Қазақстан • 26 Қазан, 2018

Жолдау міндеттерін орындаудың нақты қадамы

325 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында сенаторлар бірнеше заң жобасын қабылдап, халықаралық құжаттарды ратификациялады. 

Жолдау міндеттерін орындаудың нақты қадамы

Жалпы отырыс Сенатқа Шым­кент қаласынан жаңадан сайлан­ған депутаттар – Нұр­лан Бек­назаров пен Дархан Сатыбал­дының Қазақстан халқына ант беру рәсімінен басталды. Со­дан соң жаңа сенаторлар өз өтініш­тері­нің негізінде Сенаттың тұрақ­ты комитеттеріне мүше болып сайланды. Атап айтқанда Н.Бек­на­заров палатаның Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне, ал Д.Сатыбалды Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетіне мү­шелікке өтті.

Жалпы отырыста бірінші ке­зек­те бұған дейін Мәжіліс ма­құл­­даған «2018-2020 жылдарға арнал­ған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы» заң жоба­сы қаралды. Бұл құжат бойынша баяндама жасағандардың бірі – Ұлттық экономика бірінші ви­це-министрі Руслан Дәленов де­путаттарға заң жобасының мақ­сат-міндеттері мен талаптары ту­ралы айтып берді. 
Оның баяндауынша, 2018 жылға арналған макро­эко­но­ми­калық көрсеткіштер болжамы нақ­ты­ланып, негізгі сценарийде 2018 жылы мұнайдың бағасы бар­рель үшін 55 АҚШ долларынан 60 АҚШ долларын дейін ұлғай­тыл­ған. Ал 2018 жылғы номиналды ІЖӨ 58 242,9 миллиард теңге көлемінде бағаланып, бұл 2017 жылғы сәуірде мақұлданған көрсеткіштен салыстырмалы түрде 1 036,2 миллиард теңгеге жоғары болып отыр. 

Вице-министрдің хабарлауынша, басқа салалардағы өсім сол күйінде сақталған және инфляция 5-7 пайыз деңгейінде қалуы тиіс. 

Ал Қаржы министрі Әлихан Смайылов заң жобасы Мемлекет басшысының Шымкент қаласы мен Түркістан облысының әкім­шілік мәртебелерін өзгерту туралы Жарлығын іске асыру үшін әзірленгендігін атап өтті. 

Осыған байланысты құжатта облыстан республикалық бюджетке кері трансферт аудару және оларды трансферттермен Шым­кент қаласына қайта жіберу жолы­мен облыстың субвенциялар көле­мін бөлу көзделген. 

– Агроөнеркәсіптік кешен әлеуетін іске асыру мақсатында 18,8 млрд теңге, оның ішінде кейіннен ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарын сатып алуды кредиттеу үшін «ҚазАгро» ұлттық басқару хол­дингі» акционерлік қоғамының жар­ғылық капиталын ұлғайтуға 15 млрд теңге бағыттау ұсыны­лады. Сапалы және қолжетімді тұр­ғын үй ұсыну шеңберінде са­лым­шыларға алдын ала және ара­лық тұрғын үй қарыздарын беру үшін «Қазақстанның тұрғын үй құ­рылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамын бюджеттік кредиттеуге 15,0 млрд теңге жұмсау ұсы­нылады, – деді Ә.Смайылов.

Өз кезегінде Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев сена­тор­ларға ақша-несие саясаты мен қаржы нарығындағы жағдай туралы түсінік беріп өтті.

– 2018 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында инфляция 3,3% болды, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңінен төмен. Қыркүйектегі жылдық инфляция өткен жылдың соңындағы 7,1%-бен салыстырғанда 6,1%-ға дейін төмендеді. Ұлттық банктің бағалауы бойынша биылғы инфляция 5-7% мақсатты дә­ліз­де қалады, ал 2019 жылы ол 4-6% құрайтын жаңа төмен мақ­сат­тық дәліздің жоғары шекара­сында қалыптасуы керек. Бо­лашақ инфляцияның өсуіне жол бермеу үшін Ұлттық банк 

15 қазанда базалық ставканы 9%-дан 9,25%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Базалық ставканың жаңа деңгейі теңге активтеріне сұранысты арттырады және қолайлы ақша-кредит жағдайларын сақтауға мүмкіндік береді. Жылдың басынан бас­тап 24 қазанға дейін валюта нарығында теңге бағамы 10,1%-ға әлсіреді және бір АҚШ доллары үшін 365,82 теңгені құрады, – деді Д.Ақышев. 

Аталған заң жобасына бай­ланысты сауал берген сена­тор­­лардың бірі Асқар Бейсен­баев Ұлттық экономика ми­нистрлігінің өкілінен Түркістан об­лысының орталығы Түркістан қаласына қызмет ауыстырған мем­лекеттік және азаматтық қыз­меткерлерді баспанамен қамту жайында сұ­рады. Бұл сауалға байланысты Р.Дәленов елімізде жалпыға қолжетімді 

«7-20-25» бағдарламасының жүзеге асырылып жатқандығын, оған қатысушылардың алғашқы жар­насын субсидиялау мүмкін­дігі қаралып жатқандығын айтты. 

Мемлекет басшысының Жол­дауын ел ішінде насихаттап, не­гіз­гі басымдықтарын түсіндіріп орал­ған депутаттар жалпы отырыста бұдан бөлек Мәжілісте мақұлданған «Халықаралық аза­маттық авиацияға қатысты заңсыз актілермен күрес туралы кон­венцияны ратификациялау туралы», «Қазақстан Респуб­ликасы мен Қырғыз Респуб­ликасы арасындағы Қазақстан-Қыр­ғыз мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартты рати­фикациялау туралы», «Қазақ­стан Республикасы, Түрік­менстан және Өзбекстан Респуб­ликалары арасындағы үш мемле­кеттің мемлекеттік шекаралары­ның түйісу нүктесінің ауданы ту­ралы шартты ратификациялау туралы», «Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Үкіметі мен Үндістан Респуб­ликасының Үкіметі арасындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Ли­ван­дағы уақытша күштеріндегі (БҰҰЛУК) үндістандық батальон құрамында қазақстандық бітім­гершілік контингентті бірлесіп өрістету тәртібі туралы өзара түсіністік туралы меморандумды ра­тификациялау туралы», «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жарнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне ста­тистика мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгі­зу туралы» заң жобаларын қабылдады. 

Осы арада атап өтерлігі, тиісті заң жобасы бойынша баяндама жасаған Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров Қазақстан мен Үндістан ара­сын­дағы жоғарыда аталған мемо­рандумға 2018 жылғы 21 тамызда БҰҰ-ның миссияларына қатысуға Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін жіберу туралы Қазақстан Парламентінің 2018 жылғы 15 маусымдағы қау­лысын жүзеге асыру мақсатында қол қойылғандығын атап өтті. 

– Құжатта бітімгершілік кон­тингентті бірлесіп өрістету, атап айтқанда, қолбасшылық ету және басқару, қаржылық және медициналық қамтамасыз ету, сондай-ақ жеке құрамды даярлау тәртібі айқындалған. Қазақстан Қарулы Күштері Ливанда 1978 жыл­дан бастап өрістетілген үндіс­тандық бітімгершілік контин­гентінің қарамағына 120 әскери қызметшіден тұратын ротаны ұсынады, – деді Т.Мұхтаров.
Оның айтуынша, біздің әс­кери қызметшілерге Ливанда жергілікті жерді қарауылдау, ба­қылау бекеттерін ұйымдастыру, оқ атудың тоқтатылуын сақтауды бақылау, жергілікті ахуалды талдау және бағалау, Ливанның қарулы күштеріне тиісті көмек көрсету жұмыстары міндеттеледі. 
Соңында бірқатар сенаторлар орталық және атқарушы ор­гандардың басшыларына депу­тат­тық сауалдарын жолдады.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар