Әлем • 22 Қазан, 2018

«Мигранттар керуені» Мексикаға бет алды

449 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мексика билігі Сьюдад-Идальго қаласындағы 3 мигранттарды орналастыру орталығына 5000-нан астам адамды тіркеген. Қалған 2000 адам қаланың орталық алаңында түнепті, деп хабарлайды Euronews.

«Мигранттар керуені» Мексикаға бет алды

Гватемала мен Мексиканы байланыстыратын көпірде халық әлі де жаңа қонысын күтуде. Бұған дейін Мексика билігі «мигранттар керуеніндегі» әйелдер мен балаларға шекараның ашық болатынын хабарлады. Гондурастан бағыт алған керуен Мексиканың оңтүстік шекарасы арқылы АҚШ-қа бет алған. Бірақ сенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп мемлекет шекарасын жабуға бұйрық беретінін айтқан болатын.

Босқындарға қайырымдылық қорлардың еріктілері көмектесіп жатыр. Солардың бірі – Флор Седрель. «Халық қапалы, оларды көпірден өткізбей жатыр. Шекарадан өткендер туралы нақты ақпарат жоқ. Мексикаға қоныс аударғандардың да жалпы саны белгісіз. Орналастыру орталықтарына алып кеткендерден хабар ала алмадық», деді уайымын жасырмаған ерікті.

Шекарадан заңсыз өтіп жатқандар да аз емес. Мексикаға өз бетімен жетуге бел буғандардың саны мыңнан асады. Олар тіркеліп, көпір арқылы өтпей, көпір астындағы өзен арқылы қолдан жасалған қайықтармен заңсыз өтіп жатыр. 

Гондурас басшылығы керуендегі 2000 адам еліне оралуға келісім бергенін мәлімдеді.