Таяуда «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мамандары тәжірибе алмасу үшін Риддердегі табиғи қорыққа сапар шектік. Қорық сол елді мекен табиғатының зертханасына айналғанына көз жеткізіп, көңіліміз тоғайды.
Өткен ғасырдың 80-жылдарында қазіргі қорық орнында шаруашылық нысандары болған екен. Қазақтың бетке ұстар қоғам қайраткерлері Алтай өңіріндегі әлі бүліне қоймаған тұмса табиғатты, оның өсімдіктер дүниесін, жан-жануарларын сақтап қалу үшін қорық ұйымдастыру туралы бастама көтеріп, Үкіметке ұсыныс жасаған. Қорық үшін бұдан артық қолайлы жер табылмайтынын олар жақсы білген екен. Осылайша 1992 жылғы 3 шілдеде Үкімет қаулысымен 56 078 гектар аумаққа созылып жатқан «Батыс Алтай» мемлекеттік табиғи қорығы құрылған. 2007 жылы аумағы тағы 30 мың гектарға кеңейтіліпті.
Бүгінде Алтай сілемдерінің бар сұлулығын қамтыған өңірде өсімдік пен жан-жануарлардың сан алуан түрі кездеседі. Қорықтың өсiмдiк жамылғысының өзі жапырақты орман, таулы-тайгалы орман, субальпiлiк және альпiлiк шалғындар, тундра белдеулері болып төрт түрлі белдеуге бөлінеді. Жан-жануарлардың 230 түрі, сүтқоректілердің 57 түрі, балықтардың 5 түрі, құстардың 162 түрі (оның ішінде 6 түрі қызыл кітапқа енгізілген), өсімдіктің 883 түрі кездесетін мұндай мекен әлемде сирек шығар, сірә. Сібір самырсыны, сібір қарағайы қалың өскен реликті (көне) қарағайлы ормандар қорықтың негізгі байлығы саналады.
Іс-тәжірибе алмасу барысында бұл жерде атқарылып жатқан жұмыстарға тәнті болдық. Қорық аумағындағы музейде аң-құстардың қатырма мүсіндері көп екен. Пейзажды маршруттардың қолмен салынған суреттері, түрлі-түсті тау қазбаларынан алынған минералды тастар, құстардың ұялары да келген адамды еріксіз еліктіреді.
Қорғалатын аймақтың ерекше құнды экологиялық жүйелері мен нысандарын айналып өтетін учаскелер арқылы экскурсиялық соқпақтар құрылған. «Батыс Алтай эталоны», «Алешкины стежки», «Заповедные дали», «Каменная сказка» сынды маршруттармен жүріп өтуге құштар туристер көп. Маршруттық сапарларға автокөлікпен де, жаяу да шығуға болады. 1-2 күн ішінде жұмыр жердегі жақұт мекеннің ең әдемі жерлерін көріп үлгереріңіз хақ! Әр маршруттың алдын ала жоспарланған аялдамалары бар. Аяқ суыту үшін аялдаған саяхатшылар «Батыс Алтайға» қатысты көрнекіліктермен танысып, аумақтың табиғи ерекшеліктері жайлы ақпаратқа қанығады. Әсем табиғат аясында фото және бейне түсірілімдер жасайды.
Жергілікті экскурсия жетекшілерінің айтуынша, әр маршруттың өз ерекшелігі бар. Топтағы адам саны да сапардың қызықты болуына әсер етеді екен. Мәселен, адам көбейген сайын шу да көбейіп, жануарларды жолықтыру мүмкіндігі азая береді.
Риддердегі қорық Тарбағатайға бар болғаны 470 шақырым жерде орналасқан. Көркіне көз тоймайтын сұлу табиғаттың аясы саяхатшылар үшін таптырмайтын жер екені анық.
Қорықтың іргетасы қаланғаннан бергі аралықта ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан, ыстығына күйіп, суығына тоңған мекеме қызметкерлері: Л.Винокурова, Г.Наговицын, Н.Премина сынды өз ісіне берілген мамандардың, мекеме басшысы Әлібек Тоқымтаевтың, жас маман А.Мақатаевтың қажырлы еңбегін де ерекше атап өткен жөн. Олар бұл аймақтың саф таза қалпын сақтап қалуға, туристер көптеп келуі үшін қызықты шаралар өткізуге мұрындық болып отыр. «Жақсымен сөйлессең – көңілің ашылады, биік төбеге шықсаң – көзің ашылады», – дейді бабаларымыз. «Батыс Алтайдағы» қорықта көргеніміз, көңілге түйгеніміз көп болды.
Жаңылқан ӘЛЕМСЕЙІТОВА,
«Тарбағатай» табиғи паркінің аға ғылыми қызметкері