Аймақтар • 25 Қазан, 2018

Түркістан облысының Төлеби ауданында егін көлемі 19 млрд 241,4 млн теңгеге жеткен

1225 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазан  айы –  молшылықтың, берекенің айы. Қырман басы тазаланып, бау-бақша жиналатын, диқандар еңбегінің жемісін, табиғаттың сарқылмас сыйын көретін кез. 

Түркістан облысының Төлеби ауданында егін көлемі 19 млрд 241,4 млн теңгеге жеткен

Көктемгі шығын мен күзгі табыс есептеліп, таразыға салынатын, жетістік пен кемшілігі ескерілетін шақ. Яғни, диқандар табысын күзде саралайды, ал табысты болу – бәсеке қабілетінің көрінісі. Осы орайда Түркістан облысында шаруалардың атқарған еңбектерінің нәтижесі көрсетілетін «Алтын күз-2018» мерекесі және мерейтойлық іс-шаралары өтуде.

Елбасы осы береке айындағы Жол­дауы­­ның 5-тармағында агроөнеркәсіп кешені­­нің әлеуетін толық іске асыру, ауыл­­­шаруа­­шылық өнімдерінің экспортын көбейту, мемл­екеттік қолдау шараларын зама­науи агро­т­ехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажеттігін атап көр­сет­кен-ді. Жалпы, ауылшаруашылық саласы Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған емес. Осы саланы дамытуға негіз­дел­ген мәселелерді дер кезінде көтеріп, на­қты тап­сырмалар жүктеп келеді. Ал тапсыр­ма­лардың орындалуын, нақты нәти­жені өңірлерде, оның ішінде аудандарда ат­қарылған істерден де білуге болады. Аудан­дардағы мерекелерді айта отырып, көрсет­кіштерді келтіруіміз де сондықтан. Мысалы, Төлеби ауданында биыл  ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 19 млрд 241,4 млн теңгеге жеткен. Егін шаруашылығының үлесі 5 млрд 451,9  млн теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 103 пайызды құрап отыр. Түсімі гектарына 22,1 центнерден шығып, 47786,3 тонна астық жиналған. Майлы дақылдан – 12218,8 тонна, 15 700 тонна картоп, 25 800 тонна көкөніс,  6600 тонна жидек, 1100 тонна жүзім жиналған. Өнім әлі де жиналып жатқанын ескерсек, бұл көрсеткіштер өсе түсері заңды.

Сондай-ақ ірі қара мал – 67,8 мыңға, ұсақ мал – 204,8 мың, жылқы – 27,3 мың, түйе – 12, құс 193 мыңға жеткен. Аудан­да 9,4 мың тонна ет, 46,0 мың тонна сүт, 12,7  млн дана жұмыртқа өндіріліпті.

Таулы ауданда қымыз өндіруге ерекше мән берілуде, соған сәйкес жылқы 4500 басқа артқан.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» респуб­ликалық жобасына енген «Таңбалы тас» ескерткіші, Хақназар хан, Қарабура,  Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі, Созақ қалашығы сынды киелі орындары бар Созақ ауданы 90 жылдық мерейтойын атап өтті. Мерейлі мереке әлеуметтік нысандарды ашумен басталып, өңірдің тарихы мен бү­гі­нін көрсететін танымдық іс-шараларға ұлас­ты. Балдысу, Раң ата, Шаға, Ақсүмбе елді ме­кен­дерінде 4 медициналық пункт, Жарты­төбе, Қарақұр ауылдарынан саябақ ашыл­ды. Құмкент ауылынан зәулім спорт ғима­раты, Шолаққорған, Тау­кент, Қызылкөл елді мекен­дерінде шағын футбол алаңдары мен ба­ла­лардың ойын алаңы пайдалануға берілді. Сондай-ақ Шолақ­қорған, Аққолтық елді ме­кен­дерінде бала­бақша, тұрмыстық техни­ка және электронды бұйымдар сататын «Жібек жолы» тechnodom» сауда үйі, жалпы аудан бо­йын­ша 24 нысан салтанатты түрде ашылды.

Облыс әкімі Ж.Түймебаев  «Созақ – жыр, Созақ – сөз, Созақ – өнер» атты ғылыми-тео­риялық конференциясына қатысып, аудан тұрғындары мен қонақтарды мерекемен құттықтады. Аудандық аурухана ұжымына медицина­лық автокөліктердің кілтін тапсырды. Конференцияда ауданның тарихы жайлы бейнефильм көрсетіліп, жазушылар, ғалымдар баян­­дама жасады. Елімізге таны­мал ақындардың қатысуымен рес­пуб­ли­калық «Сырлы Созақ» тақы­рыбын­да айтыс өтті. Аудан әкімі Салы­хан Полатов аудан­ның әлеуметтік-эко­но­микалық дамуына ең­бек сіңірген  бір­қатар азаматтарға «Созақ ауда­ны­ның Құр­метті азаматы» атағын табыс етті. М­ере­келік жиын орталық ипподромда жал­ғасып, көкпар, бәйге, қыз қуу сынды ұлт­­тық ойындар өтті. Бәйге мен көкпар же­­ңім­паз­дарына 2 жеңіл автокөлік берілді.

