Аударма • 24 Қазан, 2018

Қытайдың шағын фермаларының жойылуы әлемге пайдалы

408 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұл ауылдың өмірі бірқалыпты. Егін егу мен жинау маусымдары осы ауылдағы 3000 тұрғынның өміріне тікелей қатысты. Чжэн Нанданың қырық жылдан бергі өмірі Шаньки провинциясының солтүстігіндегі елді мекенге тиесілі егістікте өтті. Ол сиырлар жегілген соқаны бақылайтын. 

Қытайдың шағын фермаларының жойылуы әлемге пайдалы

Гиллс САБРИЕ, «Нью-Йорк Таймс»

МАЙКЛ ШУМАН, «НЬЮ-ЙОРК ТАЙМС» – Шанхуй, (Қытай)

Қазір оның жасы жетпіске жуық­тады, сондықтан мұн­дай ауыр еңбекке шамасы кел­мей­ді. Оның балалары ауыл шаруа­шылығына қызығушылық таныт­пағандықтан, қалаға жұмыс істеу­ге кеткен-ді. Сондықтан Чжэн уа­қытпен санасуға мәжбүр. Ол өзіне тиесілі шағын жер телімін заманауи техникалары бар өзге фермерлерге жалға береді. Осы­лайша жылына табатын 500 доллары оның жайлы өмір сүруіне жеткілікті.

«Мен балаларымның қасы­на барып тұрғым келмейді. Қы­тайларда жапырақтар өзінің тамырына қайта оралады деген сөз бар», дейді ол. Жастар қалаға кет­кендіктен, Чжэн мырза сияқты басқа да шағын фермерлер нәпақа табу үшін жерін жалға береді. Ғасырларға созылған отбасылық ша­ғын фермалар мемлекеттің дамуына үлес қосып келді. 

Мао Цзэдун басымдық берген қо­жалықтар 1980 жылдары та­ратылған соң, фермерлерге же­ке учаске иемдену құқығы бе­рілді. 1990 жылдардың ортасында мемлекеттік саясатта жасалған өзгерістер нәтижесінде фермерлер жерді үлкен көлемде жалға ала бастады. 

Қазіргі таңда Қытайдың ауыл шаруашылығы секторында ірі коммерциялық фермалар ба­сым­дық танытпаса да, сең қозғалды.

Дәстүрлі өмір салтын модернизация басуы қайғылы оқиға се­кілді саналуы мүмкін. Бірақ мұн­дай трансформация Қытай мен әлемдік экономика үшін өте тиімді. 

Үлкен фермалардың пайдасы молая бастады. Фермерлер табысы да көбейді. Нәтижесінде қалаға ағылған адамдар саны артып, Ford автокөліктеріне, Starbucks-тің каппучиносы мен Apple айфондарына сұраныс одан әрі арта түседі. 

Шағын фермалардың жойылуы 27 жастағы Чжэн Чэнгунға қолайлы. Жиырма жыл бұрын оның әкесі шағын жер теліміне егін егетін. Содан бері Чжэн мыр­за мен оның ата-анасы жергілікті үкі­меттен және басқа ауыл тұр­ғындарынан 65 гектардан астам жер телімін жалға алды. 

Осы еңбектің нәтижесінде жүгері мен сәбіз бизнесі дамы­ды. Жиналған жүгерілер көрші қой­мада сақталады. Күзде сәбіз жинау кезінде шамамен 10 ауылдың жүзден астам тұр­ғыны жұмысқа тартылады.

Осындай көлемдегі жердің арқасында Чжэн шағын фер­малардың түсіне кіріп шықпайтын пайда, шамамен 80 000 доллар табады. Қаржының басым бөлігі тағы да жер жалдау мен құрал-жабдық алуға жұмсалады. 

«10 жылдан кейін мен сияқты ірі фермерлер көп жерді жалға алады», деді Чжэн мырза. 

Соңғы 10 жылда 59 жаста­ғы Чжан Mианхуан өзінің фер­ма­сының көлемін 10 есе ұлғайтты. Қазір 12 гектар жерге жүгері және құмай жүгері өсіреді. Ол бұрын шағын жер телімінен жылына 300 доллар табатын. Бұл өзінен артылмайтын. Ал қазір шамамен 9000 доллар пайда көреді. 

Қытайдың ауылдық жерле­р­індегі қалыптасқан жағдайлар отба­сылардың әл-ауқатын өзгер­те­тіндіктен, ол қоғамдық түсінікке кері әсер етуі мүмкін. 

66 жастағы Чжан Чэншэн екі жыл бұрын мотоцикл апатынан алған жарақаты кесірінен ауыл шаруашылығымен айналысуды тоқтатып, отбасын асырау үшін жерін жалға берді. Оның үш баласы қалада жұмыс істейді. «Әйелім екеуміз қартайғанда қа­лай өмір сүретінімізді уайымдай­мыз. Бұл – жалпы қоғамдағы алаңдаушылық», деді ол.

Кейбір ауылдарда фермалар көбейіп, халық саны күрт аза­йып жатыр. Қытай халқының көп болғаны соншалық, жүздеген миллион адам ауылдық жерде қалуға мәжбүр. 

Ауыл халқының саны азайға­нымен, Шанхуй тұрғындары елді­ мекен бұрынғыдай қайта бақуатты болатынына сенімді. «Бәрі жақсы болады», дейді зейнеткер фермер Чжэн Нанда.

Кей тұрғындар кедейшілік дәуірін сирек еске алады. Күн ұя­сына батып, ауа райы сал­қын­­дағанда 61 жастағы Ван Юй­лин талай жылғы әрекетін қайта­лап, Шанхуй шетіндегі жүге­рі егістігіне қарай бет алады. Үш баласы қалада жұмыс істей­тіндіктен, күндердің бір күні фер­масынан бас тартуға тура келе­тінін жақсы түсінеді.

Ол айналасын көзбен шо­лып тұрып, «Сіз ауыл шаруа­шы­лығынан көп ақша таба алмайсыз» деп амалсыз күрсінді.

Мақаланы аударған Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, 

«Егемен Қазақстан»