Аймақтар • 21 Қазан, 2018

Қостанайда биылғы күздің алғашқы жәрмеңкесі өтті

320 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қостанайда биылғы күздің алғашқы жәрмеңкесі өтті

Бұл – биылғы егін-терін жиылғаннан кейінгі өткен бірінші жәрмеңке. Онда ет пен көкөністен бастап, азық-түліктің түр-түрі болды. Оның барлығы да базар нарқынан төмен бағамен сатылды.Қалалықтардың негізгі қолданысындағы сиыр етінің килограмы 1250 теңгеден ұсынылды, ал базар нарқы 1400 теңгеден кем түспейді. Қой еті 1500, жылқы еті 1600 теңгеден кетті. Ал базар бағасы мұнан 300-400 теңгедей қымбат.

Жәрмеңкеге аудандардан 140 шаруашылық 138 тонна азық-түлік түрін әкелді. Оның ішінде 14 тонна сиыр еті, 7 тонна жылқы, 4 тонна шошқа, 800 клиограмм қой еті, 4 тонна 720 килограмм құс еті саудаға түсті.

Оның сыртында жоғары және бірінші сортты бидай ұнын, жарма мен макарон өнімдерін, 126 000 дана жұмыртқаны қалалықтар жоғары сұраныспен алды. Базар нарқынан төмен көкөніс пен балықтың да саудасы қызды.

Жәрмеңкеге келген облыс әкімінің орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов жәрмеңке сөрелеріндегі сауданың барлығын да мамандар бақылауында ұстағанын, баға базар нарқынан 15 процентке төмен болғанын айтты. Жәрмеңкеде сатылған азық-түліктің жалпы құны 60 миллион теңгені құрады.

 

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай