Аударма • 24 Қазан, 2018

Жалқаулықтың сыры неде?

414 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Біз физикалық тұрғыдан жалқау болып жаратылдық па? Неврологиялық жаңа зерттеу нәтижесі осы сұраққа жауап беріп отыр. Ғылыми жұмысқа сүйенсек, адамдар жаттығу жасауды жоспарлағаннан-ақ мидағы кейбір сигналдар жалқаулыққа итермелейді екен. 

Жалқаулықтың сыры неде?

Эд ДЖОНС, Agence France-Presse – Getty Images

ГРЕТХЕН РЕЙНОЛЬДС, «НЬЮ-ЙОРК ТАЙМС» 

Зерттеу жұмысы мидың адам ниетін қалай өзгертетінін анық­тайды әрі оның нәтижесі жат­тығу жасауға шабыт береді. 

Физиологтер адамның бел­сенді өмір салтын ұстануға ниеті мен олардың мінез-құлқындағы айырмашылықты ұзақ уақыт түсіндіре алмай келген. Жаттығу жасаудың денсаулық пен тән сұлулығы үшін маңызды екенін білсек те, кейде оны жасауға мойнымыз жар бермейді.

Үнемі қозғалып, жаттығу жасауды әдетке айналдырсақ, ойымыз озық, санамыз сергек болатынын байқау қиын емес. 

Әдетте дене қозғалысымен шұғылдануға уақыттың аздығын, мүм­кіндіктің жоқтығын айтып, қолайсыз жағдай мұрша бер­мейді деп, кінәні сырттан іздеу­ге бейімбіз. Бірақ жақында ха­лықаралық зерттеушілердің тағы бір тобы бұл мәселенің түп-та­мы­рына үңіліп, өзіндік тұжырым жасады. 

Олар бұған дейін жүргізілген дене шынықтыру бойынша зерттеулерге шолу жасап, адамдардың белсенді өмір салтын ұстануды армандайтынын анықтады. Бірақ көбінің іс-әрекеті бұл оймен үйлеспеді. Ақыры зерттеушілер адамдардың ойы физикалық қозғалысқа ынтаны қаншалықты жойып жіберуі мүмкін екенін тексеріп көруге бекінді.

Мәселенің анық-қанығын түсіну үшін олар денсаулығы мық­ты 29 адам жинады. Зерттеу­ге қатысушылардың бәрі физикалық тұрғыдан белсенді болуды қа­лай­тынын айтса да, кейбірі ғана оны әдетке айналдырған екен. Ға­лымдар олардың денесіне мидағы электрлі белсенділікті тіркейтін электораттар орнатты. 

Содан кейін еріктілер дене жаттығуларына көзқарасын анық­тай­тын компьютерлік сы­нақтан өтті. Бірінші оларға таяқша сияқты фигура бейнеленген аватар (адам бейнесі бар компью­терлік графика – М.Ж) берілді. Олар бақылауындағы аватарларын экранда көрсетілген басқа аватарлармен байланыстырып отыруы қажет. Мәселен, экранда велошабандоздың суреті бейнеленген фигураны көрсете салысымен, лезде алаңсыз жатқан адамның суреті пайда болады. 

Еріктілерге аватарын бел­сен­ділікті бейнелейтін суреттерге жылдам апарып, енжарлықты көрсететін бейнелерден алыстату және оның керісінше нұсқасын жасау тапсырылды. «Жеткізу-бас тарту» деп аталатын бұл тест экранда көрсетілетін нәрсе туралы саналы түрде қалай ойлануды анықтайтын тәсіл саналады. 

Еріктілер белсенді бейнелерді таңдауға келгенде жылдамырақ әрекет етті. Олардың барлығы са­налы түрде қозғалыста болған фигу­раларды таңдады. 

Алайда, бейсаналық деңгейде олардың миы басқаша нәтиже көр­сетті. Мидың электрлік белсен­ділігі көрсеткіштеріне сәйкес, еріктілер белсенділікті көрсе­тетін бейнелерді таңдау үшін ми ресурстарын, әсіресе мидың терең бөліктерін әлдеқайда көп пайдалануға тура келген.

Ал енжарлықты таңдау бары­сында миға көп күш түспеген. Яғни адамдар қалай айтқанына қара­мастан, осындай әрекет арқы­лы мидың қай шешімді санасыз түрде қабылдайтынын көрсетеді. 

«Меніңше, мұндай нәтижелер миымыз туғаннан белсенділікке қарағанда енжарлыққа бейім келетінін көрсетеді», дейді Bri­tish Columbia университетінің (Ван­кувер) докторанты Маттиу Буйсгонтье. Ол Швейцариядағы Женева университетінің өкілі Борис Чевалмен бірге осы зерттеумен айналысады. 

Доктор Буйсгонтьенің айтуынша, нәтижелердің эволюциялық тұрғыдағы мәні зор. «Энергияны үнемдеу баяғыдан бізде бар. Бұл эксперимент өте пайдалы. Өйткені спортпен айналысқысы келмейтін адамдар жалғыз емес екенін түсінеді», дейді ол. 

Адамдар табиғатынан енжар­лыққа әуес. Бірақ доктор Буйс­гон­тьенің айтуынша, мидың қалай ойланатынына қарамастан, саналы түрде таңдау жасай аламыз.

Мақаланы аударған Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, 

«Егемен Қазақстан»