Қазақстан • 12 Қазан, 2018

«Jas Qalam» жобасы қорытындыланды

709 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанадағы Назарбаев орталығында 100-ден аса жас журналистің басын қосқан «Jas Qalam» форумы өтті.

«Jas Qalam» жобасы қорытындыланды

Форум жұмысына Тұңғыш Президент Қорының директоры, Парламент Сенатының депутаты, Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қатысты.

Жиынның ресми ашылуында Дариға Назарбаева: «Жыл сайын Тұңғыш Президент – Елбасының қоры мен Қазақстан жастар конгресі қоғам үшін маңызды жобаларды жүзеге асырып келеді. Солардың қатарында бүгінгі заманда өзекті мәселелерді айқындайтын – «Жас қалам» жобасы. Бұл жобаның маңыздылығы сапалы және шынайы ақпараттарды анықтауға, еліміздің жас мамандарының тұрақты қызметте әлеуетін дамытуға арналған. Қазіргі таңда журналистиканың жаңа трендтері өте көп және осы жаңалықтарды жастарға еліміздің тек кәсіби, жоғары санатты ең үздік журналистері ғана жеткізе алады. Сондықтан «Жас қалам» университетте алған білімге қоса журналистика саласын іс жүзінде дамытып жатқан шеберлердің тәжірибесінен үлгі алуға мол мүмкіндік береді», деді.

Сондай-ақ ол журналистика көптің қызығушылығына ие болғанын және қоғамды бұқаралық ақпарат құралдарынсыз елестету мүмкін емес екенін айтып, «Жас қалам» қатысушыларға еліміздегі қоғамдық, саяси, экономикалық оқиғалардың, деректердің шынайылығын тексеру, жағымсыз контентпен жұмыс істеу, қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды қолдану туралы ақпарат алуға, жас журналистердің рөлі, масс-медиадағы өзгерістер туралы журналистік қызметте тәжірибе жинауға мүмкіндік беретінін атап өтті, деді. Сонымен қатар ол журналистерді экономика, құқық сынды күрделі салаларды халыққа түсінікті тілде жеткізуге шақырды.

Болашағын қаламмен байланыстырып, медиа саласын бағындыруға бет бұрған жас журналистерге Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев: «Қаламның иесі болу, мықты журналиске айналу айтуға ғана оңай. Ол үшін көп ізденіс, тәжірибе қажет. Сондықтан бүгінгі форумның маңыздылығы жоғары әрі сіздерге берері көп болмақ. Осындай ашық диалогтық алаңдар қанаттарыңызды қатайтады, талаптарыңызды шыңдайды», деді. Сөз соңында Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жастарға әрі журналистикаға қатысты бастамаларды қолдауға әзір екенін жеткізді.

Форум барысында жас журналистер тіс қаққан тілшілердің арнайы тренингтеріне қатысты. Телевизия саласы бойынша «Хабар» агенттігінің бас редакторы Саят Жөкен, «Қазақстан» телеарнасының директоры Еркін Мұхамеджанов, «Атамекен» бизнес арнасының директоры Қанат Сахариянов, «7 арнаның» бас продюсері Нариман Қойшыбаев дәріс оқыды. Ал «Қазақпарат» агенттігінің директоры Асқар Омаров пен «Егемен Қазақстан» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі баспасөз және ақпарат агенттігіндегі жазу шеберліктері бойынша тренинг өткізді. Айта кету керек, Тұңғыш Президенті Қоры мен Қазақстан жастар конгресі ұйымдастырған «Jas Qalam» жастар жобасының жас журналистердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған жобаның форумдар топтамасы Алматы, Тараз және Семей қалаларында өткен болатын. Өңірлерде өткізілген форумдарға 500-ден аса жас қатысты.

Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ

«Егемен Қазақстан»