Таным • 25 Қазан, 2018

Қазақ халқының батыр қызы - Кәмшат Дөненбаева

2781 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Өткен жылы тал-қайыңның тоқ сары түске енген жапырағы сауылдай төгілген, жерден өнген көктің бәрін қазан ұрып, қырдың беті алашадай тозған күрең күз еді. 

 Қазақ халқының батыр қызы - Кәмшат Дөненбаева

Алтын түстес күмбезі анадайдан көрініп, саналының есіне имандылық сабағын сәт сайын салып тұратын мешіттің алды қарақұрым. Қостанай төңірегі түгілі, бүкіл елде Кәмшат Дөненбаеваны білмейтін кім бар еді? Оны білген жан еңбек, намыс, ұлттық тәлім-тәрбие, адамгершілік пен қарапайымдылық секілді бүгінгі жақ талдырып айтып жүрген құндылықтардың не екенін іштей ұғынып, мойынсұнып сала беретін.  ...Қаралы жиын лоблып кейін ысырылды, жаназа шығарылып, табытты көтерген топ Ақсуаттағы оның қайын жұртының қорымына қарай бет алды. Сонда Кәмшатпен бірге жөңкіліп бір дәуір көшіп бара жатты-ау... 

Қазақстанда тың және тыңай­ған жерлердің игерілуіне байланысты өткен ғасырдың 60- жылдары елде жаппай механизаторлар дайындау науқаны басталады. Кәмшат келін боп түскен Ақсуат ауылында да тракторшылар курсы ашылады.Сол курста Кәмшат пен сол ауылдың қызы Құндызай оқып шығады. Архив материалдары анықтағандай, ол 1966 жылы алғаш рет жоспарды екі есе орындап, «МТЗ-5» трак­торының алдына жалауша ілген екен. Ол кезде ер­лер­мен қа­тар трактор руліне отыр­ған қа­зақ қызы жоқтың қа­­сы ғой. Бір күн жұмыстан қал­­­май­тын, көрсеткішін ай са­йын­ жаңалап отыратын Кәмшат партия­ның да, басшылардың да назарына ілінеді. Өзгелерге үлгі етіп ұсынуға түсі де, ісі де келіп тұрған Кәмшаттың аты газет-журнал, радио арқылы қазақ даласына желдей есіп жүре берді. 1977 жылы Кәмшат Дөненбаева «Қыз-келіншектер, трактор руліне отырайық!» деген үндеу тастады. Ол осылай бүкіл елдегі механизатор қыздардың көшін бастады. Еңбекте де, өмірде де ысылды. Талай рет республикалық, одақ­тық жарыстарда алдына жан салмады. Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Қандай атақ алса да, өзінің маңдай тері болатын.

Кәмшат апа даңққа тоқмейіл­сіп, көкірек керіп, жұртқа жоға­ры­дан қараған жан емес. Алайда керек жерінде батыл мінезімен өз пікірін басшыға да, басқаға да тыңдата білетін.

– 70-жылдары Ленин­градтағы Киров трактор зауы­тының бір тракторы біздің ша­руа­шылықта сынақтан өтіп жатқан, оны Кәм­шат жүргізетін. Көктемде дән се­уіп жатқан кез­де әлгі трактор сынып қал­ды. Оны жөндей алмадық, об­­лысқа да айттық. Ал уақыт су­сып кетіп бара жатыр. Бір күні Кәм­­шат Байғазықызы келді де, «Анатолий Николаевич, зауытқа телефон соғамыз» деді. Мен таңғалып бетіне қарадым, ол кезде ауылдағыларға Қостанаймен ха­барласу оңай емес қой. Ол сонау Ленинградқа телефон соғып, зауыттың бас құрастырушысы Поповты тауып алып, жағдайды айтты. Ол кісі екі сөзге келмес­тен, «ертең біздің мамандар сіз­дің шаруашылықта болады» деді. Айтқанындай, ертеңіне таң­ертең сағат таңғы 06:00-де ленин­градтық бір топ маман біздің кең­­сенің алдында тұрды ғой. Айт­пақшы, ленинградтық мамандар «К-700» тракторын жетілдіре түскенде Кәмшаттың ескертуі мен ұсы­ныстарын қа­перге алғанын екінің бірі бі­ле де бермес. Сондай еді ғой,­ біздің Кәмшат! – дейді ша­руа­шылықтың инженері болған Анатолий Шабанов.

Бригадада бірге трактор ай­даған әріптестерінің барлығы да қазір қартайған, топырақтан тыс жүргені сол Харьков ауылын­да тұрып жатыр. Олар Кәмшат туралы әңгіме айтылса, алдымен оның қарапайымдылығы мен адамгершілігін ауызға алады. 80-жылдар болса керек, ша­руа­шылық Кәмшат апай үшін жұм­сақ трактор орындығын алдырыпты. Ол орындыққа отырып кө­ріп, «жақсы , сапалы екен» деп баға­сын айтыпты. Бі­рақ...

– Бірақ Кәмшат Байғазықызы «бұл орындыққа отырмаймын» десін. «Бүкіл бригадаға алып бер­­сеңдер, рас, көптің бірі болып отырар едім. Басқалар мін­ген трактор да селкілдейді, бә­рі­міз бір алқапта жүреміз» деді. Қайталап айтып көріп едік, «жоқ!» деп кесіп тастады. Та­лай жақсы адамдар бар ғой, бі­рақ Кәмшаттай әйел өмірге бір-ақ келеді, – дейді Ана­толий Николаевич.

Жүзінен нұр төгілгендей рия­сыз жымиып тұратын Кәм­­шат апаның әділеттілік сү­рінген шақ­тарда, қисынсыз нәр­сеге көңілі толмағанда бет қаратпайтын өр мінезі де болатын. Бірде об­лыс­тық партия комитетінің бірін­ші хатшысы Николай Князев Мең­діғара ауданының шар­уа­шы­лықтарын аралайды.­ Са­пар бағдарламасында Кәм­шат Дөнен­баевамен де кездесу бар екен. «Харьков» кең­шарының директоры Сайран Бұқанов «Кәмшат тракторымен Князев келетін 3-ші бө­лімшенің алқабына барып, жұмыс істеп жүрсін» деген аудан басшылығының сәлемін жет­кізеді. 

– Сонда Кәмшат Бай­ға­зы­қызы: «Сендердің осы көз­бояу­шы­лықтарыңнан шаршадым. Еш­қайда да бармаймын, жұмысты өз алқабымда істеймін» деп, тіке қайтарып тастады. Мен қай­тып бата алмадым, – дейді Қазақ­­станның Еңбек Ері Сайран Бәл­кенұлы. 

Кәмшат апаның көзі тірісінде: «Жоспар бар ғой, соны орындай ал­май қаламын ба деп жанталасып жүремін. Жер жыртқан кезде кешке келіп, сиырымды сауып, балалардың тамағын беріп, жатқызған соң, айдың жары­ғы­мен біршама жұмыс істеп келе­­тін едім. Қанша дегенмен, әйел адам ғой, қорқады, трак­тор тұ­рып қалады дей ме, Те­мір­бек ар­тым­нан алқапқа келу­ші еді. Шар­шамайтыны қайда, шар­шай­мын. Бір ұйқы арман болып жүретін. Бірде жұмыстан келе жатқанда рульде отырып қал­ғып кетіппін, соқаны көтеруді ұмы­тыппын, ауылға кіргенше соқа жер­ді сызып келген ғой» деп кү­ліп алғаны бар еді апайдың.

Кеңес дәуірінде кеудесі орден-медальге толы еңбек адамдары Компартияның съездеріне делегат болып қатысып, алақанын қыздырып, қол соққан дүрмектің қатарында отырып қайтатын. Кәмшатты солардай еңбек адамы десек те, өзгелерден өресі биік еді. Ол 1974-1989 жылдар ара­­­­­лығында КСРО Жоғарғы Ке­ңесінің үш шақырылымына қатар депу­тат болып сайланды. КСРО Жоғар­ғы Кеңесінің Ұлттар Кеңесі төрағасының орынбасары болды. Шаруашылықтағы жұмысының сыртында қаншама қоғамдық жұмыстарды атқарды. 

– Кәмшат Жоғарғы Кеңеске депутат болғаннан кейін жи­налыстарға көбірек жүретін бол­ды. Сонда өзінің нормасын бри­гадаға қалдырмау үшін таң­ғы сағат 3-4-ке дейін жер жырт­қан кезін білемін. Қырдан үйіне келіп, сөм­кесін ала сала, комбинезонын да шешпестен Қостанайға жетіп, киімін ауыстырып, Мәс­кеуге ұшатын ұшаққа мініп үлгеретін. Оның осындай бірді-бірге жалғап, жүгіріп жүретін күндерінің куә­сімін. Оған КСРО-ның түк­пір-­түкпірінен жүздеген хаттар­ келетін. Барлығы да өзекті мә­се­лелерін, жанайқайын айтып, көмек сұрап жазады. Мен Мәскеуде оқыған жылдары сессиясына келген Кәмшат маған соқпай кетпейтін. Қолында қан­­­дай министрлікке, қандай да­­­ ор­гандарға, сотқа апаруға тиісті, алдын ала өзі реттеп бө­ліп ал­ған будақтаған хаттарды көре­тінмін. Ол соның барлығына да кешіктірмей жауап жазуға тиіс­ті болатын, – дейді құрбысы, мем­лекеттік қызмет ардагері Сара Омарова. 

