Қазақстан • 21 Қазан, 2018

Астанада халықаралық ақындар айтысы өтіп жатыр

83 реткөрсетілді

«Қазақстан» орталық концерт залында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастырумен Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Жыр арқауы – Астана» атты халықаралық ақындар айтысы өтіп жатыр.

Айтулы жыр додасына Қырғызстан елінен Асылбек Маратов , Мундузбек Усупбек, Моңғолиядан Рашат Айдос, Қуантқан Аманжол сынды жүлделі жүйріктер келсе, еліміздегі танымал ақындар Айбек Қалиев, Ринат Заитов, Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртай, Мақсат Ақанов, Дидар Қамиев, Мейірбек Сұлтанхан, Біржан Байтуов және өзге де сөз саңлақтары қатысып отыр.

Бір айта кетерлігі айтысқа қатысқан ақындар ғана емес, жыр додасының қазылық құрамы да халықаралық болды. Түркиядан белгілі ғалым, Әбдуақап Қара, Моңғолиядан ақын, Шынай Рахметұлы келіпті. Қазылар алқасының төрағасы – ақын, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет. Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, белгілі алаштанушы Дихан Қамзабекұлы және айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы, айтыстың ақсақалы Жүрсін Ерман да қазылар қатарына жайғасыпты.

Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған айтысқа келген 20 ақын кеше сөз сайыстырып, солардың ішінде халықтың да, қазылардың да көңілінен шыққан Ринат, Мейірбек, Айбек, Дидар, Рүстем, Мұхтар, Мақсат сынды 12 ақын бүгін айтыс көрігін қыздырмақ.

Айтыс бүгін «Қазақстан» орталық концерт залында 18:00-де басталады.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар