Руханият • 24 Қазан, 2018

Сейітовті еске алды

276 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бас прокуратурада республиканың жоғары қадағалау органын 18 жыл басқарған Өтеген Сейітовтің 95 жылдығына арналып «Прокурорлық қадағалау: тарихы, қазіргі жағдайы және даму перспективалары» атты ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. 

Сейітовті еске алды

Іс-шараға прокуратура ардагерлері, Парламент депутаттары, Президент Әкім­шілігінің, Премьер-Министр Кеңсесі, орталық мем­лекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйым­дардың өкілдері, ғалымдар мен практиктер қатысты. 

Конференцияға қаты­сушылар 1966-1984 жылдар аралығында Қазақ КСР-нің прокуроры болған, 1-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі, мемлекет және қоғам қайраткері Өтеген Сейітов туралы естеліктер айтты. 

Прокуратура саласының шыңына шыққан заңгер 1923 жылы Ақтөбе облысы­ның Шалқар ауданында дү­ниеге келген. Ол 16 жасынан бас­тап Шымкент облысы прокуратурасына қызметке алын­ған. 18 жасқа толар жы­лы Ұлы Отан соғысы бас­талып, жасы келмесе де май­данға өзі сұранып аттанады. Сұрапыл соғыста үш рет жараланса да, асқан өжет­тілікпен майдан шебіне қай­та оралып отырған. Сөй­тіп, Т.Сейітов соғысқа бас­тан-аяқ қатысқан. Со­ғыс­тан кейін де, 1945-1949 жыл­­­дары Оңтүстік Қа­зақ­­­­стан облысының Ке­лес,­­ Сарыағаш аудандары­ прокуратурасының тер­­­геу­шісі, кейін 1949-1951 жылдары осы облыс­ про­куратурасының аға тер­геушісі, ал 1951-1959 жыл­­дары республика про­куратурасының бөлім про­куроры қызметін атқара­ды. 1960 жылы Алматы қала­сындағы Совет ауданының прокуроры, сосын Алматы облысының прокуроры­ болып жұмыс істейді. Ал­ 1962 жылы республика­ прокурорының бірінші орын­басары, 1966 жылы рес­публика прокуроры болып тағайындалып, зейнет демалысына шыққанша, яғни 1984 жылға дейін, осы қызметте болды.

Кездесуде заңғар заң­гердің еңбек жолы, проку­ратураның беделін нығайту және азаматтардың сенімін арттыру тұрғысынан проку­рор­д­ың адамгершілік-пси­хологиялық қасиеттерінің өзекті мәселелері, кәсіптік жауап­кершілік және мінез-құлықтың моральдық-эти­калық нормаларының сақ­талуы жайында айтылды. 

Белгілі тұлғаға арналған форумның екінші сессия­сы қылмыстық процес­ке медиация институтын енгізу проблемалары мен перспективаларына арналды. Жиында айтылғандай, соңғы бес жылда медиаторлардың қа­ты­суымен қаралған істер­дің саны сотта қаралған істер­дің жалпы санына сәй­кес түрде өскен. 

Сонымен қатар қыл­мыстық медиацияның заң­намалық негізін жетілдіру бойынша ұсыныстар айтылды, тараптарды тату­ластыру процедураларын белсенді пайдалануға ке­дер­гі келтіріп отырған себептер қарастырылды.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»