Кәмшаттың анасы Зүбәйза ауру­­лы болады. Әкесі үнемі жұ­­мыс­та, жалғыз ағасы Мэлс пен Кәм­шат үйдің жұмысын атқа­рады. Он екі жасынан нан жауып, тамақ істейді. Орыс мек­­тебінің 7 сыныбын ғана бітіреді, бірақ жақ­сы оқиды. Дәрі­гер болуды, сөйтіп анасын емдеуді армандапты. Егер Кәм­­шат трактор руліне отырмай, өзге мамандық алғанда да, адам­гершілігі, жауапкершілігі, тегі­мен келген парасаты оны осы биі­гіне жетелер еді. Дегенмен әйел­­дің бағы кейде оның ақыл-ажарына емес, түскен табал­ды­рығына байланады-ау, сірә. Ол 1959 жылы Меңдіғара ауда­нын­дағы Ақсуат ауылына 17 жасында келін боп түсті. «Темір­бекке мені үлкендеріміз ке­лісіп, алып бер­ді ғой. Бірақ өзім іздесем де дәл Темкеңдей аза­матты таппас едім» деп отырар еді Кәмшат апа. Жолдасы Те­мірбек те, атасы мен қос ене­сі де Кәмшаттың тракторға оты­руына көлденең тұрмаған, қайта қолдарынан келгенше оны қолдап, көтеріп отырған. Тағ­­дырдың ауыртпалығын көп көр­­ген отбасына Кәмшат та ырыс-құт болып кіреді. Ол кел­генде ата-енесі қыртыстан са­лын­ған қоржын үйде тұрады екен. Ақ­суат­тың айналасында қа­рай­ған тал болмайды, ағашсыз жалаңаш жер. Көлді жағалай жай­ғасқан ауыл қысымен қо­паның қамысын жағып шығады. «Төргі бөлмеде үлкен енем мен 13 жасар қайным, олардан тө­мен атам мен кіші енем жатады. Біз Темірбек екеуміздің кереуетіміз ауызғы бөлмеде, пеш­тің жанында тұрды. Сол бөл­меде ас дайындалады, біз­дің төсегіміздің жанында қа­ра­ғайдан қағып қойған үстел бар, соның ар жағына қоршау жасап, бір бұзау мен қозы-лақты қамап қоямыз. Тазалық сақтаған болып, бұзау қимылдаса «тосып» шығамыз. Үйдің едені жоқ, оны саз балшыққа сиырдың жапасын қосып сылап тастаймыз. Қамыстың қызуы не болсын, үй таңға қарай суып кетеді. Мен таңалакеугімде тұрып, пешті гуіл­детіп жағып, кемпір-шалдың дәрет суын жылытып қоямын. Жып-жылы үйде олар есінеп тұрып жатады» деп әңгімелеуші еді жарықтық.

Қазақ ауылы кеудесін көтере қой­маған уақыт болса да, осы отбасы барға қанағатшыл, мейі­рімге бай жандар екен. Үлкен енесі Нәзира жесір қалғанда ақ­с­ақалдар 13 жасар қайнысына әмеңгерлікпен атастырады. Қай­нысы өскенше біраз жыл кү­тіп барып, некесін қияды. Бұрынғы күйеуінен қалған жалғыз ұл соғысқа бара оққа ұшады. Кенже­бектен көтерген балалары шетінеп кетеді. Өзінің жасы да кетіп барады. Содан «сен ұрпақсыз өтпе, әйел ал» деп, шалына бір баламен жесір отырған Макураны қо­сады. Анасының соңына еріп келген 5-6 жасар Темірбектің мектепке барарда метрикасы да болмайды. Кенжебек оған құжат аларда ағайындары «атыңа жаздырып алмайсың ба, өзің бағып отырсың ғой» деп жанашырлық танытыпты. Сонда Кенжебек: «соғыста қыршын кеткен жігіт­тің жалғыз ізін өшірсем, менің кім­ болғаным? Өзінің әкесіне жа­за­мын» деген екен. Сонымен Темірбек өз әкесінің тегімен Ғаб­долұлы Дөненбаев болыпты. Бірақ Кенжебек оны өзінің баласынан кем көрмепті. 

Кенжебек атай өзінің жеңге­дей­ алған үлкен әйелін «жаным»,­ кіші әйелін «тайым» деп сөйлейді екен. «Менің атамдай адам сирек шығар. Біздің отбасы­мызда «өгей бала, өгей әке» деген ұғым­ болған емес. Атам да, екі енем­ де өмір бойы бізді «Темір­бек­жан, Кәмшатжан» деу­­мен өтті. Ме­нің үлкен қызым ту­ғанда атын Гүл­жан қойды деп еді Кәмшат апай. 

