажеттілігін  ұдайы айтып келеді. Нұрсұлтан Әбішұлының «Қазақ пен қазақ қазақша сөй­лессін» деуінің астарында жас ұрпақтың ана тілін еркін мең­геруіне өнеге болсын деген жана­шырлық барын байқай­мыз. Үлкендер өнеге көрсет­пей, мемлекеттік тілдің көсе­гесі көгермейтінін аға буын­ның түсінгені қажет. Өйткені, тәуелсіздіктің арқасында ғана ана тіліміздің абыройын ас­қақ­тата алдық. Тек тіліміздің беделін көтеріп қана қоймай, ұлт­тық өнеріміз бен мәдение­ті­мізді  дамытудың «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдар­ла­ма­сын іске асырдық.  Осы бағ­дарламаның аясында ұлттық жауһарларымызды шетелдің үлкен сахналарына шығарып, Қазақстанның тек мұнай мен газ секілді табиғи байлыққа емес, өнері де, мәдениеті де бай ел екенін танытуға жол ашылды.

Тегінде қай ел болса да, тек экономикасымен ғана әлеуетті бола алмайды. Өркениетті да­муға ұмтылған ел ұлттық құн­дылықтарды сақтай отырып, мәде­ниетін де, ғылымын да өркендетуге бет бұрады. Осы тұрғыдан айтқанда, Елбасының Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық салтанатында ғылымды дамы­ту­дың, соның ішінде, иннова­ция­лық жобаларды жасаудың қажеттілігін көтеруі өте орын­ды. Өйткені, экономиканың қай саласы да инновациясыз өркен жаймайды. Қазір жаһандану дәуірінде ғылымы қарқынды да­мыған, әсіресе, мықты ин­но­вациялық  жобалары бар елдер ғана бәсекеге қабілетті бола ала­ды. Міне, осы себептен Ел­басы «Жүз инновация» бағдар­ла­масын жасақтауды Үкіметке тапсырды. Демек, еліміздің әлеуетті ғалымдары мен озық ойлы жастарына инновациялық жобаларын іске асыруға үлкен мүмкіндік беріліп отыр. Осы жоба арқылы отандық ғы­лым­ды дамытуға жастардың ынта­сы  оянып, белсенділігі артуы тиіс деп ойлаймын.

Жалпы, елімізде «Жүз инновация» бағдарламасының іске асырылатыны елдік мүд­де­ден туындағаны анық. Мұндай жоба өзге елдерде іске асы­рылып жатыр дегенді әлі естіген жоқпыз. Ендеше, тәуелсіз Қазақстанымыз әлемде ең көп инновациялық жобаларды іске асыруды көздеген алғашқы ел болғалы отыр. Бұл барша­мыз­ды жігерлендіруі тиіс. Соны­мен бірге, Қазақстанның  әлем­дегі мәртебесін бұрынғыдан айшықтай түсетін, тәуел­сізді­гі­міздің баяндылығын тұғырлан­дыра түсетін  ең үлкен бағ­дарлама болмақ.

Әбілхан ТӨЛЕУІШЕВ, «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы.

Атырау облысы.