Аймақтар • 25 Қазан, 2018

Термин жасаудың тарланбозы ұлықталды

642 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ТҮРКСОЙ түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы және Халықаралық Түркі академиясымен бірлесе ұлттық термин жасау ісінің тарланбозы, ғалым, аудармашы, жазушы Ісләм Жарылғаповтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ сөзжасамы: тарихы, бүгіні, келешегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Термин жасаудың тарланбозы ұлықталды

Ісләм Жарылғапов ұлттық терминдердің білгірі, ғалым, аудармашы, жазушы болды. Ол қазақ тілі сөздігінің қорын 5000-нан астам жаңа сөздермен толықтырды. Мы­салы, аялдама, көрермен, балмұздақ, оқырман, теледидар секілді сөздер бүгінгі күні тілімізге әбден сіңісті болып кетті.

Ісләм Жарылғапов қал­дыр­ған ауқымды және ма­ңыз­ды мұра туралы кон­фе­рен­цияға қатысушылар айтып өтті. Олардың қатарында Халықаралық ТҮРКСОЙ түр­кі мәдениеті мен өнерін дамыту ұйымының Бас xатшысы Дүйсен Қасейінов, Халықаралық Түркі акаде­миясының президенті Дар­хан Қыдырәлі, Білім және ғы­лым министрлігінің Аxмет Бай­тұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек, академик Өмірзақ Айтбаев, сондай-ақ Анкара қаласындағы Гази университетінің профессоры, Түркітану орталығының директоры Хулия Касапоғлу Ченгел, Әзербайжан мемле­кеттік педагогикалық уни­вер­ситетінің профессоры Булуд­хан Азизоғлу Халилов және басқалары болды.

Конференция жұмысын облыс әкімі Ерлан Қошанов ашып, жүргізіп отырды.

– Ісләм Жарылғапов сөз саптаудың теңдесі жоқ шебері болған. Біз барлығымыз ол ойлап тапқан сөздерді қол­данамыз, жәнеде ол сөздер өте көп. Олар 30-40-жылдары ойлап табылған, алайда қазіргі таңда оларсыз қазақ тілін елестету қиын. Ісләм Жа­­рылғапов қазақ тілінің сөз қорын еселеді, – деді облыс әкімі Ерлан Қошанов кон­фе­ренцияның ашылуы барысында.

Халықаралық Түркі акаде­миясының президенті Дархан Қыдырәлі жазушының ойлап тапқан және аударған сөздері қазір барлық түркі тілдес әлем­­­де қолданылатынын атап өтті.

Конференцияда сондай-ақ терминология және аударма мәселелері, қазақ тілінің латын графикасына көшуінің ғылыми-әдістемелік негіздері талқыланды.

– Латын қарпіне ауысу тек әліппеге ғана қатысты емес, оның жалпы тілге де қатысы бар. Бұл – үлкен процесс. Түркі тілдес елдер арасында байланысты нығайту үшін Ісләм Жа­рылғаповтың еңбектері өте маңызды, се­бебі 25 жылда түркі тілдес халықтар бір-бірлерінен алыстап кетті, – деді Дархан Қыдырәлі. 

Алқалы жиында та­ны­мал лингвистер, әдебиет­та­нушылар, тарихшылар баяндама жасады. Түркия­дан келген қонақ Хулия Касапоғлу Ченгелдің айтуын­ша, латын графикасы елдердің жа­қындасуына септігін тигізеді.

– Ісләм Жарылғапов қазақ тілі үшін көп еңбек жаса­ған, көптеген сөздер ойлап тапты, олар Түркияда да қол­да­нылады. Мен сіздердің Пре­зиденттеріңіздің латын гра­фикасына көшуге байланыс­ты бастамасын қолдаймын. Бірыңғай әліппе түркі тілдес елдердің жақындасуына сеп­­тігін тигізеді. Қазақстан то­лықтай латын графикасына көшкен соң біз өзіміздің ортақ сөздерімізді дамыта аламыз, сіздердің әдебиеттеріңізді оқитын боламыз, – деп санайды профессор Хулия Касапоғлу Ченгел.

Конференцияға қатысу­шы­лар үшін көрме ұйым­дастырылды. Онда Ісләм Жа­рыл­ғаповтың өлеңдер жи­­на­ғын, отбасылық фото сурет­терін, еңбек кітапшасын тама­шалауға болады.

– Өзінің «Сәкен елі» өлең­дер жинағының қолжазбасын біздің мұражайға кезінде Ісләм Жарылғапов өзі берген, – дейді Жаңаарқа ауданының орталықтандырылған кітап­хана жүйесінің қызмет­кері Гүлзат Жұмасейітова.

Білім және ғылым минис­трлігінің Аxмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі инсти­тутының директоры, филоло­гия ғылымдарының докторы Ерден Қажыбек жинал­ғандарға Білім және ғылым, Мәдениет және спорт ми­нистрлерінің аттарынан құт­тық­тауларын жеткізіп, об­лыс әкі­міне алғыс хаттар та­быс етті.

Конференцияның соңы­на таман Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті мен өнерін дамыту ұйымының Бас xатшысы Дүйсен Қа­сейі­нов түркі дүниесі мен ұлт руханиятына сіңірген ең­бегі үшін бір топ ғалымды арнайы медальмен мара­паттады. 

Жиын соңында Ісләм Жарылғаповтың ағайыны, Қара­ғанды облыстық мәслиха­тының депутаты Ғазым Жа­рылғапов конференцияға қаты­сушыларға әулет атынан алғыс айтты.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды