Аймақтар • 25 Қазан, 2018

Қарағандыда қоғамдық көлік қызметінің сапасы сын көтермейді

325 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Таяуда Қарағандының «Оңтүстік-Шығыс» деп аталатын шағын ауданына бару үшін қоғамдық көлікті пайдалануға тура келді.

Қарағандыда қоғамдық көлік қызметінің сапасы сын көтермейді

Біз тұратын үйдің жанындағы аялдамадан ол жерге №19 автобус барады. Обалы нешік, қоғамдық көлік көп күттірмей жетіп келді. Автобустың ескі екені көзге ұрып-ақ тұр, өзі дизель отынымен жүретін болса керек, қозғалтқышының гүрілдеген даусынан құлақ тұнады. Доңғалақтары шиқылдап тоқтай қалғанда, соңынан шұбатыла ерген қою қара түтін көлікті басып қалды, тіпті салонның ішіне еніп, қолқаны қапты...

№19 автобус өзіне сызылып берген маршрут бойынша айналма болса да темір жол вокзалына соғады екен. Қызық осы жерден басталды. Автобусқа вокзалдың басынан бес-алты жолаушы ғана мінді. Бірақ біз мінген көлік асыға қоймады. Екі-үш минут қозғалмай тұрған «еңбегі» еш кетпей, тағы бір екі адам сөмкелерін сүйретіп мініп алды. Енді жүретін шығар деп едік, автобусымыз ыңырана қозғалғандай болып, қайта тоқтады. Ауыр жүкті тарта алмағандай, қинала қозғалып, лықсып-лықсып барып тұра қалады. Кондуктордың клиент іздеген екі көзі алақтап, ашық есіктен шыққан мойны үзілердей созылып барады. Көзінің қиығымен оның қимылын баққан жүргізуші де жырынды екен, тежегішті басып қап жіберіп, басып қап жіберіп, арт жақты көрсететін айнадан екі көзін алмайды...

Содан, өлдім-талдым дегенде вокзалдан да өттік-ау. Келесі аялдама – қаладағы ірі базарлардың бірі «Алтын Арба». Осы жерге келгенде, автобус манағы «өнерін» асқан шеберлікпен тағы қай­талады. Бір мезетте, вок­залдың мінген екі жігіт­тің бірі шыдай алмады білем, «Неге тұрмыз, неге жүрмейміз?», деп күңк ете қалған. Сол-ақ екен, кондуктор жігіт автобустың ортасына дейін жұлқынып келді де, «Қайсың, ей?», дегендей артқы жаққа екі көзі ежірейе қарады. Арт жақтағы жігіт жым болды. Әлгі кондуктор тісін шы­қырлатып, жаңағы дауысы шыққан жанды тауып алса, етін тірідей жейтіндей адырайып-ақ тұр.

Кондуктор дегенннен шығады, осы жылдың тамыз айында қаланың қақ ортасында он алты жастағы кондуктор дардай жолаушы жігітті соққының астына алған-тын. Бұл оқиға біразға дейін шу болып, ақыры ол қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» деген бабымен тергеуге дейін ұласқан болатын. Әділдік іздеген әлгі жігіттің есіне осы оқиға түсіп кетті ме екен, әлде «Пәледен машайық қашыпты» дегенді жөн санады ма, әйтеуір тілін тістей қойды... 

Межелі жерге жеткеннен кейін, түстік. Шаруаны бітіргеннен кейін бір сағат па екен, әлде одан аз ба, әйтеуір біраз уақыт өткеннен кейін аялдамаға келе қалған тағы бір №19 автобусқа мініп алып кері қайттық. Ішке енген бетте байқадым: мінгеніміз бағана алып келген автобус! Кондуктор жігіт қойқаңдап келіп, жолақасын алып кет­ті. Қайтар жолдағы көрініс келе жатқандағы көргені­міз­ді айнытпай қайтала­ды. «Майлы» аялдамаға келгенде жіпсіз байланады да қалады. Тек бұл жолы автобус жүргізушісі музыка қо­сып қойған екен. Онсыз да да­рыл­даған автобустың дауысы­на дарақылау ән қосылып, көлік іші азан-қазан болды да кетті. Іші сатпақ-сатпақ, орындықтарының тысы кір-қожалақ көліктің ішіндегі жұрттың қабағы қатулы, жақ­тырмай-ақ келеді, бірақ біреуі ләм-мим деп ауыз ашпады. Жолда «Алтын Арба» базарына қарама-қарсы тұрған «Таир» сауда қалашығының аялдамасында ыңыранып бес минуттай тұрған кезде әріге шыдай алмай, әлгі автобустан түсіп қалуға тура келді...

«Таирдың» алдында тұр­ған кезде облыс әкімі Ерлан Қошановтың таяуда өткізген бір жиналысы еске түсті. Сол жиында өңір басшысы қаладағы қоғамдық көлік саласына жауапты шенеу­ніктерді сын тезіне салған болатын. 

– Сіздер жөндеп қарамай­сыз­дар. Бәрін көріп отырмын. Баяғы кезге қайта айналып келдік, – деген еді Ерлан Қошанов. – Тазалықты, сапа мен сыпайы қызметті қадағалауды жалғастыру керек. Кесте дайындауға тапсырма беремін: маршруттарды бөліңдер, менің орынбасарларымнан бастап басқарма басшыларына дейін қоғамдық көлікте жүретін болсын. Бұған Қарағандының әкімін де қосыңдар, орынбасарларымен ол да жүрсін...

Облыс әкімінің осыны айтқанына да жарты ай­ға жуықтады. Жауапты қыз­меткерлердің бұйрықты бұл­жытпай орындаған-орын­дамағанынан біз бейхабармыз. Мүмкін орталық­тағы майлы маршруттардың бірі­мен жүйткитін жаңалау авто­бус­тың біріне мініп, екі-үш аял­дама жүрген де шығар. Бірақ содан құлпырып кеткен дүниені көре алмадық... Әйтеуір көз жеткен бір нәрсе, шенеуніктер автобусқа топ-тобымен күнде мінсе де, бұл саладағы салғырттық­тың жылдар бойы тоң боп қатқан көңі жібитін түрі жоқ. Маршруттардағы іші-сырты кір-қожалақ, әбден ескірген, артынан шыққан түтіні адамды тұншықтыратын автобустар, жолаушыға деген сыпайылықты шектен асқан сый көретін өркөкірек кондукторлар... 

Әрине қаладағы автобус маршруттарындағы жағ­дайдың бәрі тура осындай деп кесіп айтуға болмас. Дегенмен, «Көрген көз­де жазық жоқ» деген, бір емес, екі емес, дәл осындай оқиға­лардың күнде куәсі болып жүргеніміз рас, енді.

Жақында Қарағанды шаһарының әкімі Нұрлан Әубәкіров қалаішілік автобустарда жол ақысын электронды түрде төлеу жүйе­сін енгізу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын, сәтін салса, бұл жүйенің желтоқсан айында толыққанды іске қосылатынын айтқан болатын. Әлбетте электронды жүйе жақсы-ақ. Тек, автопарктер жаңартыл­ма­йын­ша, Қытайдың бауыры жер сызып, көк түтіні будақтаған кішкентай автобустары құрымайынша, кеудесіне нан піскен дөрекі кондукторлардың тәртібі түзелмейінше, бұл саладағы кемшіліктер әкім автобусқа күнде мінсе де жойылмайтын сияқты көрінеді.

Былтырғы жылдың шілде айы ма екен, өңір басшысы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жаңа басшысы Әскербек Халтоновты таныстырған кезде Қарағандыдағы қоғам­дық көліктің қызмет сапасын қатаң бақылауға алу керек­тігін айтқан болатын. Тіпті соның алдында өзі авто­­бусқа мініп, қаладағы мар­­шруттардың бірімен жүріп өткенінен де хабардар бол­ғанбыз. Сол жиналыста облыс әкімінің айтқан мына сөзі тағы да еске түсті. «Тағы да ай­тамын, – деп шегелеген бо­латын Ерлан Қошанов, – жүргізушілердің дөрекі сөйлеуі, рульде отырып темекі шегуі, ұялы телефонмен сөйлесуі, музыка дауысын көтеріп қоюы, қалай болса солай тоқтауы қадағалануға тиіс»... Қарап тұрсақ, осы тақылеттес әңгімелердің айтыла бастағанына да жылға жуық уақыт болыпты. Құйма құлақ болса, құйып алар еді, әрине. Демек, әкімнің әңгі­месі келесі жолы қатаң болатын түрі бар сияқты.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды