Өнер • 25 Қазан, 2018

«Осы фильмнен кейін не бар боламын, не жоқ боламын!»

456 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Алыс сапарға шыққанда журналист әрдайым қызықты кездесулердің, есте қалатындай ерекше оқиғалардың куәсі болып тұрады емес пе. Міне, биыл да Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен Қырғызстандағы Ош қаласында өткен «Шыңғыс Айтматов мұрасы: жаһандану дәуіріндегі ынтымақта өмір сүру» атты ІІ қазақ-қырғыз зиялыларының форумына барғанымызда Ш.Айтматов шығармаларының желісі бойынша түсірілген бірнеше фильмдерде, атап айтқанда, «Мен – Тянь-Шаньда» Хадишаның, «Ақ кемеде» Бекейдің, «Ерте келген тырналарда» Жұпардың рөлін сомдаған Қырғызстанның халық әртісі, Тоқтағұл атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Назира Мамбетовамен кездесіп, сұхбаттасудың сәті түсе кетті. 

«Осы фильмнен кейін не бар боламын, не жоқ боламын!»

Биыл жетпіс жылдық мерейтойын атап өткен актрисаның кинодағы соңғы сомдаған ірі рөлі бұдан біраз жыл бұрын экранға шыққан «Құрманжан датқа» (режиссері – Садық Шер-Нияз) фильміндегі Құрманжан датқаның орта жастағы, яғни Алай өлкесіндегі қырғыздардың басын қосып, атқа қонып, ел басқарған шағы екені қазақ көрермендеріне жақсы таныс. Сондықтан болар, біз де актрисаның осы рөлдегі ең бір қиын да күрделі сәттерді қалай алып шыққанын білуге асықтық.

–  Айып етпеңіз, «Құрманжан датқа» фильміндегі есте қа­ла­тын ерекше бір көрініс – дат­қа­ның өз халқының азаттығы, келешегі үшін бекініп, ұлын көз алдында дарға асып жат­қан жауыздарға жанарынан бір там­шы жас шығармай, тас­түйін боп қарап тұратын сә­ті. Бұл кез келген әміршінің, әсіресе ананың дәті бармайтын ауыр қасірет. Міне, осы бір эпизодты ойнау сізге қиын соқпады ма?

– Иә, иә... Дұрыс айтасыз. Өте қиын болды. Мен үшін бұл фильмнің өзі де дәл осы эпизодтан басталды. Әйткенмен, қазір аздап шегініс жасасам бола ма?

– Әрине.

– Алғаш Құрманжан датқа туралы фильм түсірілгелі жат­қанын радиодан естігем-ді. Кино­студия кастинг жариялады. Мен бұрын Ош театрында ол рөлді ойнағанмын ғой. Сондықтан қажетім болып жатса, шақырар деген ой келгені рас. Бірақ күн өт­кен сайын мазасызданып, ай­наладағы әріптестерім де қайта-қайта есіме сала берген соң, бір күні студияға бардым. Үн-түнсіз «пробаға» түстім де, кетіп қал­дым. 

Содан бастап көз алдымда датқаның бейнесі. Құлағым те­лефон қоңырауында. Бірақ... Тырс еткен үн жоқ. Көп ұзамай фильм­нің түсірілу жұмыстары басталып кеткенін естідім. Ре­жис­сер датқаның жас кезіндегі оқи­­ғаларды пленкаға тартып жат­са керек.

Кенет маған кино­студия­да­ғылар телефон соғып, датқаның орта жастағы кезіне кастинг жа­рияланғанын ескертті. Көңілім тағы да толқып, екінші рет қайта бардым. Үш күннен кейін хабарын айтамыз дескен. Бірақ, телефон тағы да үнсіз қалды...

Сөйтіп жүргенде, Алматыдан Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театры Бішкекке гастрольдік сапармен келді. Кешкілік спектакль көріп отырғанымда телефоныма қоңырау түсіп жатқанын сездім. 

Үйге келген соң қарасам, қай­та-қайта қоңыраулатқан картина­ның директоры Зина екен. Тағы да көңілім желді күнгі теңіздей алай-дүлей болды да кетті. Зина­ның нөмірін әрең тердім. Ол бол­са, маған: «Құттықтаймын! Сені рөлге бекітті!» деп қуанып жатыр.

Сонсоң Ошқа ұшып келдік. Режис­сер мені бірден әлгі сіз айт­қан эпизодқа салды да жі­берді.

Бір дубль, екі дубль... бес дубль кетті. Көңілім қатты алаң­дай­ бастады. Себебі кеңестік ке­­зеңде фильмдер плен­ка­ға­ тартылушы еді ғой. Ал оны операторлар барынша үнемдеуге тырысатын. Біз соған үйренгенбіз. 

Өзімнен өзім қобалжып: «Зи­на, не боп кетті бұл?» деймін дег­­бір­сізденіп. Ол болса, «Сен ештеңені уайымдама. Бұл – пленка емес, флешка. Қанша дубль бол­са да түсіре береміз», дейді. 

Осыдан кейін мен екіұдай ойға қалдым. Бұрын техниканың мұндай мүмкіндіктері жоқ кезде режиссерлер алдын ала бізбен кездесіп, түсіндіріп, пікірлесіп алушы еді. Бұл жолы бәрі бас­қаша болды. Дубльден соң, дубль. «Жылама. Толқыма. Кө­зің­­нен жас шығарма», дейді режиссер. Айтқанын орындауға мін­деттісіз.

Кім білсін, бәлкім, бұл да дұ­рыс шығар. Өйткені актер алдын ала білсе, өздігінен «ойнай бас­тайды» емес пе.

– Сонда қалай? Актер тек құрал ғана болып қалғаны ма?

– Жоқ. Меніңше, бұл да бір көркемдік тәсіл. Режиссердің ше­шімі. Себебі фильмнің желісі соның қолында емес пе. Бірақ, бәрібір актер өз ойын айтуға тиісті.

Мен әрине, солай еттім де. Ең ­бастысы, режиссерге: «Кейіп­кер­ді көп сөйлетпеу керек, – дедім. – Себебі ұлттың қайғысы да, ұл­дың қайғысы да датқаның ішін­де өрт болып жанып жатқан жоқ па!»­ «Иә, иә, – деді режиссер. – Солай...»

– Фильмдегі тағы да бір қиын эпизод Құрманжан дат­қа­­ның орыс генералдарымен кез­­десетін тұсы. Оларға қара­ған сәт­те сіздің көзіңізден амалсыз мойын­сұнуды сездіретін өр­­лік байқалады.

– Иә. Құрманжан датқа Қоқан хандығы мен орыс патшасының арасында тартысқа түскен ел тағ­­дырын аяққа таптатпай, екі жақ­ты тең келісім жасауға ұм­тыл­ды. Бірақ, көптің аты – көп, күш­ті­нің аты – күшті. Амал­сыз­дық деге­ніңіз де міне, сол.

Маған бұл эпизодта әлгі гене­ралдың рөлін ойнаған актер­дің өзі көмектесті. Шын айтам. Се­бебі оның түсіру алаңында ішім­­дік ішіп жүргенін көріп қал­дым. Содан, расында да, қатты жек көріп кеттім. 

Ең бастысы, өзін қырғызбын дейтін жандардың бәрі Құрман­жан датқаның кім екенін, ел та­­­ри­хында қандай рөл атқар­ғанын жақсы біледі. Оның ер­лігіне, кемеңгерлігіне бас иеді. Сон­дықтан оның бейнесін экран­ға шығару бізге оңай бол­мағаны ақи­қат. Кей сәттерде ме­нің режиссерге: «Садық, мен осы фильмнен кейін не бар боламын, не жоқ боламын!» деген кездерім де болды. Ол болса: «Менің өзім де сондай күй кешіп жүрген жоқпын ба?!» деуші еді.

Және бір айта кететін жайт, бұл фильмде сіздер көрмей қал­ған тағы да бір қиын эпизод болды. Ол картинаны монтаждау кезінде қиылып қалды.

– Қызық екен?.. Айтыңыз­шы.

– Бұл дүниеде Ана перзенті үшін қандай да болсын құрбан­дық­қа бас тігіп, қаймықпай ба­­рады емес пе. Ендеше, ел билеу­шісі Құрманжан датқа да ең ал­­дымен Ана ғой. Сол себепті де оның орыс генералының алдына барып, ұлымды өлімнен құт­қарыңыз деп тізерлеп, бас иетін сәті бар еді... 

Сол қиылып қалды. Себебі дат­қаның бас июі, елдің бас июі секілді көрінуі мүмкін еді.

Ол дұрыс та шығар, бәлкім. Бірақ, ертесіне ұлт тағдыры мен ұл тағдыры қатар тұрған шақта Құрманжан датқа көзінен бір тамшы жас шығармай, ел келешегі үшін еңсесін биік ұстады емес пе. Меніңше, бұл эпизодты қалдыру керек еді. Сіздер мені түсінетін шығарсыздар деп ойлаймын. Ол қанша дегенмен, Ана емес пе...

Осы сәтте біздің сұхбатымыз­ды манадан бері үнсіз тыңдап отыр­ған қазақстандық форум делегаты, «Тұран» университетінің доценті Нұргүл Алдабектің көңі­лі толқып, ақырын ғана:

– Құрманжан датқа түсіңізге кірген жоқ па? –деп қалды.

Актриса бірден еңсесін тік­теп, бізге күлімсірей қарап:

– Жоқ, – деді басын шайқап. –Тү­сіме енген жоқ. Бірақ, фильмге түсерде ұлы датқа анамыздың аруағына арнап қой сойдырып, құран оқытқанымыз рас. 

Бір анығы, бүгінге дейін бірде бір елде ұлты үшін ұлын өлімге қиған ана туралы фильм жоқ екен...

«Құрманжан датқа» филь­мі­­­­­нен кейін сізге деген көзқарас қан­дай болды?

– Әртүрлі. Көпшілігі рахмет айтып, бетімнен сүйіп жатты. Кей жерлерде: «Тарихи шындық олай емес, былай», деп сын айтушылар да кездесті. Ол жағын мен тереңірек біле бермеймін. Бірақ ұлты үшін қиын кезең туғанда ел басқарып, атқа қонған ананың бейнесін сомдағаныма бек қуаныштымын.

 Әңгімелескен Нұрғали ОРАЗ,

«Егемен Қазақстан»