Осындай отбасының ын­ты­ма­ғын Кәмшат одан әрі жал­ғапты. Он жеті жаста босаға аттаған ол он үш жасар қай­нысы Момақайды «Төре жі­гіт» деп, әулетіндегі бас­қа қа­йынаға, қайнылары мен қайын сіңлілерінің барлығына «Ағе­ке», «Апатай», «Мырза жі­гіт», «Еркем» деген сияқты ат қо­йыпты. Таза орыс арасын­да­ оқып келген қыздың тәр­бие­­­сі мен тектілігі келген ортасын да риза еткен. «Мен кел­ген соң, жылға жетпей анам қайтты. Бірақ қос енем анамды жоқтатпады» деп отыратын жарықтық. Отбасындағы ын­тымақ, татулықты қараңыз: Кіші енесі біраз бала тауыпты, бірақ барлығы да шетінеп кете берген. Қолдарына іліккен жалғыз ұл Момақай үлкен ене­сінің бауы­рында жатыпты. Ол үйленген соң, Кәмшат пен Темірбек бөлек шық­қанда, Темірбек қолына өз анасын емес, үлкен шешесін алады. «Темірбек бар болғаны 56 жасында жаман аурудан қайтты. Мен 50 жасымда жесір қалдым. Темір­бекпен бақытты өмір сүріп едім, арқа сүйерім болды. Өзім де жағасына кір жуытпадым, аяқ киімін сүртпеген күнім болмаған шығар. Көп жыладым. Сонда «Кәм­шат, Алланың ісіне амал жоқ, жылай берме! Балалардың амандығын тіле, сабыр қыл!» деп өзегін жарып шыққан ұлынан айырылып отырған енем басу айтып, мені қайрап, жігер берді ғой. Кейін ойлап отырсам, өмірдің ыстық-суығы енемнің екеуін де балталасаң өтпейтін емендей қатайтып жіберген екен» деп еді Кәмшат апай бір әң­гімесінде. Ол артынан ерген абы­сын келіні Жанна мен өзінің келіні Ақмаралды да әулеттің ын­тымағын ұстауға баулыды.

Ол атағы аспандап, елдің ықы­­ласына бөленсе де, қара­пайым қалпынан да, қанағат, тәу­бесінен танбады. Айтпақшы, «Желтоқсан желі» Кәмшатты да шарпып өткен. Кеңес Ода­ғы кезінде Дінмұхаммед Қо­наев Кәмшат Дөненбаеваға Ал­ма­тыдан бір пәтер бергізеді. «Кәм­шат, жиналыстарға Ал­ма­тыға жиі келесің, демалып жүр» деп, өзі сұрамаса да, сыйға тарт­қандай бергізген екен. 1986 жылы билік басына Колбин келген соң, «Вечерняя Алма-Ата» газетіне сын мақала жарияланады. «Қалалықтарға баспана жетпей жатқанда, Кәмшат Дөненбаеваға пәтер берілген, ол бос тұрады» деген мәселе айтылады мақалада. 

– Кәмшат Байғазықызы осы ма­қалаға ренжіді. Қонаевқа жа­был­ған кінә қалыңдай түседі деп қамықты. «Пәтерді қайтып беремін» деді. Мен: «Қайтып бер­меңіз, сіздің пәтеріңіз ғой, сіз­ден алып қоя алмайды» деп қай­радым. Бірақ Кәмшат пәтерді қай­тып берді. Ол осындай ірі мінез­дің адамы еді, – дейді Сайран Бәл­кенұлы. Кәмшат зейнетке шыққан соң, бес уа­­қыт намазын қаза етпеді. Ата­сы Тасбай 5-6 жа­сы­нан жай­на­мазының шетіне қойып, на­мазға жығылдырған екен. «Мен орыстың арасында өссем де, жұмыс істесем де, партияда бол­сам да ішкі рухымды бермеген адаммын» деген еді ол көзі тірісінде. Денсаулығы жарап тұрғанда Меккеге барып, бес па­рыздың бірін орындап қайтты. Жа­сы келген сайын даналыққа да бет бұрғандай еді. 

Кәмшат апа төрт перзенті Сырым мен Асқарды, Гүлжан мен Гүлшатты еңбекке баулыды, нәпақасын адал табуға тәрбиеледі. Шөберелерін көріп кетті. Аурудың азабын тартып жатып, енді өзінің бұл дүниелік болмайтынына көзі жеткенде балаларына: «Мені енемнің аяқ жағына, Темірбектің қасына қойыңдар. Қойған тас Темірбекке, енеме қойылған тастан биік болмасын» деп өсиет қалдырыпты. Ақсуат қоры­мындағы сүйектің бірі қазақтың бір асылы, дана әйел екенін кейінгі ұрпақ та біле жатар.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай