Қазақстан • 21 Қазан, 2018

Туризмді дамыту жайы халықаралық форумда талқыланды

337 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Талдықорған қаласында «ZhetysuTravel» халықаралық туристік форумы өтті. Еліміздің барлық аймағы мен Қытай, Испания мемлекеттерінен арнайы өкілдер қатысқан жиын Елбасы Жолдауындағы міндеттерді және цифрландыру бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылды.

Туризмді дамыту жайы халықаралық форумда талқыланды

Форум аясында Алматы облысындағы туризімді дамыту мақсатында ашылған Zhetysu Travel орталығының тұсаукесері жасалып, ұлттық тағамдардың «Той қазан» VI фестивалі де келушіліер назарына ұсынылды.

- Мемлекет басшысы жақында жарияланған Жолдауында сырттан келетін және ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлуді және салалық мемлекеттік бағдарлама қабылдауды тапсырған болатын. Осы ретте мемлекеттік бағдарлама жобасына Алакөл көлінің жағалауы, Іле Алатауының тау кластері, Шарын шатқалы сияқты облыстың ірі туристік рекреациялық аумақтарын дамыту бағытындағы ұсыныстар енгізіліп, жоспарлары әзірленіп жатыр, - деді форумда сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов.

Сондай-ақ, халықаралық шараға арнайы келген Қытай Халық Республикасы Мәдениет және туризм министрлігінің Орта Азиядағы өкілі Ван Шулинь Жетісу өңірінің туристік тартымдылығы әлемнің назарын аударып отырғанын,  өз жерлестерінің де жыл сайын мұнда келіп демалуға ынталы екенін айтса, Қазақстан Туристік қауымдастығының атқарушы директоры, Қазақстандық қонақ үйлер мен мейрамханалар қауымдастығының президенті Рашида Шайкенова отандық туризмнің әлеуеті мен қызмет көрсету саласындағы мәселелерді сөз етті.

- Халықаралық туризм нарығында бәсеке қабілетті болу үшін біз ең алдымен бұл салада бай тарихымызды, мәдениетіміз бен салтымызды паш ете білуіміз керек, - деді Рашида Шайкенова өз сөзінде.

Мұнан бөлек маман саланы цифрландырудың мүмкіндіктеріне тоқталды. Оның айтынша бүгінде отандық туристік нысандардың тек 17 проценті ғана өз қызметтерін жарнамалау мен сату каналы ретінде интернет пен әлеуметтік желіні пайдаланып отырған көрінеді.

Жалпы, туристік әлеуетті арттыру бағытындағы халықаралық шараның Талдықорғанда өткізілуі тегін емес. Қазір облыс туризмнің табыстылығы жөнінен еліміз бойынша алғашқы орында.  Жалпы, Алматы облысына келетін туристер қатары маусым сайын көбейіп келеді, дерек бойынша ол лек жылына 20-30 процентке көбею үстінде екен. Мысалға, осы жылы Жетісудың әсем табиғатын тамашалап  мен жағажай аумағындағы демалыс орындарына келген туристер саны 2 млн адамға жеткен. Ал есеп бойынша Алматы облысына туризмнің дамуынан түскен қаржы 10 млрд теңге шамасында болмақ.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы