Руханият • 24 Қазан, 2018

Елін сүйген ердің даңқы асқақтады

562 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Петропавлдың Астана жақтан кіреберіс қақпасына Қожаберген жырау Толыбайұлының алып ес­керт­кіші орнап, халық көптен күткен қуанышқа кенеліп, дүр сілкініп қалды. Рухани жаңғыру ая­сын­да іске асқан бұл шара қызылжарлықтардың еңсесін көтере түсуіне ықпалын тигізері сөз­сіз. 

Елін сүйген ердің даңқы асқақтады

Қожаберген бабамыз әскер­басы, 23 жыл бойы қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының біріккен жасағына қолбасшылық жасаған сардар, ордабасы, сонымен қатар өз заманының озық ойлы адамы, әрі ақын, әрі жырау болған. «Елім-ай» эпикалық дастаны мен «Баба тілі», «Ер Көкше», «Еңсегей бойлы ер Есім» қиссалары мен «Наурыз», «Қайран жастық» және т.б. ондаған өлең-толғаулары оның ақындық, жыраулық қуатының тереңдігін көрсетеді. Бұл туралы академик Манаш Қозыбаев кезінде: «Ол тек бір «Елім-айда» ғана бір ғасырдың сырын, мұңын ашты. Ол жырау ғана емес, замананың ұлы шежірешісі» деп жазған еді. 

Енді міне, ердің алып бойын көрсеткен еңселі ескерткіші бой көтерді. Жыраудың қо­лында қылыш, найза емес, өзі жазған «Жеті жар­ғы» тұр. Бұл ұрпағына заңмен жүріп, ендігі жер­де ілім мен білімді қару етсеңдер ғана оза­сыңдар деген ойды білдірген. Сәулетші Қазыбек Сатыбалдыға осы ұсынысты айтқан ақын, жазушы-драматург Баянғали Әлімжанов екен. Монументте тіпті Қожабергеннің жы­раулығы да екінші планға қалып, домбырасын екінші қолымен кейін ұстап тұр... 

Ескерткіштің ашылу салтанатында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев жалынды сөз сөйлеп, Қожаберген жыраудың қазақ тарихында алатын биік орны туралы тереңнен толғап, айтып берді. Шығып сөйлеушілер қатарында болған Мәжіліс депутаты Абай Тасболатов, «Жеті жарғы» және «Қожаберген жырау» қорының төрағасы Бекет Тұрғараұлы және т.б. ескерткішті орнатуға күш салған облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа да ал­ғыстарын айтты.

Ескерткіштің биіктігі 12 метр, салмағы 5 тон­на. Оны салуға 80 млн теңге қаражат жұм­салыпты. Әзірге бұл ескерткіш Қызылжардағы ең биік монумент болып тұр. 

Ескерткіштің ашылу салтанаты алдында Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде Қожаберген жы­раудың өмірі мен шығармашылығына, қай­раткерлігі мен қолбасшылығына арналған рес­публикалық ғылыми-практикалық конференция болып, оған елімізге танымал тарихшылар, саясаткерлер, ғалымдар, ақын-жазушылар, өлкетанушылар, БАҚ өкілдері мен университеттің оқытушы-студенттері қатысты. 

Конференцияны ашып, жүргізіп отырған университет ректоры Серік Өмірбаев ал­ғаш­қы сөзді Мемлекет тарихы институтының ди­рек­торы, тарих ғылымдарының докторы Бүр­кітбай Аяғанға берді. Ол Қожаберген ба­бамыздың қазақ даласының азаттығы мен тәуелсіздігі жолында атқарған істеріне жал­пы шолу жасап, есімі ұмыттырылған тұлғаның қайта жаңғырып, халқымен қауышуы және бүгінгі ұрпаққа үлгі, өнеге болып отыр­ған­дығының өзі – еліміздің қайта түлеп, тәуел­сіздіктің іргесін рухани тұрғыдан ны­ғайта түскенінің бір белгісі екенін атап өтті. Тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбеков өзінің баяндамасында Қожаберген Толыбайұлының есімі Ы.Алтынсариннің, М.Көпеев­тің, С.Торайғыровтың еңбектерінде де аталатынын айтты.  

Конференцияда сөз алған белгілі тарихшы, профессор Аманжол Күзембаев тарихнаманың бір тармағы «тұлғатану» деп аталатынын, сол бойынша Қожабергеннің еңбегі тарихқа не әкелді деп сараланғанда, Сібірдің қазақ жері болғандығын дәлелдеп, ал өзінің жалпыұлттық деңгейге көтеріле алған дара тұлға екендігін танытатынын айтты. Жалпы, оның айрықша алты сипаты бар тұлға екендігін ашып, ғылыми еңбек жаз­ғанын да жеткізді. Тарих ғылымдарының док­торы, академик Хангелді Әбжанов та өзінің баяндамасында Қожабергеннің ондаған соны сипаттарын айтты. Соның ішінде оның еңбектері ХVІІІ ғасырдағы қазақтың ой-өрісі мен талдау, талғамы еуропалықтармен бір деңгейде болғанын көрсететінін тілге тиек етті. 

Заң ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Ербол Абайділданов жырау еңбек­терінің құқы­қтық аспектілеріне көңіл аудартып, оның «Жеті жарғысы» өз заманының озық құжат еке­нін жеткізді. Осы уни­­верситеттің тағы бір профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов Қожа­бергеннің шежіресін шеше жағынан зерттеп жүргенін айта келіп, оның әкесі Толыбай сыншы атақты Жалаңтөс баһа­дүрдің апасынан туғанын дәлелдегенін айт­ты. Сөйтіп ғалым, қай жағынан алғанда да жыраудың тегі мықты екенін ашқан екен. 

Конференцияда «Жеті жарғы» және «Қожа­берген жырау» қоғамдық қорының төрағасы Бекет Тұрғараұлы мен заң ғылымдарының кандидаты, белгілі қоғам қайраткері, рес­публика бойынша саяси қуғын-сүргінге ұшы­рағандардың есімдерін анықтау және ақтау жұмыстарымен айналысатын «Қаһармандар» қоры­ның төраға­сы Сабыр Қасымов та баян­дама жасады. Б.Тұрғара­ұлы Түркияда Қожа­берген жыраудың «Елім-ай» дас­танының түп­нұсқасы бар екенін айтып, ендігі міндет соның көшірмесін жеткізу деп атап өтті. Кон­­ференцияның мінберіне көтерілген ақын Баян­­ғали Әлімжанов та жырау бабасына арнаған ағыл-тегіл жырларын төгіп-төгіп тастады. Бір қызығы, осы шараның өтуіне университетпен бірге Ерік Нұрақаев, Жарасбай Сүлейменов, Жомарт Омаров, Нағашы­бай Барлыбаев сынды көзіқарақты, белсенді азаматтар атсалысып, қонақтарға өздерінің сый-сияпаттарын жасады. Сөйтіп шара нағыз халықтық сипат алды.

Қазір Қызылжарға әуежай жақтан кірген барлық жолаушыға алдымен Қожаберген жыраудың алып ескерткіші көрінетін болды. Шу дегенде ескерткішті қайда қоюды шеше алмай, көптеген пікірталас болған. Артынан ең дұрыс шешім өзінен өзі табылып, жыраудың өзі: «әкеміз Қызылжар деп атап кеткен» дейтін жердің қақпасын ашқандай болып Мәңгілік елдің сипатын асқақтатып тұра қалды...  

Жақсыбай САМРАТ,

Өмір ЕСҚАЛИ, 

«Егемен Қазақстан»