Аймақтар • 17 Қазан, 2018

«Алтын тамыр» – аймақ тарихының айнасы

389 реткөрсетілді

Облыс орталығындағы Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде Жеңіс Марданов атындағы өлкетанушылар қоғамы құрылды. Өңірдегі өлкетанушыларды біріктіріп, қоғам құру үшін музей ұжымы облыстағы «Қазақ тілі» қоғамының негізін салушы, «Дауа» қоғамдық-саяси газетін жарыққа шығарған, өлкетанушы Жеңіс Мардановтың құрметіне арналған жиын өткізді. 

Музей директоры Гүлнәр Нұрахметованың айтуынша, Кереку өңірінің өткен сан тараулы тарихи шежірелерін зерттеп-зерделеу барысында атқарылар жұмыстар аз емес. Бәріміз білетіндей Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында туған өлке тарихын танып білудің, жаңғыртудың маңыздылығы айрықша атап көрсетілген.

– Осы күні кеше ғана бәріміз көріп, тыңдаған, оқыған Елбасы Жолдауында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін берді. Бұл бастаманы әрі қарай жал­ғастырып қана қоймай, оның аясын жаңа мазмұнмен және ба­ғыттармен толықтыру қажет­тігін тағы да айтқанынан үлкен ой түйдік, – дейді музей директоры. 

Ал ғалым Ернұр Рахимов: «Бізде әлі зерттелмей жатқан өткен тарихтың шежірелі бет­тері көп. Алдағы уақытта жаңа­дан құрылған бұл қоғам өлке­тану, этнография және басқа салалар бойынша жазылған дүниелерді жинақтап, жұмыс жүргізулері қажет», дейді.

Биыл облыста Бұқар жырау Қалқаманұлының 350, атақ­ты Мұса Шормановтың 200, ғұ­ла­ма Мәшһүр Жүсіптің 160, ән­ші, ­композитор Естай Бер­кім­­бай­ұлы­­ның 150, ақын Сұл­­тан­­­махмұт То­­рай­ғыровтың 120 жылдық ме­рей­тойлары аталып өтті. Осы ме­­­­­рейтойларда ұлы тұлғалар­дың өміріне, шы­ғар­ма­шылықта­ры­на арнал­ған ғылы­ми-таным­дық ­баяндамалар жасалды.

Музейдің қолға алмақ тағы бір игі ісі – өңірде «Алтын та­мыр» деп аталатын тарихи-мә­дени журнал шығады. Жур­налдың құрылтайшысы – Г.По­танин атындағы тарихи-өлке­тану музейі. Редакторы – бел­гі­лі қаламгер Сайлау Байбосын. 

– Журнал «Рухани жаңғы­ру» бағдарламасының аясын­да жарық көріп отыр. Өңірде шы­ғатын «Найзатас» әдеби-көр­кем, «Ақбеттау» тарихи-та­­ным­дық журналдары өз оқыр­­­мандарын тапты. Тарихи-та­ным­­дық журнал шығарудағы мақ­сат, өңірде өмір сүрген тари­хи тұлғалар, тари­хи оқиға­лар жайлы көпте­ген дерек-мә­лі­меттер бүгін­де ұмытылып ба­ра­ды. Мерей­той­лық жиындар­да жасалған әрбір ғылыми баян­даманың өзі бір-бір кітапқа ла­йық. Сондықтан солардың бар­­­­лығын жинақтап, журнал бет­­терінде жариялауды жөн көр­­­­­­дік, – дейді Сайлау Байбосын.

Сайлау Байбо­сынның ай­туынша, кө­бінесе Баянауыл, Май, Ақто­ғай аудандарының Ақкөл өңі­рінің шежіресі, елге белгілі тұлғалары туралы жазылып келді. Журналдың алғашқы санына Май ауданының тарихи деректері, Ақбалық хазірет туралы мақалалар беріліпті. Сонымен қатар, Едіге би, Досымхан молда, өлкетанушы, суретші Дмитрий Багаев және басқа да тарихи адамдар жайлы материалдар жарияланған.

Ал Железинка, Тереңкөл, Успенка, Ертіс сияқты аудан­дар­дың тарихи-танымдық ше­жірелері зерттеуді қажет етеді. Бұл жерлерде кезінде Терең­көл, Үрлітүп, Алакөл, Ұялы бо­лыстықтары болған. Мұрағат­тық құжаттар да мол, тек оларды іздестіріп, жариялау керек. Тереңкөл, Железинка аудандарына 1931-1932-ші жылдары сол кездегі Өлкелік партия комитетінің тапсырмасымен қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов келген. 
Қазіргі Железинка, бұрынғы Үрлітүп ауданындағы Озерный ауылының бұрынғы Қаукөл болыстығын аралаған кезінде Ғабең «Боранды түнде» деген әңгіме жазған. Аудан аума­ғын­да Едіге бидің төрт ауылы бо­лып­ты. Қаукөлде оның баласы Мұха­метжан болыстық құрған. Ен­дігі жерде Озерный ауылы Едіге би ауылы атанса дейміз.

Біздіңше, өңірдің өткені жай­лы журнал жариялайтын та­қырып әрине жетеді. Бір ғана Тереңкөл ауданындағы ба­йырғы ауыл атаулары Ба­рақ, Қы­зойнақ, Теңізбай, Мырза­­­ғұл, Әулиеағаш, Сайдағырағаш, Мең­­деке және басқалары ту­ралы ізденіп, зерттеп марқұм Кө­­кіш Әмір­жанов ағамыз артына ама­наттап жазып беріп кетті. 

Қазір тіпті, Кереку деген сөз­дің өзі ұмытыла бастағандай. Бұл да бір ойланатын жай. Ке­ре­­ку атауынан қорықпау керек, ке­рісінше, оның шығу төркіні жай­­лы жазуымыз керек емес пе?! 

– Жаңа журналымыз «Ал­тын тамырдың» мақсаты да осы. Үлкендер жазып қалдыр­ған мұраны жарыққа шығару. Өткенге үңілу. Кешегі Жолдау­да айтылғандай, «Өз жеріңді танып біл!» атты Елбасының жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту, әсіресе жас буын үшін өте қажет, – дейді жазушы Сайлау Байбосын.

Жергілікті зиялы қауым өкіл­­­дері әрине марқұм Жеңіс Мар­дановты ризашылықпен еске алады. Егемендіктің елең-алаң шағында көзіміз көрді, жаяу жү­ріп қазағына еңбек етті. Өлке­нің шежіресін де, тарихын да ақ­та­рып, «Дауа» газетіне жария­лап, осының бәрі халықтың рухын кө­теруге сеп болсыншы деп кетті.

Сондықтан есіл азаматты еске алып, Жеңіс Марданов атын­дағы өлкетанушылар қоға­мын құрған музей ұжымына рахмет. Өйткені жұрт осы күнге дейін оның атын ардақ­тап, саналарына сәуле түсірген «Дауасын» іздейді. 

– Журнал алқасы облыс әкімі Болат Бақауовтың тапсырмасы бойынша, тарихты ғана емес, жергілікті жас ақын-жазушылардың туған өлке жайлы өлең-жырларын, әңгімелерін де жариялауға ниеттеніп отыр. Жастарға жол ашық. Көне тарихи фотосуреттер, тың деректер болса, қуана жариялаймыз, – дейді Сайлау Байбосын.

Өлкетанушы Нығмет Жә­менұлы атамыз Екібастұздың көмірін алғаш тапқан Қосым Пішенбаев туралы: «1932 жылы Қосымды ақ жуып, арулап, соңғы сапарға шығарып салған менің әке-шешем болатын. Сол кездердегі ашаршылық тауқыметіне қарамастан 84-85 жасқа келіп қалған Қосымды ата-анам қоян аулап асырап баққан екен. Қосымның біздің әкеймен туыстығы да болса керек», деп ой толғайды.

Айтуынша, Қосым Пішен­байұлы – аңыз адам. Жас кезінде көп уақыт бойы дала кезген ағылшын кен іздеушілерінің ат күтушісі, Керекудегі Деров көпестің кен барлаушысы болып жұмыс істеген көрінеді.

Бұл өлкетанушылардан басқа қазір өңірімізде Қайрат Алтаев, Да­ниял Қызыр, Рамазан Бөке, Нұр­бек Жұмәділ сияқты өлке­танушылар, шежірешіл азаматтары бар екенін де ұмыт­пайық. Құмархан Қуантай, Жанайхан ата сияқты елге орал­ған ағайындардың да шежірелері ой саларлық. Олар­дың қолдарында құнды дү­ниелер бар. Соны пайдалана бі­лейік. Бұл адамдар тарихи-танымдық журналға жанашыр, тұрақты автор да бола алады. 
Олай болса, «Алтын та­мыр­ға» іске сәт дейік, атаме­кеннің рухани асыл қазыналары көпке ортақ.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан» 

Павлодар облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Баянғали туралы баян

Руханият • Бүгін, 08:52

Жаңа аялдамаға жаны қас

Аймақтар • Бүгін, 08:31

Жаңаөзенде жаңа жоба басталды

Аймақтар • Бүгін, 08:24

Тағзым мен тағылым тоғысқан той

Руханият • Бүгін, 08:19

Экономикада тұрақты өсім бар

Экономика • Бүгін, 08:06

Краудфандинг қазаққа да жат емес

Қазақстан • Бүгін, 08:00

Ең қысқа әңгіме. Данияр Саламат

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Нұрболат Аманжол

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Ерболат Қуатбек

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Нұрлыбектің домбырасы

Руханият • Кеше

«ХАТ ҚОРЖЫН»

Қазақстан • Кеше

Ұқсас жаңалықтар