Қол жеткізілген жетістіктер де айтылды. Мысалы, ауданға жыл басынан бергі 8 айда 22 млрд 506 млн инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тыр­ғанда 1 млрд 593 млн теңгеге артқан. Өңір­де «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом ком­па­ния­сының 9 ірі кәсіпорны жұмыс істейді. Оған қажетті бөлшектер шығаратын аудандағы индустриалды аймақта  жалпы құны 1 млрд 204 млн теңгені құрайтын 5 жоба іске қосылған. Биылғы жылы индустриалды аймақта 644,7 млн теңгенің өнімі өндіріліп, аудандық бюджетке 41 млн 300 мың теңге қаржы түсті. Алдағы уақытта, «Тұз өңдеу», «Күн электрстансасы», «Асыл метал­дар өңдеу зауыты» жобасы, тас көмір өңдеу зауыты іске қосылады. Бүгінде Созақ өн­ді­рісі өрлеген, облыстағы аграрлы-индустриалды алдыңғы қатарлы аудан атанып отыр. 

«Тоқсан жылдыққа – 90 игі іс» акциясы шеңберінде жыл басынан бастап түрлі шараларды жүзеге асырып келе жатқан Қазығұрт ауданында егістік көлемін ұлғайту, иесіз жер­лерді игеру, заманауи технологиямен там­шы­латып суғару әдісін кеңінен енгізу, жылы­жай және қарқынды бау егу, мал басын асылдандыру мәселелері күн тәртібінен түс­кен емес. Биыл ауыл шаруашылығының жа­л­пы өнім көлемі  22 086,7 млн теңгеге же­тіп, нақты көлем индексі 109,8 пайыз бол­ған. 2490 тонна дәндік жүгері, 49 000 тонна көк­өніс, 6 900 тонна ақтүйнек жиналып, бұл бағыт­тағы жұмыстар жалғасын табуда. Ал масақ­ты дақылдардан 103 052,3  тонна өнім жи­налған. Тамшылатып суару әдісі қосым­ша 451,28 гектарға  ендіріліп, оның жалпы көле­мі 2950 гектарға жетті.  Жалпы көлемі 121,5 гектар болатын  жылыжайлардан 36,6 мың тон­на көкөніс жиналды. Аудан әкімі Төле­ген Телғараевтың мәлімдеуінше, фермерлерге «Ырыс» қаржыландыру ұйымы арқылы төменгі пайызбен 38 жобаға 190,2 млн теңге несие берілген. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларының аясында 2599 мал басы сатып алынып, тапсырма артығымен орындалған. Сегіз айда 9050 бас мал бордақыланып, 14800 тонна ет өн­дірілген. Шағын және орта бизнес субъек­тілер саны 8083-ке жетіп, 11571 адам жұмыспен қамтылыпты. Олардың өндірген өнім көлемі 31307,7 млн теңгені құрап отыр. Аудан көле­мін­де бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған 18 өнер­кәсіптік кәсіпорын бар. Құрылысшылар да аудан­ның 90 жылдығына сүбелі табыс­пен жетіпті. Қазығұрт елді мекенінің «Болашақ» шағын ауданынан 16 пәтерлі 4 тұрғын үйді, 100 орындық өнер мектебін, 210 орын­дық дене шы­нықтыру-сауықтыру кешені құры­лыс­­тарын сапалы аяқтап, аудан тойына тарту етті. 

Ауданда туризмді дамыту мақсатында «Қазығұрт – Кемеқалған» туристік тарихи-мәдени кешенін салу көзделіп отыр. Қазы­ғұрт тауында орналасатын кеменің ұзын­дығы – 120 метр, ені – 30 метр, биіктігі 24 метр болады. Үш қабаттан тұратын кемеде мұражай, қонақүй мен мейрамхана, кино­зал, ең жоғарғы қабатында айналаны көру алаңшасы орналастырылмақ. Жалпы, туристік кешеннің жер телімінің аумағы 150 гектарды құрауға тиіс. Айта кетейік, ауданның кәсіпкерлері белсенділік танытып, 25 млн теңгеге тарихи «Қазығұрт» монументін Ташкент – Алматы магистральді автожол бо­йына орнатып, елдің алғысына ие болды.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы