Аймақтар • 22 Қазан, 2018

Павлодарда дәмханалардың жұмысын түнгі 11-ге дейін қысқарту ұсынылды

165 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы облыстық ішкі істер департаменті мәлім етті. Негізгі себеп - аудан орталықтары мен қала тұрғындарынан бұл мәселеге қатысты түсетін шағымдардың көбеюі. 

Павлодарда дәмханалардың жұмысын түнгі 11-ге дейін қысқарту ұсынылды

Түн ішінде тыныштықты бұзу, спирттік ішімдік тұтыну көрсеткішінің артуы да себеп. Қылмыстың  өршуі де байқалған.

Ал, қоғамдық қауіпсіздік, тұрғындардың тыныштығы - бәрінен қымбат.

Мысалы,  өткен жылы алкоголь өнімін саудалаудың өңір бойынша 379 фактісі анықталған. Қоғамдық орындарда мас күйінде пайда болғаны үшін 6248 адам жауапкершілікке тартылыпты. Ішімдікке тәуелді және нашақор 200 адам мәжбүрлі түрде емделуге жіберілген болса, 36 мыңнан астам адам уақытша бейімдеу орталықтарына жеткізілген.

- Ал, облыс  орталығында полицияға 148  шақырту түскен «Арай», «Гамарджоба», «Барсы», Екібастұзда «Апельсин», «Верона», «Щеки» және Ақсуда «Арарат» дәмханалары, «Сұлтан» мейрамханалары жалпы криминогенді сипатқа ие. Бұл  дәмханалардың жұмыс уақыттарын қысқартуға қатысты шешім қабылдауға облыстық мәслихат тарапынан келісім қажет, дейді департамент басшысының орынбасары Юрий Колесников.

Сондықтан, облыстағы қалаларда, аудан орталықтарында  тұрғын үйлерге жақын немесе тұрғын үйде орналасқан ойын-сауық орындарының жұмысын 23.00-ге дейін, қалған нысандардың жұмысын 01.00-ге дейін қысқарту ұсынылды.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар