Қазақстан • 26 Қазан, 2018

Қазығұрт қасиеті

2090 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Қазығұрт қасиеті

«Кіндік кесіп, кір жуған, асыр салып аунаған, сонда да көңіл тынбаған, құба төбел ауылдан көркем жер, сірә, бар ма екен?!»...

Ғабиден Мұстафиннің «Көз көрге­ніндегі» осы сөйлем талай жұрттың жадында жатталып қалған да шығар. Иә, көзді қуантатындай ешқандай ерекшелігі жоқ, яғни құба төбел ауыл болса да, тіпті айтақыр, тұлдыр даладағы, қу медиен шөлдегі құм суырған мекен болса да, бәрібір, әрбір адам өзінің туған жерін мына әлемнің кез келген басқа жерінен артық көреді. Ал егер ол жер, бүкіл қазақ баласы «Басында Қазығұрттың кеме қалған, Ол әулие болмаса неге қалған?» деп керемет көрген, әр адам бала күнінен естіп өсетін аңызға айналдырылған жер болса, онда қалай болады? Ал егер ол жер есте жоқ ескі замандарда төсінде небір ғажайып оқиғалар өткен, тағылымды тарихқа тұнып тұрған жер болса, аты аңызға айналған Македониялық Александрдың Азия жорықтары кезіндегі шешуші шайқастар өткен жер болса, Истеми қағанның Византия елшісі Земархты қабылдаған жері болса, Шыңғыс хан мен Әмір Темірдің, Шайбан әулетінің, Қазақ хандығының көп-көп тарихымен байланысты жер болса, Бәйдібектің шоқысы жатқан жер болса, Майқы би мен Төле би отауын тіккен жер болса, кешегі бір кер кезеңдерде отаршылдықпен қиян-кескі күрестің қан майданы өткен жер болса, аудан құрылғалы бергі уақытта осында талай-талай тамаша оқиғалар орын алса, талай-талай азаматтар ел игілігі жолында терін төге еңбек етіп, ризық арттырып келсе, тәуелсіздік тұсында таулы өлкенің тың тынысы ашылып, экономикалық-әлеуметтік дамуда толымды табыстарға қол жеткізіп, бір биіктен кейін бір биікке беттеп бара жатса, онда қалай болады?

Қалай болушы еді? Онда мұндай жер сонда дүниеге келген адамдар үшін ғана емес, бүкіл бір өңір үшін ғана емес, жалпы халық үшін де аса ардақты, аса аяулы болады. Қасиетті Қазығұрт – сондай жер. Әр қазақ, бар қазақ мақтан тұтатын ұлы мекен.

Құдай асып-тасып, адасқан адамзатқа ренжіп, топан суын жібергенде Нұх пайғамбарға әр жан иесінен бір-бір жұп­тан, әр өсімдіктен бір-бір талдан алып, кемеге отырғызуды тапсырып, су бетіне шығарған екен дейді ғой. Сол кеме, Нұх пайғамбар кемесі алып толқындармен арпалысып, аға-аға келіп, ақыр аяғында осы Қазығұрттың басына қайырлаған. Осы жерден адамзат қайтадан тараған. Еврейлер өз тауында – Синайда қайыр­лаған дейді. Армяндар өз тауында – Араратта қайырлаған дейді. Біз өз тауы­мызда – Қазығұртта қайырлаған дейміз. Және біздің тауымыздың биіктігі топан судың деңгейі көтерілетін, көтеріле алатын шамаға олардың тауларынан гөрі көбірек келеді дейміз. Бұған қоса оларда осы орасан оқиға туралы халықтық дас­тан тұрмақ, фольклорлық өлең де жоқ. Ал бізде бар. Бар болғанда қандай! Ол жырды әр қазақ баласы жатқа біледі. Сол тауды қасиет тұтып, керемет көреді. 

Осыдан дәл жиырма бір жыл бұрын, халық тарығыңқырап тұрған тұста кешегі өткен ер ағамыз – қайран Шерағамыз ел газеті «Егемен Қазақстанның» бетінде: «Ел-жұрт Қазығұрттың қадіріне жетіп, киесіне табынып, ауданның жетпіс жыл­дығын атап өте ала ма, жоқ па? Аудан­ның жетпіс жылдығын атап өту – Қазы­ғұрттың мерейін асыра түсу. Қазығұрт арқылы халық рухтанады. Мына заманда анау жоқ, мынау жоқ деп жүні жығыла бермей, адамдардың еңсесін көтеріп, елін, жерін сүюге, сол арқылы кең-байтақ Отанды сүюге шапағат болады», деп жазып еді. Ел-жұрт Қазығұрттың қадіріне жетті. Ауданның жетпіс жылдығы аталып өтті. Күре жол бойындағы биікке, Қазы­ғұрт асуына «Кеме қалған» атты алып ескерткіш қойылды. Қазығұрт арқылы халық рухтанды. Сексен жылдық та өтті. Қазығұрттың аты ардақтала түсті. Туристік нысанға, тәу етер орынға айнала бастады. Тоқсан жылдық та жетті. Қазығұрттың қанаты жайыла түсті. Малы мен егінінен басқа ештеңесі жоқ жердің өзінде жаңа құрылыстың бой көтеруі көбейді. Солардың бір парасын кешегі той күндері көрдік, қуандық. Аудан орталығындағы «Қазығұрт» мону­менті, «Болашақ» мөлтек ауданын­дағы көп пәтерлі төрт тұрғын үй, өнер мек­тебі, дене шынықтыру-сауықтыру ке­шені сияқты тамаша құрылыстар қазы­ғұрттықтардың мерекеге лайықты дайын­далғанын дәлелдейді.

Жақсылықтардың жалғаса беретіні­не біз кәміл сенеміз. Өйткені, Қазығұрт жер төресі ғана емес, Қазығұрт әрі ел төресі. Мұнда момын, еңбекқор, қақ-соқсыз, көп сөзсіз ел тұрады. Ол ел көңілін тек адалдыққа, жақсылыққа, тазалыққа бұрады. Осы қасиетті таудың бауырында туудың өзі адамға салмақ салып, ізгілікке шақырып тұрады. Солай болып келеді. Солай бола беруге де тиіс. Әбіш ағамның – кемеңгер Кекілбаевтың жас кезінде жазған бір өлеңі «Аласарып кетердей болса қауіп, Алатауға қараймын ауық-ауық» деп басталушы еді. Соны еске салып, аудан мерейтойына арналған ғылыми конференцияда: «Асыл ағамыз айтқандай, біз де әрқайсымыз мына күйкі тірліктің күйбеңінде жанымызға кір жұқтырып, көңілімізге кірбең түсіріп алмау үшін ауық-ауық Қазығұртқа қарап қойып жүрейік, бауырларым!» дедік. Шүкіршілік, мұндағы жұрттың бойында жақсы мінез жеткілікті. Солардың бі­­­­реуіне ғана мысал келтіре кетсек дейміз. 

Сафари жанрын қазақ әдебиетінде орнықтыруымен үлкен іс тындырған қабырғалы қаламгер, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Әлібек Асқаров – Қатонқарағайдың тумасы. Алтайға талай барып, сол ғажап мекеннің түкпір-түкпірін армансыз аралағанбыз. Сол жүрістерімізді арқау етіп, «Егемен Қазақ­станның» бетіне «Көккөл», «Шын­ды­ғатай», «Мұзтау», «Шабанбай», «Мар­қакөл» эсселерін жариялады. 2016 жылы Әлібекті туған жеріме – Қазы­ғұрт­қа шақырғанмын, ол жерден де ел назарын аударған көлемді эссе шығарды. Енді сырт көз сыншыны тыңдап көрейік.

«Шүкір дейік, Оңтүстік – өркені асып, тірлігі тасыған, Құдайдың назарын­дағы, бақыттың базарындағы ел екен. Қай жерге барсаң да шекарадан қарсы алып, шекараға дейін шығарып салған құрметтің куәсі болдық. Бұл өңірде сонау балапан басына, тұрымтай тұсына қашып, өткел таппай үріккен тоқса­нын­шы жылдардың қиындығында да ел іргесі сөгілмепті. Жаңа заман шақша­д­ай басты шарадай қылып, нарық деген аш бөрідей бүйірден қысқан кезде де ірге алдырып, береке мен бірлікті жоғалтпапты. Ескен жел жоқ, көшкен ел жоқ. «Көрмейін десем көзім бар дегендей», өзге өңірлерді де іссапармен аралап, көріп-біліп жүрміз ғой… Қазақ ауылдарының біразы аузы үңірейіп, терезесі саңырайып, бейнебір белгісіз жау тапап өткендей қирап қалған. Ал оңтүстіктің елінде ауылды иесіз тастап көшу деген, ауылдан кету деген ұғым санада жоқ сияқты. Қайта, қайсыбір ауылға барсаң да бұрқыратып коттедж­дер мен үйлер салып, құрылысты қарқындатып, асфальтты аршындатып, абаттандырып, жайнатып жатқан тірлікке қанасың. Ең бастысы – ағайын арасы тату, ауыл абыройлы, ел еңсесі биік, шеңбері берік. Сауыны мен бәсіресі жайылыста. Сол жайылысы мен жайлауы да тотыдай түрлене түскен. Бәрін көрдік! Көрдік те, елдің тіршілігіне риза болдық, бет сипадық, тәубе еттік. Осындай игілікті істермен көзіміз ашы­лып, көңіліміз ағарып қайтты. Жүрек­ке қуаныш ұялатқан бір жағдайды айта кетпесе тағы болмас… Оңтүстік жұртшылығының біз жүздескен азаматтары: «Қазығұрт жұртының мінез-құлқы өзгеше, қазығұрттық екені іс-әрекеті мен сөйлеген сөзінен-ақ аңғарылып тұрады», дегенді айтты. Іздеп келгеніміз, зерттеп жүргеніміз Қазығұрт болғасын, біз де бұл әңгімеге құлақ түріп, қызықтай түскенбіз. 

– Қазығұрттықтар кеңпейіл, бауыр­мал, ізетті келеді, – деді осы жердің тума­сы Әли Бектаев досымыз. Әлидің сөзі маған өткен бір жылдары Ұяға бар­ған сапарымызды тағы да еске салған. Аядай ауыл өнерпаздарының күшімен ұйымдастырылған концертті тамашалап, басқа да түрлі мәдени іс-шараларға қатысып, елмен емен-жарқын араласып жүргенде қалтамнан ұялы телефоным түсіп қалыпты. «Айфон» дейтін мар­каның енді шығып жатқан кезі, Алма­тыда да, Астанада да ол телефонды көп­шілік әлі біле қоймаған. Ма­ған Бей­жіңде жұмыс істеп жүрген күйеу балам сыйлаған-ды. Өзі удай қым­бат дүниенің қалтамнан түсіп қалға­нын Шымкентке келгенде бір-ақ аңға­райын… 

– Қазығұртта қалғаны рас болса, табылады. Көресің, ертең өздері әкеліп береді! – деген, сол жолы да қасымызда бірге жүрген Әли Бектаев. Біреуге табыс­тап кеткендей-ақ сөзі нық, өзіне сенімді. Әлекең дос ретінде көңіл-жықпастықпен айтып тұр ғой деген оймен: – Әлі ешкімде жоқ мықты телефон еді! – деп мен «қош айтысқандай» өкініш білдірдім. – Қазығұртта ондай жағдай болмайды! – деп Әли де айтқанынан қайтпады. Мен ертесінде таңертең қызмет бабымен шұғыл Астанаға ұшып кеттім. Өзге жұрт бірер күн демалмаққа Сарыағашқа жол тартты. Айтқандарындай-ақ, сол күні кешке телефонды балалар шөп арасынан тауып алып, ауылдың әкіміне әкеліп табыстапты. Әкім келген қонақтың бірінің телефоны екенін сезіп, ертеңінде телефонды арнайы кісімен Сарыағашқа жібереді. Ол кісі телефонды Фариза Оңғарсынова апамыздың қолына тапсырады. Фариза апам Астанаға қайтып келген соң әдетінше іні-қарындастарын қонаққа шақырып, жиналған жұрттың көзінше телефонды «сүйіншілеп» маған қайтарды. «Әлібек, мен бұл оқиға туралы өлең жазамын. Ол өлең «Басында Қазығұрттың сотка қалған» деп басталатын болады», деп бәрімізді ду күлдірсін… 

Қазығұрттықтар алдымен ырымшыл жұрт екен, содан кейін намысшыл екен. Таулық ағайындармен бірер күн араласқанымызда, ондай әйбат мінез-дерін біз де байқағанбыз. Өрнекті ой ие­лерімен, өрелі сөз иелерімен кезде­сіп, жүрек ашып шешіле сөйлесіп жүрдік. Қысқасы, адам бойынан ізгілікті көре білу, жақсылықты тани білу үрдісін қа­зы­ғұрттықтар көптен бері өзде­рі­нің өмір салтына айналдырыпты... Қазы­ғұрт Алланың шапағаты түскен, Пайғам­бар­дың кемесі тоқтаған әулие тау ғана емес, жаныңа жапырақ жаяр жақсылар мекені екеніне де көзімізді жеткізіп қайттық».
Әлібек көлемді толғауын өстіп барып аяқтайды. 

Былайша қарағанда ұсақ мысал сияқ­ты көрінетін осы жай талай ойға жетелейді. Үшінші мыңжылдыққа дәл осындай кеңдікпен, дәл осындай таза­лықпен жеткен қазақтай халық бар ма екен мына жердің бетінде? Сол кең­дік, сол тазалық сексен жылдай сілік­пеңді шығарып, сүтіңді төккен кешегі кер кезеңдерде де қазанның қырына қататын қаймақтай болып осы Оңтүстікте қалып қойғандай көрінеді. Сол қаймақ тәуелсіздік тұсында жаңа өмір бастаған Қазақ елінің ұйытқысына айналғандай да сезіледі санамызға. Сол ұйытқының да ұйытқысы бар, оның аты – Қазығұрт. 
Қазығұрт – өмірге құштарлықтың сим­волы. Адамзатты түзелуге, түлеу­ге, жаң­ғыруға, жасампаздыққа ұмтыл­ды­ра­тын ұлы ұстаным. Жаңа қоғам құрып, жаңа заманға ауысып, рухани жаңғыру жо­лына түсіп жатқан жас мемлекетімізге Қазы­ғұрт қасиеті бұрынғыдан да көбірек керек.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

Мәжіліс депутаты

Соңғы жаңалықтар