Руханият • 24 Қазан, 2018

Мөңке биге ескерткіш қойылды

1604 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысындағы Мөңке би ауылында дала данышпаны,ойшыл-жырау, би-шешен Мөңкеге ескерткіш қойылды. Ал оның болжампаздығына келгенде әлемге әйгілі делінген Нострадамустың өзі қолына су құя алмай қалады десек нақты шындықтан ауытқи қоймаспыз. Өйткені Мөңкенің бұдан бірнеше ғасыр бұрынғы жыр-толғауларына желі болып тартылған жәйттер бүгінгі күннің шындығына айналып отыр. Айталық тіліміз ала-шұбарланып жоғалып кетудің сәл ғана алдында қалғаны жасарын ба? Дәстүрлі ислам жолынан бет бұрғандар көбейіп, әр түрлі секталап пайда болғаны да бүгінгі күннің удай шыны емес пе? Ежелгі ұлттық салт-дәстүрлеріміздің аяққа басылып жүргені үшін кімді кінәлар екенбіз.

Мөңке биге ескерткіш қойылды

Суретте: Мөңке биге қойылған ескерткіш мүсін

Бүгінгі күні Мөңке би мұраларын толықтай жинақтап бір ізге жүйеге түсірудің де кезеңі келгені анық. Сондай-ақ оның жариялануы мен зерттелуіне де жаңаша көзқарас қалыптастыру қажеттігі айқын көрінеді. Ескерткіштің ашылу рәсімі кезінде филология ғылымдарының докторы, профессор Жұбаназар Асанов осындай ой қозғады. Сондай-ақ Мөңке бидің күйшілігі және оның көпшілікке тарала қоймаған күйлері жөнінде тың материалдар жинақтап жүрген журналист қаламгер, мөңкетанушы Бердібай Кемалдың зерттеу еңбектері де қолдауға әбден лайықты. Бұл ретте ол Мөңкенің өте сирек орындалатын «Өттің, жалған-ай», «Шалқыма» және «Қиқу даурен» атты кұйлерінің екінші тынысын ашып жарыққа шығарып жеке орындауға және Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік халық аспаптар оркестрінің репертуарына енгізген Қазақстанның халық әртісі осы өнер ұжымының бұрыңғы көркемдік жетекшісі марқұм Тұяқберді Шәмеловтың еңбегін ерекше атайды.

Сондай-ақ даланың философиялық дәстүрінің қабырғалы өкілі данышпан Мөңкенің қалдырған мұраларына Ахмет Байтұрсынов пен Жүсіпбек Аймауытов  және Нұржан Наушабаев пен Мәшһүр- Жүсіп Көпеев секілді тарихи тұлғалар кезінде өз еңбектері арқылы терең үңіліп жан-жақты назар аударғаны да бөлек бір зерттеу нысанының еншісі. Бұдан берідегі Ахмет Жұбанов пен Әбіш Кекілбаев және Шерхан Мұртаза секілді өнер зерттеушілері мен жазушылар да Мөңке биге қатысты деректерді өз туындылары мен шығармалары арқау еткенін бүгінде біреу білсе, біреуі біле бермейді.

Мөңке бидің өмір сүрген кездері мен оның замандастары туралы тарихи құжаттар жетіп артылады. Оның бірқатары Ресей ішкі саясатының архивінде сақталған. Ал Әбіш Кекілбаев өзінің «елең-алаң» атты тарихи романында Әбілхайыр ханның ордасына орыс елшісі келіп соны құрметіне бас қосқан жиынға қатысқан билердің ең еңселісі Мөңке екенін жазғаны белгілі.

Мөңкеге қойылған ескерткіш Қордайдың гранитінен қашалып жасалған. Оның тұғыры 2,2 метр болса, мүсіні 1 метрге жуық. Мүсінді сомдағандар ел есінде қалған тарихи тұлғаның кескін келбетін барынша шынайы түрде көрсетуге талпынғаны айқын көрінеді. Рухын үстем бола берсін елдіктің туын жыртпаған даланың ойшыл- данышпаны?!

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы

Шалқар ауданы

Мөңке би ауылы